Иә, биылғы талапкерлер асыға күткен ақпарат жарияланды. Бұл ақпараттың маңызы сол, онда жоғары білімнің барлық деңгейі (бакалавриат, магистратура, докторантура) бойынша 2024 – 2025 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлу туралы мағлұмат берілген.
Сонымен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2024 – 2025 оқу жылында жоғары оқу орындарында білім алуға бас-аяғы 112 мың грант бөлінген. Оның ішінде бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант қарастырылған. Ал магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға 1 900 аса грант бөлінді.
Ал сөз басында туындаған «Жаңадан қандай мамандықтарға гранттар бөлінді?» деген сұрағымызға министрлік таратқан ақпаратындағы мынау жолдардан жауап тапқандай болдық. Онда: «Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» білім бағдарламасы топтары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінді. Осыған қоса «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бар. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітірген соң, грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқытуға мақсатты білім гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау, Маңғыстау облысы түлектеріне тиесілі», делінген.
Енді «Жоғары білімнің қай деңгейінде қандай мамандықтарға грант көп бөлінген?» деген сұраққа келсек, бакалавриат бойынша гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім бағдарламасы топтарына бөлінді, оның саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 8 288 грант қарастырылған. Еліміздің көп өңірінде су тасқынынан халық пен жайылымдық жерлер, егін алқаптары зардап шегіп жатқан шақта су, мал, өсімдік шаруашылығы мамандарын даярлауға грант саны артқан болар дедік. Үміт алдамапты, соншалықты көп бөлінбесе де, былтырғыдан саны артқан. Мысалы, былтыр «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мамандар даярлауға барлығы 1967 грант қарастырылса, биыл 2 311 грант бөлініпті. Бұл бағыттағы мамандықтарда өсімдік, мал, орман, балық шаруашылығының, «Су ресурстары және суды пайдалану», «Агроинженерия» мамандары даярланады. Биыл көбейді десек те, жоғарыдағы 20 мыңға жуықтайтын мамандықтардың жанында «жіп есе алмай» қалатыны тағы бар.
Магистратурада оқуға бөлінген гранттар тізіміне келсек, мұнда да бакалавриаттағыдай «Инженерлік, өңдеу және құрылыс» салалары бойынша мамандықтарға ең көп грант (3227) бөлінген. Одан кейінгі ретте «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша мамандықтар (3347) қарастырылған. «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» салаларындағы мамандықтарға – 1265, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» салаларындағы мамандықтарға 1235 грант бөлінді. Ал ең аз грант бөлінгені – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» (225), «Қызмет көрсету» (315) салаларындағы мамандықтар.
Докторантура туралы айтсақ, жоғары білімнің бұл деңгейінде де техникалық мамандықтарға басымдық берілген. «Инженерлік, өңдеу және құрылыс» салалары бойынша мамандықтарға – 455, «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша мамандықтарға – 356, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» мамандықтарына 259 грант бөлінген. Ең аз грант «Қызмет көрсету» (36), «Ветеринария» (20), «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» салаларындағы мамандықтарға қарастырылды.