Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов брифинг өткізді. Онда коалицияның атқарып жатқан жұмыстары сөз болды.
Спикердің сөзіне қарағанда, биылғы жылы Астанаға іргелес Аршалы ауданына қарасты Арнасай ауылында «Арнасай – жасыл алқап» жобасы жүзеге асырылады екен. Аталған алқапта еліміздегі ең үздік әрі тиімді, оған қоса қолжетімді жасыл технологиялар шоғырландырылып, жинақталатын көрінеді. «Бүгінде жасыл технологиялар шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін олар Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында әлеуметтік нысандарда бірталай жасыл жобаларды жүзеге асырды», деді А.Сүлейменов.
Коалиция директорының сөзіне қарағанда, енді осынау озық жобаларды біртіндеп бизнеске ендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Осы сұрақтар төңірегінде жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының басшыларымен кездестік. Сөйтіп, елордадан 35 шақырым жерде Арнасай демоалаңын құруға келістік. Осы жерде жасыл технологиялардың ең үздіктері жинақталады деп күтілуде», деп сөзін жалғады ол.
Брифингте айтылған тағы бір жаңалық, биылдан бастап елімізде жасыл технологияларға негізделген қазіргі заманғы жылыжайлар құрылысы басталады екен. «Қазақстанда «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы іске асырылуда, ол жасыл технологияларды трансферттеуді қарастырады. Осы бағдарлама бойынша коалиция бүгінде ресейлік әріптестерімен бірлесіп, екі технологияны ендірді. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технология жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, бұрын-соңды елімізде болмаған күн био-вегетарий құрылысы қолға алынады. Бұл – аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын қазіргі заманғы жылыжай», деді А.Сүлейменов.
Атқарушы директор журналистердің көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға да жауап берді. «Жасыл» экономиканың елімізде барынша дамытылып жатқанын назарға алып, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі жөнінде де әңгімеледі. Айтулы шараға еліміздің ғалымдары айрықша дайындалып жатқанын айтып, отандық өнертапқыштардың еңбегіне тоқталды. «Отандық әрбір рационализатор өзі ойлап тапқан дүниесін патенттеуге өте ұқыпты болуы тиіс. Оны заңдастырып алған соң шетелдік немесе отандық компанияларға сатуды меншік иесі өзі шешеді. Осы орайда айта кетерлігі, өнертапқыштардың экономикаға, экологияға тиімді жаңа заттарын өз елімізде өндіруге отандық компаниялар да ынталы екенін айтқым келеді», деді ол.
Коалицияның баспасөз қызметі таратқан ақпараттағы дерекке қарағанда, 2015 жылы «Жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы бірнеше қонақ күту үйлерін салуды, ғимараттар мен тауарларға экомаркировка жасауды қолға алуды көздеп отырған көрінеді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».