Арал теңізінің табанынан қазылатын тұздың дәмі көп мемлекеттің ас мәзірінде жүр. Ал Қызылорда қаласында орналасқан «Алтын Орда» ЖШС – йодталған ас тұзын өндіруде көшбасшы компаниялардың бірі. Аталған серіктестік 1997 жылдан бері жұмыс істейді.
Бұған дейін көптеген бизнес жобаны іске асырып келген серіктестік 2016 жылдан бастап барлық талап пен сапа стандарттарына сәйкес «Ассоль» және «Сафия» брендтерімен ас тұзын өндіреді. Кәсіпорында екі зауыт бар. Алғашқысы 2016 жылы іске қосылып, сағатына 3 тонна тұз шығара бастады. Ал осыдан екі жыл бұрын сағатына 10 тонна өнім шығаратын заманауи цех орнатылып, екінші зауыт жұмысын бастады.
«Бастапқыда өнім көлемі аз болды. Бірақ, ең бастысы, сапаға ғана жұмыс істедік. Бұл үрдіс әлі де жоғалған жоқ. Қанша мың тонна ас тұзын шығарсақ та, алдымен тұтынушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына кепілдік береміз. Яғни шикізат пен өзге материалдарды 100 пайыз қадағалап отырамыз. Соның арқасында 2021 жылы компания Президенттің өнімдер мен қызметтер сапасы саласындағы «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы болды. Ал былтыр жыл соңында республикадағы «Ұлы Дала Елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазы атандық», дейді кәсіпорын директоры Нариман Абжанов.
Оның айтуынша, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапары кезінде зауытта болып, кәсіпорынның әлеуетіне жоғары баға беріпті.
Компанияда 150-ден астам адам жұмыс істейді. Серіктестіктің мақсаты да сол, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берген. Орташа айлық 170 мың теңге көлемінде. Сондай-ақ кәсіпорын өңірдегі көптеген қайырымдылық шарасында да белсенді. Серіктес компаниялармен бірігіп, өлкенің өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосып келеді.
«Кәсіпорын ішкі нарықта, яғни барлық өңірді қамтып отыр. Сондай-ақ өнім сырт мемлекеттерге де тасымалданады. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етіп жатыр. Қазір біздегі «Ассоль» және «Сафия» сауда белгісімен дайындалатын ас тұзы Ресей, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттеріне және Балтық елдеріне жіберіледі. Экспортталатын мемлекет қатарына тағы бір ел қосылды. Ол – Қытай Халық Республикасы. Мамыр айының басында өнімді бірінші рет сонда жібердік. Айта кету керек, Қытай елі ең бірінші өнім сапасына, оның табиғилығына аса қатты назар аударады. Осындай талаптардан өткен біздің өнімді алдағы уақытта тағы да көптеген елге жіберу туралы жоспарымыз бар», дейді кәсіпорын басшысы.
Компания ас тұзынан бөлек, техникалық тұз да өндіреді. Тапсырыс аясында жылына 60 мың тоннаға дейін дайындайды. Бұл өнім Қазақстаннан бөлек көбіне-көп Ресейге жөнелтіледі. Қысы қатты, қар көп жауатын елдің жол тазалау жұмыстарына пайдаланылып, көктайғақтың алдын алса керек. Сондай-ақ әртүрлі өндіріс орны мен мұнай компаниясынан да тапсырыс жиі түсіп тұр.
Айта кетейік, аталған кәсіпорынның нағыз шикізаты өңірден қазылып алынады. Облыс аумағы мен Ұлытау облысы шекарасына жақын, Қызылорда қаласынан 180 шақырым жердегі «Арыс» кен орнынан зауытқа арнайы техникамен тасылады.
Алдағы жоспарларымен бөліскен Нариман Абжанов ендігі мақсат – үшінші тұз өндіру зауытын іске қосу екенін айтып отыр. Осы арқылы ас тұзын өндіру межесін жылына 100 мың тоннаға дейін жеткізбек. Оған кәсіпорынның ішкі мүмкіндігі де жеткілікті екен.