Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Экспортты қолдап, инновацияны ынталандырады
Шикізаттық емес экспорт көлемін арттыру – ел экономикасын әртараптандырудың негізгі факторының бірі. Үкімет отырысында осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады. Қазір шикізаттық емес экспорт бойынша мақсатты көрсеткішке қол жетті және 3%-ға асыра орындалған. Экспорттық позицияның саны 278-ге артты. 2019 жылдан бері тауарын тұрақты әрі белсенді экспорттаушылар саны 300 компанияға, яғни 460-тан 760-қа дейін өскен.
Былтыр шикізаттық емес тауарлардың экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді. Азия елдеріне дайын өнімдерді жеткізу көлемі де артты. Қытайға – 8%, Оңтүстік Кореяға – 26%, Вьетнамға – 46%. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені өңделген өнімдерін жеткізудің нақты мөлшері де өскен. Ұн – 1,1%-ға, күнбағыс майы – 55,5%-ға, ал сусындар 42,8%-ға артқаны байқалады. Сауда министрлігі экспортты одан әрі ұлғайту үшін негізгі бағыттарды анықтады.
Әуелі, ортамерзімді келешекте Қытайға жіберілетін дайын өнім экспортын 2,5 есе кеңейту және 12,5 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша күшейтілген жұмыс жалғасады. Ол үшін шекара маңындағы сауданың қажетті инфрақұрылымы құрылады. Сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінде сұранысы жоғары тоңазытылған қой еті, құс еті және субөнімдер сияқты жоғары маржалық тауарларды жеткізуді де ұлғайту жағы пысықталып жатыр. Отандық азық-түлік және органикалық өнімдерді сатып алуға дайын Еуропалық одақтың жоғары бәсекеге қабілетті нарықтары да басым бағыт саналады.
Отандық экспорттаушыларды дайындау үшін Сауда және интеграция министрлігі нарықтың кәсіби қатысушыларымен бірлесіп, «QazTrade» АҚ базасында сауда акселераторын іске қосады. Аталған институт базасында жыл сайын 450-ден аса компания қолданатын сервистік шаралар шоғырланған. Осы және басқа да кешенді іс-шараларды іске асыру белсенді экспорттаушылар санын арттыруға мүмкіндік береді деген үміт бар.
Премьер-министр биыл жоғары көрсеткішті, яғни экспорт деңгейін 37,7 млрд долларға дейін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. 2025 жылға қарай өңделген өнімдер мен қызметтер экспортының көлемі 41 млрд долларға дейін жетуге тиіс.
«Біз бұдан да биік мақсаттар қойып, аталған жоспарларды асыра орындауға тырысуымыз керек. Бұл жұмысқа барлық мүдделі министрлік, әкімдік, әсіресе бизнес белсенді атсалысуға тиіс. Шикізаттық емес экспортты дамытуда жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортына баса мән беруіміз қажет. Егер мұқият қарайтын болсақ, қызмет көрсету экспортының көлемі орнықты өсіп келеді. Былтыр шамамен 30%-ға артты. Ал шикізаттық емес тауар экспорты өткен жылы керісінше 5,7%-ға төмендеді. Тауар импорты 21,5%-ға артқан. Көріп отырғандай, айырмашылық 2 еседен асады. Бұл сауда балансына теріс әсер етеді. Сондықтан жоғары деңгейде өңделген тауарлардың өндірісі мен экспортын ұлғайту қажет. Перспектива мен мүмкіндік жеткілікті. Отандық өндіруші мен экспорттаушыға қолдау көрсетуіміз керек», деді О.Бектенов.
Бүгінде экспорттаушыларды қолдаудың 20-дан аса құралы – сақтандыру, қаржылық және сервистік құралдар жұмыс істейді. Отандық өнімді өткізу нарығын кеңейтіп, шетелде экспортты барынша тиімді ұсына білу қажет. Осыған байланысты кейбір серіктес елдерге сауда өкілдері жіберіліп жатыр. Алайда бұл жұмыстың баяу жүріп жатқаны байқалады. Енді оны барынша күшейткен ләзім.
Олжас Бектенов Қытаймен сауда қатынастарын кеңейту туралы соңғы уағдаластықтарды еске салды. Бұл бағыттың келешегі жоғары екенін атап өтіп, Сауда, Сыртқы істер және Қаржы министрліктеріне 1 шілдеге дейін Бейжіңге сауда өкілдерін жіберуді және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырды.
«Орташа және жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортын қолдауға баса назар аудару қажет. Экспортты қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларын күшейтіп, инновацияны ынталандыру мен өндірісті кеңейтудің маңызы зор. Мұнда отандық тауар өндірушілерді қолдау шарасының рөлі маңызды болуға тиіс. Бұл шара қазір пысықталып жатыр. Жалпы, бізге сауда саясатында тың әрі батыл тәсілдер қажет», деп түйіндеді сөзін.
Үкімет басшысы мәселені қарау қорытындысына сәйкес, мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Біріншіден, Сыртқы істер және Өнеркәсіп министрліктері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар бірге бір ай мерзімде отандық тауар экспортының нарықтарын әртараптандыру мәселесін пысықтасын, ал биылғы 1 тамызға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын енгізуге тиіс. Екіншіден, экспортқа бағдарланған елдерде импорттаушыларға қойылатын талаптарға ұдайы мониторинг жүргізіп, өз кәсіпкерімізді жүйелі түрде уақтылы хабардар етіп тұру қажет. Үшіншіден, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге экспорттаушылар үшін кедергілерді азайту керек. Әсіресе ел ішінде және шетелдерде әкімшілік және кедендік рәсімдерді оңайлату мен цифрландыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізген ләзім. Төртіншіден, шикізаттық емес тауарды тиімді экспорттау үшін Көлік министрлігінің көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруі маңызды.
Жазғы каникул мағыналы өтеді
Отырыста Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу туралы, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев балалар туризмі мен бұқаралық спорт түрлері туралы айтып берді. Биылғы оқу жылын 3,8 млн бала аяқтағалы отыр. 186 мың оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. «Алтын белгі» белгісіне 7,7 мың түлек үміткер.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3,5 мыңнан аса оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға жылдық негізде қойылады. Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккен және қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқыған 2,6 мың мектептің 832 мың оқушысы үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады. Бұл білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін жасалады.
Балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде ұйымдастырылады. Республикалық және өңірлік штабтар құрылған. Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. 2,9 млн бала жазғы демалысты 10,7 мың демалыс орталығында өткізеді. Балаларды үйірмелермен қамту және бос уақыты мен жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар туралы бірқатар облыс әкімі баяндады.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр аралық және қорытынды емтихандарды, ҰБТ-ны сапалы ұйымдастыруды қамтамасыз ету, балалардың толыққанды демалуына, сауығуына және олардың білім алуына барлық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026 жылдың соңына дейін 50 балалар сауықтыру лагері құрылып, балалардың инновациялық шығармашылығына арналған 100 орталық салынады. Қостанай, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жыл бойы жұмыс істейтін 2 лагерь мен 9 шығармашылық орталық ашылды. Президент тапсырмасының белгіленген мерзімде нақты орындалуын қамтамасыз ету Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктерге тапсырылды. Негізгі басымдық – балалардың қауіпсіздігі.
«Балалар демалысы, бос уақытты өткізу орындары, орталықтар, оқушылар мен шығармашылық сарайлары көпфункциялы болуға тиіс. Олар балалардың жан-жақты, зияткерлік, шығармашылық әрі физикалық жағынан дамуын қамтамасыз етуі керек. Барлық нысан сауықтыру маусымының ашылуына толық әзір болғаны ләзім. Ол үшін өңірлік штабтар лагерьлердің санитарлық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай келуін бақылауы қажет. Балалар лагерьлерінде, бұқаралық орындарда бақылау камералары жұмыс істеп тұруға тиіс. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне толық кепілдік берілуге тиіс», деді Үкімет басшысы.
Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдіктері тиісті қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады. Балалармен жұмыс істейтін мамандарды мұқият іріктеу мәселесі қаралды.
«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, балалардың жазғы демалысы мен оларды еңбекке баулу барлық жерде бірдей тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды. Жұмыс көбіне есеп беру үшін атүсті жүргізіледі. Танымдық және мазмұнды іс-шаралар аз. Олардың сапасы нашар, балалардың қызығушылығы мен бейімін ескермейді. Қауіпсіздік және санитарлық талаптар бойынша шешілмеген мәселелер бар. Бұл проблемаларды 1 маусымға қарай шешу керек», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы ата-аналар демалыс нысандары, лагерьлер және балаларға арналған бос уақытты өткізу орындары туралы толыққанды ақпаратқа қол жеткізе алмайтыны туралы айтты. Осыған байланысты Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Цифрландыру министрліктеріне балаларды лагерьлермен, үйірмелермен, секциялармен, сауықтырумен және бос уақытты өткізумен қамту бойынша бірыңғай электрондық платформа құру жұмысын аяқтау тапсырылды. Мүдделі мемлекеттік орган мен әкімдік басшыларына қатаң бақылау мен үйлестіруді қамтамасыз ету жүктелді.
Бірінші – өңір әкімдері балаларды, ең алдымен әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды жазғы демалыспен және еңбекке баулумен барынша қамтуға тиіс. Демалыс кезеңінде балалардың музей, театр, қорық, ұлттық парк пен спорт нысандарына тегін баруын қамтамасыз ету қажет. Екінші – ауыл балаларының бос уақытына ерекше назар аудару керек. Олар үшін спорт алаңы, дамыту орталықтарын жабдықтап, бос уақыттағы мәдени іс-шара және басқа да бастамаларды ұйымдастыру керек. Үшінші – Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат құжаттары жоқ жазғы сауықтыру ұйымдарының жұмыс істеуіне жол бермеуге тиіс. Балаларды тамақтандырудың сапасын үнемі санитарлық-эпидемиологиялық бақылауда ұстау қажет. Төртінші – Оқу-ағарту министрлігі Туризм министрлігімен бірге әр облыстан келетін балалардың еліміздің танымал туристік аймақтарына, тарихи-мәдени мұра нысандарына баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестіруі керек.