Қоғам • 21 Мамыр, 2024

Туған жердің құрметі

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза сынды қазақтың тең­дессіз тұлғалары дүниеге келген Жуалы топырағында қа­ламға серт берген қаламгерлер аз емес. Олардың бір шоғыры ме­­рей­лі жетпіс жасқа жетіп отыр. Мерейжасқа жеткен­ қалам­гер­лерге жерлестері мен жергілікті билік құрмет көрсетті.

Туған жердің құрметі

Доқтырхан Тұрлыбек, Тал­ғат Айтбайұлы, Толымбек Әлім­бекұлы, Талғат Сүйінбай бастаған қаламгерлерді алдымен Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза арнайы қабылдап, мерейтой ие­ле­рін құттықтады. Бұдан әрмен қарай журналистика мен әдебиетте қатар жарқыраған қаламгерлер туған жер төсіндегі іс-шараларға қатысты.

Тәттібай Дүйсебай аулында жазушы-журналист Талғат Сүйін­бай­дың 70 жасқа толуына орай «Тұлғаларға тұғыр берген қалам­гер» атты әдеби-сазды кеш ұйым­дас­тырылды.

Іс-шара барысында мәдениет үйі қызметкерлері Талғат Сүйінбайдың шығармашылық жолына тоқталып, қаламгердің кітаптарына шолу жасады. Аудандық мәслихат төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева жерлес қаламгерге құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді. Іс-шара барысында Т.Сүйінбайдың сынып же­текшісі мен сыныптас достары қа­л­амгер туралы естеліктерімен бөлісті.

Кездесу барысында ауыл оқу­шылары өнерлерін ортаға салды. Бірі би­ билесе, енді бірі қаламгерге арнаған өлеңдерін оқы­ды. Іс-шараның со­­ңын­да оқу­шы­лар көкейлерінде жүрген сұ­рақ­тарын қойып, тұшымды жа­уа­п алды.

Бұл күні Жуалы ауданының құрметті азаматы, белгілі қалам­гер Тал­ғат Айтбайұлы туған аулы Қошқарата елді мекенінде оқырмандарымен кездесуге қатысты. «Жомарт түлек» жобасы аясында өзі білім алған №9 Абай атындағы орта мектеп оқушыларымен жүздесіп, «Туған өлке тарихы» музейінің ашылуы­на қатысып, ұстаздарға және білім алушыларға ізгі тілегін жеткізді. Қаламгердің мерейтойына арналған іс-шара мәдениет үйінде жалғасын тауып, Т.Айтбайұлы жерлестері тарапынан туындаған түрлі сауалға жауап берді. Балалық шағы мен шығармашылық жолы туралы қызықты естеліктер айтты.

«Түркі әлемі» халықаралық телекомпаниясының бас дирек­торы, жазушы Доқтырхан Тұр­лыбек те ауылдастарымен жүз­десіп, жерлестерінің құрметіне бөленді. Ол Қарасаз аулындағы Пушкин атындағы орта мектептің ұжымымен кездесуге қатысып, авторлық кітаптарын мектеп ұжымына табыстады.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы