Пікір • 22 Мамыр, 2024

Көші-қонның тың мүмкіндіктері

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа құжат халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы одан әрі же­тілдіруге бағытталған. Маңызды тұсы – Үкімет ай­қын­дай­тын өңірлерге қоныс аударатын адамдарға шаруа немесе фермер қо­­жа­лығын жүргізу үшін жер телімдерін конкурстан тыс тәртіппен беру тетігі.

Көші-қонның тың мүмкіндіктері

Фото: primeminister.kz

Заң негізінде еліміздің халқы тығыз өңірлерінен жұмыс күші тапшы облыс­тар­ға, солтүстікке қоныс аудару­шыларға және олардың отбасы мүше­ле­ріне мемлекеттік қолдау ретінде кө­шуге субсидия, тұрғын үй жалдау, ком­му­налдық қызмет төлемдерінің шы­ғын­да­рына өтемақы қарастырылады. Ол үшін банк­терде арнайы есепшот ашы­лып, қара­жат аударылады. Олар әрі қарай сол ақшаны пайдаланып, жұмысқа тұ­рып, өмірін жалғастырады. Оған қоса эко­но­микалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсетіледі.

Ал жер учаскесі құжатқа сәйкес қо­ныс аударушыларға Үкімет айқын­да­ған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқамерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Егер 5 жылдан кейін осы азамат сол мекенде қалуды ұйғарса, шарт ұзақ мерзімге жасалады. Ал бастапқы бес жыл мерзім ішінде ол сол өңірден көшіп кетсе, онда жасалған шарттар тоқтатылады.

Сондай-ақ бізге Иран, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстаннан келіп жат­қа­н этностық қазақтардың төл құ­жат­тарында ұлты көрсетілмейді. Бұл бізге қиындық туды­ратын. Жаңа құжатқа сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға тиісті құ­зырет бекітілді. Осы норма негізінде ми­нистрлік арнайы қағиданы әзірлеп жатыр. Яғни қандас мәртебесін беру ереже­сі қарастырылып жатыр.

Жергілікті атқарушы органдарда қандас мәртебесін беретін арнайы комис­сиялар әңгімелесу барысында өтініш беру­шінің шыққан тегіне қатысты сауал­дар жолдау арқылы көз жеткізеді. Комис­сия күмәнданған жағдайда арнайы са­рап­тама жасалады. Ол шамамен 45 мың теңгені құрайды. Әрі бұл қаржыны өтініш беруші өз қалтасынан төлейді.

Айта кетерлігі, қандастар арасында ғылыми дәрежесі бар ға­лымдар немесе зерттеушілер болуы мүм­кін. Оларға Үкімет айқындаған өңірлерде 5 жыл тұру бекітілмейді. Жұмыс барысын­да өзге аймақтарға бару керек болып жатса, қаражатты қайтару мәсе­лесі қарастырылмайды. Негізі мұн­дай жағдай көп кездесе бермейді, мәселен, өт­кен жылы осындай бір ғана азамат қан­дас мәртебесін алуға келді.

Бұған қоса жесір әйелдердің кү­йеуі кезінде этностық қазақ болса, аза­мат­тық алу мүмкіндігі көзделген. Олар нор­ма­ға сәйкес квотаға тіркеліп, Үкімет қаражатын ала алады.

 

Асқарбек ЕРТАЕВ,

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы