Құрылыс • 21 Мамыр, 2024

Ірі компаниялар үй салуға көмектеседі

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вице-премьер Қанат Бозымбаев, «Astana Group» негізін қалаушысы және төрағасы Нұрлан Смағұлов, «Банк ЦентрКредит» директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітов, «Jusan Bank» директорлар кеңесінің төрағасы және акционері Ғалымжан Есенов, «ҚазАзот» директорлар кеңесінің мүшесі Рүстем Аязбаев, «Qazaq Stroy» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев, «Alageum Electric» директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов Батыс Қазақстан облысында болды.

Ірі компаниялар үй салуға көмектеседі

Фото: baq.kz

Олар Орал қаласының су басқан саяжай массивтерін аралап, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлер салынып жатқан Теректі ауданының Подстепное аулына барды, сондай-ақ эва­куациялық пункттегі жергілікті тұрғындармен кездесті.

Өңірдегі су тасқыны жағдайы айтар­лық­тай тұрақтанды. 8,5 мыңнан астам адам үйіне оралды. Комиссия үй­лерді тек­серуді және залалды баға­лау­ды жал­ға­с­тырып келеді. Алдын ала мәлі­меттер бо­йынша 466 ЖТҚ және жал­ғыз тұрғын үй болып табылатын 2,5 мың­нан аса сая­жай үйі жөндеуге жат­пайды.

Қанат Бозымбаев үйлер мен саяжайларды бағалау мен техникалық тексеруді айдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Сырым, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында 357 үйдің құрылысы басталды. Әкімдік мердігерлік ұйымдарды анықтады. Үйлер тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сырым ауданында жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге 114 үйдің құрылысын «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырады. 75 үйді жергілікті жер қойнауын пайда­ланушы компаниялар салады: «Жайықмұнай», «Конденсат» және «Ақсай­ГазСервис». Тағы 71 тұрғын үйді «Қара­­­шығанақ Петролеум Опе­рей­тинг» ком­паниясы «Ақжайық» қоры арқы­лы салады.

Жалғыз баспанасынан айырылған сая­­жай тұрғындарының мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Қала әкімдігіне жаз біткенше сая­жай тұрғындарына арнап тұрғын үй салу немесе сатып алу тапсырылды. Ай­та кетейік, бұрынғы жерде үй­лер салын­байды. Ойпатты жерлерде ЖТҚ салу­ға тыйым салынады»,  деді Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Н.Төре­ғалиев.

Қанат Бозымбаев жүргізіліп жатқан жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

«Өңірге көрсетілетін көмекті ескере отырып, зардап шеккен әрбір отбасын қолдау шараларымен дереу және артық әуре-сарсаңсыз қамтып, барлық тиісті төлемдерді жүзеге асырып, тұрғын үй құрылысын бастауға кірісу қажет»,  деп тапсырды Қ.Бозымбаев облыс әкім­ді­гінде өткен кеңес барысында. 

Сондай-ақ кеңесте мемлекет тара­пынан қаржылай қолдау көрсету мәселесі қаралды.