Өңірде су тасқынынан ең көп зардап шеккен – Ойыл ауданының Қаратал ауылы. Ойыл өзенінің арнасынан шығуынан бір түнде 214 үй су астында қалды. Кезінде Шығанақ Берсиев тары рекордымен әлемге әйгілі болған Қараталдағы 173 үйді тұрғызуға 13 серіктестік белгіленіп, құрылыс жұмыстарына ауыл азаматтары шақырылды. Бұл күндері өзен арнасынан алыс, ауыл шетіндегі биік төбеде жаңа үйлердің іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызыла бастады. Бұдан өзге ауылдың 41 тұрғынының жаңа баспананы аудан орталығынан тұрғызуға білдірген ұсынысы қабылданды.
Үйлері тұруға мүлде жарамсыз болып қалған жұрт аудан орталықтарындағы сатылымға шығарылған үйлерге қоныстануға да келісті. Әйтеке би ауданында Болат Өтемұратов қорының қаржыландыруымен 22 отбасы үшін екінші нарықтағы үйлер сатып алынып жатыр. Солардың бірі – жас отбасы Берген Арқабай мен Гүлайым Төреғалиқызы аудан орталығы Т.Жүргенов ауылынан өздері таңдаған үйге кірді. Жалпы, Әйтеке би ауданында осы күндері 5 баспана сатып алынды.
Су тасқыны кезінде Ырғыз ауданынан 152 үй, 6 кәсіпкерлік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті. Әсіресе Нұра ауылдық округінің Нұра, Мамыр, Белшер, Тәуіп ауылдық округінің Құйылыс елді мекендері су астында қалды. Сәуірдегі тасқында 1 042 адам аудан орталығына көшірілді. Әлі күнге дейін 680 адам туыстарының үйінде, 362 адам эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. Комиссия шешімімен Ырғыз ауданының 138 тұрғыны 51 млн теңгеге жуық әлеуметтік көмек алды, суға кеткен 444 бас мал үшін өтемақы төленді. Материалдық шығынды есептеу жөніндегі комиссия қарауында әлі де 221 өтініш бар. Ырғыз ауданында мал және мүлік шығындарын есептеу жұмыстары аяқталмағандықтан, зардап шеккен тұрғындарға берілетін қаражат сомасы да өзгереді. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, үйлері мүлде жарамсыз 8 отбасы дайын үй алуға, 40-тан аса отбасы аудан орталығында салынатын үйге қоныстануға дайын. Ырғыз ауданындағы эвакуациялық орталықта тұрып жатқан Нұра аулы тұрғындарымен кездесуге келген өңір басшысы Асхат Шахаров: «Еліміздегі үш компания өңірдегі су тасқынының салдарын жоюға демеушілік етеді. Облыста Ырғыз ауданынан басқа жерде үй мәселесі шешімін тапты. Қазіргі міндет – үй салу, сатып алып беру және жөндеу жұмыстарын жүргізу», деп түсінік берді.
Мамыр айының ортасынан асса да, Торғай өзенінің суы үсті-үстіне келіп жатқан Ырғыз ауданы Нұра ауылдық округіндегі Белшер, Мамыр ауылдары тұрғындарына үй салуға жер телімдері бөлінді. Өзен табанында орналасқан Нұра аулының тұрғындары үшін Сарыоба деген жерден жаңа қоныс түседі. Көктемгі су тасқынында Темір ауданы Құмсай аулындағы 44 үйге су кірді. Материалдық шығындарды есептеу комиссиясының қорытындысымен Құмсайда 22 үй жаңадан салынып, 16 отбасы үшін екінші нарықтағы дайын үй сатып алынбақшы. Бүлінген баспаналарын өз күшімен қалпына келтіретіндігін мәлімдеген 6 отбасына тиесілі қаражат бөлінді. Құмсайдың жаңа үйлерін «Taf Company» ЖШС, «Мұғалжар Строй» ЖШС салуға кірісті. Құрылыс компаниялары облыста аз уақытта тұрғызылатын соншама үйді салуға құрылысшы қолы жетіспейтінін мойындады. Сол үшін де іргетас құйып, балшық илеуге, кірпіш қалауға ауыл азаматтары жұмысқа қабылданады.
Назар аударарлық жайт – өңірде су тасқынынан 170 ШОБ нысаны 2 млрд 990 млн теңгеге зиян шеккен. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік нысандарын қоспағанда, бизнестің басқа салаларында 79 нысан бүлінді. Су тасқынының зардабын жою жөніндегі комиссия Ақтөбе қаласының Алматы ауданында – 43, Астана ауданында 6 кәсіпкерлік нысаны зардап шеккенін анықтады. Тексеру қорытындысында алдын ала шығын көлемі 1 183,2 млн теңгені құрапты.
Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы құрылымдарына жаңа заңнамалық қағидалар бекітіліп жатыр. Осы саладағы шығындарды өтеу жөніндегі шешімді облыс әкімі жанынан құрылған комиссия шығарады. Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер шығындарын өтеуге осы жылдың 30 қарашасына дейін өтініш бере алады.
Ақтөбе облысы