Медицина • 23 Мамыр, 2024

Екі айлық сәбиге өмір сыйлады

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды дәрігерлері ауыр дертке шалдыққан екі айлық балаға күрделі операция жасап, сәбиге өмір сыйлады. №2 көпсалалы аурухананың дәрігерлеріне, кардиологиялық орталықтың хирургтеріне баланың ата-анасы алғыс ­жаудырды.

Екі айлық сәбиге өмір сыйлады

Сәбидің анасы баласының ауруханаға алғаш қаңтар айында түскенін, емханада жүрекке жа­салған ультрадыбыстық зерт­теуі негізінде «Тетрада Фалло» диаг­нозы қойылғанын айтады. Сол уақытта дереу ауруханаға жат­қызылып, бір айдан кейін опера­цияның бірінші кезеңін жасаған.

Кардиологиялық орта­лық­тың хирургтері жүйелі-өкпе анастомозы операциясының бірін­ші кезеңін жасады. Артерия тарылған жерде өкпе артерия­сына стент орнатылды. Бұл болашақта ақауды түзетуге және радикалды операция жасауға мүмкіндік береді екен.

– Сәби ауруханаға ауыр хал­де түсті. Біз операцияның бірін­ші кезеңін жүргіздік. Бұл соғып тұрған жүрекке жасалады. Операция бала­­­ның қалып­ты дамуына, жүрек­тің толы­ғы­мен түзетуге дайын­далуына көмектеседі. 4-5 айдан соң операцияның екінші кезеңін жа­сау керек. Бұл Фалло ақауын түбе­гейлі түзету­ге мүмкіндік береді, – дейді ­№2 көпсалалы аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Болатбекұлы.

Мамандар «Тетрада Фал­ло­ны» төрт анатомиялық аномалияны біріктіретін туа­біткен жүрек ақауы деп түсін­діреді. Қарыншалық перде ақауы, орта­ның ығысуы, оң жақ қарын­ша­ның стенозы және гипертрофия­сы. Жүрек ақауы қанның оттегімен қа­нығу деңгейінің біртіндеп төмен­деуіне әкеледі. Бүкіл ағзаның жұмысында өзгеріс пайда болады, иммунитет төмендейді, ми қызметі және ағзаның жалпы дамуы баяулайды. Науқастың жүрек ұстамасы кезінде денесі көгереді, жылдам тыныстай бас­тайды, мазасызданады.

Уақытында жасалған опера­ция­ның оң нәтижесінде мамандар кішкентай науқасқа туабіткен жүрек ақауын кезең-кезеңімен түзетіп, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік жасауға тырысты. Бұл операция қымбат әрі күрделі екен. Дәрі-дәрмек пен медициналық ем-шаралар көп уақытты қажет етеді. Оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында алады.

 

Қарағанды облысы