Жоба • 23 Мамыр, 2024

Оқушылар ойлап тапқан жоба

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңалыққа жаны құмар тараздық білім алушылар жаңа бір жобаны жүзеге асыруға ынта-шынтасымен кірісіп отыр. Айтуларынша, жасанды интеллект көмегімен қолға алынған жоба агросектордағы қордаланған бірқатар жұмысты жеңіл­детуге септігін тигізеді. Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселенің түйінін тарқатуға ықпал етеді.

Оқушылар ойлап тапқан жоба

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушылары Әнел Құмқай мен Асқар Әбдірахман ізденіс ізіне түскен. Олар жаңа технология мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, шалғайдағы елді мекен тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал ететін, экономика мен инфра­құрылымды өркендетуге арналған жобаны дүниеге әкелген.

Оқушылар келтірген дерекке жүгінсек, жоба арқы­лы егіншілік пен мал шаруа­шылығындағы кісі күшін көп талап ететін жұмыстар автоматтандырылмақ. Сондай-ақ «Arduino» платформасы арқылы егін алқабын автоматтандырылған суару жүйесімен қамтуға ден қойыпты. Бұдан бөлек, ағын суды ластамау мақсатында жасанды интеллект көмегімен іске асатын каналдар орнатылады. Сонымен қатар қорадағы төрт түліктің қиын тазалап, қоймаға жинау және оны егін шаруашылығына тыңайтқыш ретінде қолдануды да қарастырыпты.

«Бұл жобаны ауыл ша­руа­­­шы­лығын өркендету мақ­са­тында іске асыруды жөн деп таптық. Біз энергияны табиғи жолмен өндірудің 3 түрін таңдап отырмыз. Олар: су энергиясы (гидроэлектростанса), күн энергиясы (күн панельдері), жел энергиясы (жел диірмендері). Әрине, жобаны жан-жақты ойласа отырып қолға алған жайымыз бар. Бірінші кезекте адам күшін үнемдеу қажеттігіне ден қойдық. Өйткені технология дамыған уақытта көп жұмыс автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асқаны жөн. Ол барлығымыз үшін тиімді болмақ.

Біздің жобамыз бірнеше жүйе­ні қамтитынын айтып кеткен жөн. Мәселен, ауыл маңындағы өзен немесе көл арқылы гидро­электростанса электр тоғын өн­дірсе, ауа райына байланыс­ты күн мен жел энергиясы да қарқынды өнді­ріледі. Осы үш табиғи жолмен өндірілген электр энергиясы негізгі стансаға жина­лады. Содан кейін жиналған энергия көзі барлық ауылдағы тұрғын үй­­лерді электр тоғы­мен, жылумен және жарықпен қамтамасыз етеді.

«Arduino» платфор­ма­сын­­дағы жасанды интеллектте осы үдерістің барлығы авто­мат­тандырылған түрде бақы­лауға алынады. Сондай-ақ элек­тро­стансадағы энергияның мөл­ше­рін де көрсетеді», дейді жас өнер­тап­қыштар.

Тараздық оқушылар өздері ой­лап тапқан жобаның ауыз тол­­тырып айтарлықтай нәтиже бере­тініне бек сенімді. Олар жаңа жоба лайықты түрде жүзеге асса, еліміздегі урбанизация үде­рі­сін­дегі өзекті мәселелер өздігінен шешімін табады деп отыр.

 

Тараз