Аймақтар • 23 Мамыр, 2024

Үлескерлер арызы сотқа жетті

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе қалалық №2 сотында «Сафина» құрылыс ком­па­ния­сының екі басшысына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Осы компанияның директоры Жарас­ханов пен үлескерлік құрылыс инвесторы Каримов Қылмыстық кодекстің алаяқтық және ірі көлем­дегі бөтеннің мүлкін иелену бабымен айыпталып отыр.

Үлескерлер арызы сотқа жетті

Фото: egov.kz

Олар 2020 жылдан бері 507 үлескерден ақша жинап, Ақтөбе қаласының №12 және «Батыс-2» шағын аудандарында көпқабатты бес үй салуға уәде еткен. Тұрғындар үйлеріне былтыр кіру керек еді. Алайда жұрт қаржы салған үйлердің көбінің іргетасы ғана құйылса, кейбірінің қабырғалары жартылай біткен. Сотта Жарасханов пен Каримов жұртқа 2,5 млрд теңге зиян келтіргені белгілі болды.

Прокурордың айыптау парағында, «Бөгде адамның мүлкін алдау жолымен иелену мақсатында Жарасханов 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың маусымына дейін өзі басқаратын тұрғын үй құрылысына қаржы салуға үгіттеген» деп жазылған. Бұл жердегі алаяқтықтың шегі де көрінбейді. Тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан жер учаскесі де басқа адамның меншігінде болып шықты.

Осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбе қаласының тұрғыны Мәрзия Есеналиева «Сафина» құрылыс компаниясына үш бөлмелі пәтер алу үшін 9 млн 200 мың теңге қаржы салған. Егде жастағы кісі компания ұзақ жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келе жатқан соң сенгенін айтады. Содан бері не ақша, не пәтер жоқ. Тағы бір үлескер Ғалия Қабдырахманова айыпталушы Жарасхановтың сотқа дейін түрлі айла-әрекеттерге барып, қорғаушыларын жиі ауыстырып, іспен танысуды созып келгенін айтты. «Құрылыс басталды да, көп кешікпей тоқтады. Біз дабыл қаға бастадық. Басында Жарасханов кездесуден қашып жүрді. Содан прокуратураға шағымдандық. Отбасым – 2020 жылы ең бірінші болып үйдің толық құнын төлегендердің бірі. Компания директорымен келісімшарт жасастық. Сол уақытта әр үлескер кем дегенде 9 миллион теңгеден астам қаржы құйды. Бұл үш бөлмелі пәтердің бағасы еді. Ендігі үмітіміз – жергілікті билік құрылысты сот осы қылмыстық іске қатысты шешім шығарған соң бюджет есебінен аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Алайда жұрт күтуден шаршады. Тұрып жатқан үйлерін сатып, барлық қаржысын «Сафина» тұрғын үй кешеніне салған отбасылар төрт жылдан бері бала-шағасымен пәтер жалдап жүр», дейді Ғалия Қабдырахманова.

Сот «Сафина» компаниясы басшыларына қатысты шешім шығарса, үлескерлердің үйлері жергілікті бюджет қаржысы есебінен тұрғызылмақшы. Осы мақсатта қалалық әкімшілік жанынан құрылыс компаниясы құрылды. Жергілікті билік үлескерлерге жұмсалған бюджет қаржысының орнын бос пәтерлерді сату жолымен толтыруды жоспарлап отыр.

 

Ақтөбе облысы