Таным • 22 Мамыр, 2024

Алғашқы аудармашылардың бірі

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ жерінде ең алғаш орыс әдебиетінің классиктерін тәржі­малаушылардың бірі Халиолла Құнанбайұлы екенін біреу білсе, біреу білмес. Халиолла Құнанбайдың үшінші әйелі Айғыздан туған. Дана Абайдың талантты інісі. Ол жасында барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабит­ханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде үш жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашып, кейін Омбыдағы кадет корпусында білім алған.

Алғашқы аудармашылардың бірі

Бұл – әйгілі Шоқан Уәли­ханов оқыған тарихи оқу орны. Айта кетейік, Ха­лиолла бұл оқу орнына Шоқаннан 12-13 жыл кейін түскен. Абайдың ал­ғашқы өлеңдер жинағын шы­­ғарып, өмір­баянын жазған Кәкі­тай Ысқақ­ұлы Халиол­ланың Ом­быдағы оқуы туралы қызықты де­рек­тер келтіреді. Кәкітай Құнан­бай атасын сипаттай келіп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетски корпус­тан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавелериски школдан оқытып, сабақты жақсы біті­ріп, корнет болып, қызметте жүр­генде аурып, дүниеден қайтып еді», деп жазады.

Әрхам Ысқақовтың естелігіне сүйенсек, Халиолла қайтыс болғанда, оның денесімен қоса Омбыдан екі сандық қоса келіпті деседі. Халиолла жер­ленген соң оның дүниесін тарат­қанда, Абай еш ойланбастан кі­таптар мен қолжазбаларға толы сан­дықты қалап алыпты. Халиолла тек орысша оқып, әскери шен алумен шектелмей, Шоқан сияқты қазақтың фольклор мұрасын жи­наған, оны орыс жұртшылығына аударып таныстырған, әрі өзі де орыс ақын-жазушыларын көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударған екен. Халиолла Омбы мен Мәскеуде оқыған жылдары орыстың шығыстанушылары И.Н.Березин, Н.Ф.Костылецкий және Шоқанның досы Г.Н.Потанинмен тығыз бай­ланыста болған. Бұл туралы Ә.Мар­ғұлан, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ү.Суб­­ханбердина сынды әдебиет та­рихын зерттеуші ғалымдар әр жылдардағы зерттеу еңбектерінде айтып өте­ді. Мә­селен, фольклортанушы Ү.Суб­ханбердина «Дала уалаятының газеті» атты екі томдық жинағында: «Г.Н.Потаниннің айтуынша, орыс классиктерінің шығармаларын алғаш аударушылардың бірі Абай Құ­нанбаевтың інісі Халиолла Өскен­баев болды. Ол 1863-1870 жылдары Омбы кадет корпусында оқиды, одан соң Семей маңындағы ауылда өмір сүрді. Ол халықтың ауыз әде­­биет үлгілерін жазып жинаған. Оның ішінде «Еңлік-Кебек» әңгімесі, «Жи­ренше шешен» аңызы мен Тургенев, Лермонтов, Толстой және басқалардың өлеңдерін, әңгімелерін аударған. Х.Өскенбаев жинаған бұл материалдар белгілі шығыстанушы ғалым И.Н.Березиннің архивінде сақтаулы», деп жазады.