Таным • 22 Мамыр, 2024

Таңдау

82 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сопылық даналықтағы өрнекті оқиға бүй дейді: Ертеде періштелер бақытты қайда жасыру қажетін ақылдасыпты. Бірі тауды, бірі теңіз түбін, бірі алыс саланы нұсқапты. Бірақ адам баласы болашақта еңбек шыңына жетіп, бұл жердің бәрін оңай еңсереді деп, басқа тұсқа жасыру ұсынылыпты. Сонда көпті көрген көреген періште «бақытты адамның өз ішіне жасырайық, адам баласы оны дүниені кезіп іздейді, бірақ өз ішінде екені қаперіне де кірмейді» деген екен. Солайша бақыт ұғымы адам ішіне жасырылыпты деседі.

Таңдау

Александр Блоктың: «Кеудемде бар дүр қазына, кілті оның менде ғана» деген өлең жолы бар-тын. Расында, әр адам­ның кеудесі сандық толы зүбәржат сынды. Тек аша біл­сеңіз болғаны. Француз жазушысы Жан-Поль Сартр «Өзіңді танығың келсе, өзіңді таңда» деген даналық сөз айтады. Иә, әр жас әуел бастан өзін таңдап өмір сүргенімен, кейін таңдауы өзгереді. Қызыққыш, еліккіш күйлер сана ауанын сан-саққа бұрады. Конфуций ізденген адамның үш жолы бар екенін көрсетеді. Бірінші – ізденіс жолы, екінші – еліктеу, үшінші – өз-өзіңді табу жолы. Шығармашыл таланттың көбі ең оңай екінші жолға түсіп, қос шылбырды қолына алып жүргенде үшінші жол алдына кесе-көлденең тұрады. Бұл үдеріс жиырма мен отыздың арасында болса керек.

Айтпақ ой бұл емес. Біз таң­даудан шатасады екен­біз. Мәселен, сіз бала күнде Мұ­қағалиды таңдадыңыз. Ақынды жан-тәніңізбен жақсы көрдіңіз. Адам кімді жақсы көрсе, соған еліктемей тұрмайтыны белгілі. Мұқағалиша күл­діңіз, Мұқағалиша жыладыңыз. Бер­тін келе Төле­ген Айбер­ге­новті таңдап, Төле­генше толғандыңыз, Төлегенше ғашықтықтан баз кештіңіз. Шы­ғармашылық ізденістің белгілі бір межесіне жеткенде, өзіңіздің қандай құдіретті жан екеніңізді сезіне бас­тарыңыз анық. Ата-тегіңізді, ұлтыңызды, әлемдегі, өмірдегі орныңызды аңғарасыз. Бір уақытта «Мен!» дейсіз жан ұшыра. Иә, сіз! Сіз құдіретті жансыз! Сіз бәрінен мықтысыз! Сіз өзіңізді таңдаңыз! Сонда өзіңізше күлуді, өзіңізше сөйлеуді, өзіңізше жындануды бастайсыз.

...Көшеде өзін таңдаған жан аяңдап келеді. Жүзі нұрлы, сөзі мейірбан, толық өз ке­ңістігінде, өз жал­ғыздығында. Ақындар жөн айтады, «кім сезсе жал­­ғыздығын сол мейірбан».