Фото: digitalbusiness.kz
Бағдарлама «Kinergy» қоғамдық қорының коммерциялық емес жобасы саналады. «Яндекс Қазақстан», «Alstom Foundation», «People Consulting», «Lenovo», «BTS Digital» компаниялары қолдау көрсеткен іс-шара «Narxoz» университетінде өтті. Менторлардың жетекшілігімен қыздар технологиялар мен инновациялар көмегімен әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған 159 мобильді қосымша әзірледі. Өңірлік шара барысында 44 команда өз жобаларын таныстырып, 6-ауы халықаралық финалға іріктелді.
Бағдарламаға қатысушылар 8 жыл ішінде әлемдік финалда 6 рет ел намысын қорғады. Бағдарламаға 8–18 жастағы қыздар тегін қатыса алады. Осы жылдарда олар 1400 мобильді қосымша әзірлеген. 2017 жылы Қазақстан командасы 63 елдің арасынан дара шығып, бас жүлдені еншілеген еді.
Осы жолы оқушы қыздар әлеуметтік күн тәртібінде тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік, қазақ тілін үйренуге қызығушылықты арттыру, тұрғындарды жер сілкінісі кезіндегі мінез-құлық қағидаттарына үйрету, киберқауіпсіздік, буллингтен қорғау, экология, білім, медицина саласына қатысты жобаларды таныстырды.
«Technovation Girls Kazakhstan» қыздарға бағдарламалауды үйретумен қатар технология көшбасшыларының жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал етеді. Қатысушы қыздар командалары мұнда тәжірибе жинақтап, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын үйреніп, креативті шешімдер табуға, шығармашылық еркін ойлау машығын игерді. Сонымен бірге еліміздің өзекті әлеуметтік сын-тегеуріндеріне жауап беретін мобильді қосымшаларын дамытуды үйреніп, әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Бағдарлама қыздарға білім дағдыларын игеруге ғана емес, жаңа серіктес достар табуға ықпал етеді. Бүгінде «Technovation Girls» түлектері Қазақстанда, шетелде беделді жоғары оқу орындарының, соның ішінде «Harvard» және «Stanford University», басқа да университеттердің студенттері атанды. Биылғы қатысушылардың рекордтық саны Қазақстанның халықаралық финалда жеңіске жету мүмкіндігін арттыра түседі», дейді «Technovation girls Kazakhstan» бағдарламасының елшісі Арман Шоқпаров.
«Яндекс Қазақстан» әзірлеушісі және «Technovation Girls Kazakhstan» тәлімгері Индира Темкешеваның айтуынша, жобаға қатысу таланттарды танумен қатар, озық технологияларды қолдана отырып, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. «Ментор ретінде оқушы қыздармен өз біліміммен, тәжірибеммен бөлістім. Оларды қолдап, бағыттап отырдым. Жалпы, «Яндекстің» 90-нан астам қызметкері жобаға ментор, сарапшы, офлайн, онлайн кездесулерде және финалда қазылар алқасына араласып, білім беруге атсалысты. Қатысушы қыздардың тәжірибешілерден алған білімі ерекше назар аударуды қажет етеді», дейді ол.
Маркетинг, бағдарламалау, іскерлік және презентация дағдылары бойынша білім беру модульдерін қамтыған 12 апталық бағдарлама аясында қатысушылар үшін «Яндекс Қазақстан» әлеуметтік кәсіпкерлік дәрістер өткізді. Өңірлік келесі финал Астана қаласында 1 маусымда өтеді. Қазақстандағы өңірлік финалдардың жеңімпаздары Сан-Францискода Кремний алқабында өтетін халықаралық финалда ел мүддесін қорғайды.
АЛМАТЫ