Теннис • 23 Мамыр, 2024

«Ролан Гарроста» кімнің бағы жанады?

46 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жексенбіде Парижде «Үлкен дулыға» санатындағы ең ірі жарыстардың бірі – «Ролан Гаррос» басталады. Жүлде қоры 53,5 млн еуроны құрайтын дүбірлі додада әлемнің ең үздік теннисшілерінің барлығы бақ сынайды. Бұл турнир 9 маусымға дейін созылады.

«Ролан Гарроста» кімнің бағы жанады?

«Ролан Гарростың» 133 жылдық тарихы бар. Аталған турнирдің тұсауы сонау 1891 жылы кесілді. Сол кезден бері жақсылар мен жайсаңдардың талайы Париж корттарында өрелі өнерімен дүйім жұртты қуантты. Солардың арасынан Рафаэль Надальді бөле-жара атауға болады. Испанияның мақтанышы 2005-2022 жылдар аралығында ұйым­дастырылған 14 жарыста алдына жан салған жоқ. Осындай орасан зор табы­сының арқасында жанкүйерлер Надальді «Грунт королі» деп атады.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Францияның қос саңлағы – Макс Декюжи мен Анри Коше жасындай жарқылдады. Алғашқысы – сегіз, екіншісі бес реттен бас жүлдені олжалады. Жетпісінші жылдары швециялық Бьорн Боргтың даңқы дүркіреді. Скандинавиялық саңлақ алты турнирде топ жарды.

Әйелдер арасындағы ең үздік көрсет­кіш Крис Эвертке тиесілі. 1974-1986 жылдар аралығында АҚШ теннисшісі жеті мәрте теңдессіз деп танылды. Фран­циялық Сюзан Ленглен (1920-1926) мен германиялық Штеффи Графф (1987-1999) алты реттен дара шықты.

Былтыр өткен жарыста ерлер арасында Новак Джокович жеңімпаз атанды. Сербияның саңлағы финалда норвегиялық Каспер Руудты қапы қалдырды – 7:6, 6:3, 7:5. Әйелдер сайысы польшалық Ига Свентектің жарқын жеңісімен аяқталды. Әлемнің бірінші ракеткасы ақтық сында чехиялық Каролина Муховадан айласын асырды – 6:2, 5:7, 6:4.

«Ролан Гарроста» Қазақстанның бірде-бір теннисшісі үздік төрттіктің қата­рынан көріне алған жоқ. Кезінде Ярослава Шведова (2010, 2012) екі рет ширек финалда ойнады. Кейіннен Юлия Путинцева (2016, 2018) мен Елена Рыбакина да (2021) дәл сол межеден көрінді. Өзге мықты теннисшілеріміз екінші айналымнан аса алған жоқ. Иә, 2015 жылы Шведованың ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда өнер көрсеткені рас. Бірақ бұл көрсеткішке ол жұптық сайыста қол жеткізді.

Биыл Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, Александр Бублик пен Александр Шевченко Париждегі доданың негізгі бөлігіне бірден жолдама алды. Өйткені олардың рейтингтері – жоғары. Тағы төрт отандасымыз іріктеу турниріне қатысты. Өкінішке қарай, үшеуінің жолы болмады. Тұсаукесер кездесулерінде Бей­біт Жұқаев аргентиналық Хуан Ма­нуэль Черундолоға, Дмитрий Поп­ко франциялық Валентина Ройеге, Де­нис Евсеев болгариялық Адриан Ан­дреевке есе жіберді. Оларға қарағанда Михаил Кукушкин тәуір ойнап жатыр. Жерлесіміз швейцариялық Леандро Риди мен аустралиялық Ли Туды тізе бүктіріп, финалға шықты. Енді Кукушкин тағы бір бәсекеде жеңіске жетсе, онда ол да «Ролан Гарросқа» қатысады. Ал Анна Данилина мен Александр Недовесов жұптық бәсекелерде бақ сынайды.

«Ролан Гарростың» жекелеген сайысындағы теннисшілер табысы:

Бірінші кезең – 73 мың еуро;

Екінші кезең – 110 мың еуро;

Үшінші кезең – 158 мың еуро;

Төртінші кезең – 250 мың еуро;

Ширек финал – 415 мың еуро;

Жартылай финал – 650 мың еуро;

Финалист – 1,2 млн еуро;

Жеңімпаз – 2,4 млн еуро.

Жұптық сайыстағы сыйақы: жеңімпаз – 590 мың еуро, финалист – 295 мың еуро.

Аралас жұптар сайысындағы сыйақы: жеңімпаз – 122 мың еуро, финалист – 61 мың еуро.