Егемен Қазақстан • 24 Мамыр, 2024

«Хат қоржын»

33 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Академик Сәтбаев және Садық ахун

Жыл басталғалы бері есімі дүние жүзіне танымал академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай елімізде ауқымды да маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ал мен бұл хатымда Қаныш Имантайұлының 1926-1929 жылдары Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, әсіресе Жосалы теміржол бекетінде болған кездері туралы әңгімелемекпін.

«Хат қоржын»

 

1926-1927 жылдары Жосалы үлкен теміржол торабына айналды. Осы кезеңде, яғни 1926 жылы Ресейдегі Том университетін бітірген Қ.Сәтбаев Мәскеуде қызметке орналасып, «Атбасарцветметті» басқарады. Жас маман Қазақстанда кенжелеп қалған тау-кен саласын түбегейлі зерттеуге 1929 жылы Қазақстанға оралып, Қарсақбайдағы зауытқа бас геолог қызметіне тағайындалады. Сол сәттен Қарсақбай, Жезді, Жезқазған өңірлерін зерттеу жұмыстарына құлшына кіріседі. Қарсақбай мен Жосалы теміржол стансасының арақашықтығы 300 шақырымнан асатын. Жүктердің барлығы дерлік Жосалы бекетінде түсіріліп, одан әрі Қарсақбайға түйелермен және өгіз арбалармен жеткізілетін.

Мәскеуде қызмет істеген кезінде Жосалы механика зауыты мен 350 орындық автобаза салуға мұрындық болса, 1926 жылдан бастап Жосалы механика зауыты іске қосылып, Қарсақбай зауытына өз өнімдерін бере бастаған.

Қ.Сәтбаев 1929 жылы Қармақшы ауданында жүргенде суық тиіп ауырып қалады. Сонда Жосалы зауытының директоры Сорокиннің тапсырмасы бойынша Бәкір Балғабаев деген шопыр жігіт Қаныш Имантайұлын тікелей «Иіркөлде» отырған Садық ахун Қодыровқа апарып көрсетеді. Ол болашақ академикті 1-2 күн таза үйде ұстап шөппен емдегеннен кейін беті бері қарайды. Бірақ толық сауығып кетпегендіктен, Садық ахун Қ.Сәтбаевқа: «Сіздің өкпеңіз қабына бастапты. Елде жүріп қымыз ішіңіз және Мәскеудегі дәрігерлерге көрініңіз», деп кеңес беріпті. Емшінің өзі сырқаттарды 400 түрлі шөптен дәрі жасап емдейді екен.

Қ.Сәтбаевты емдеген Садық кім дегенге келсек, ол – Сырдың атақты ақындары Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы өлең арнаған емші, ақындығы да бар. Бұқарадан білім алған, Әбу Ғали Ибн Сина ілімдерін оқыған, діни қайраткер болған кісі.

Ал бұл хатты жазудағы мақсатымыз қазақ ғылымының басында тұрған Қаныш Сәтбаевтың Жосалыда (Қармақшы ауданы) ізі қалғанынан, жоғары жаққа түсіндіріп, ірі өндіріс орнын салуға ықпал еткен бірден-бір адам болғанынан хабар ету еді.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші

 

АЛМАТЫ

 

 

Тәжірибе алмасу сапары

Тәжірибе алмасу мақсатында Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы аудандағы «Жастар ресурстық орталығының» мамандарымен бірлесіп Жуалы, Сарысу аудандарындағы музейлерге барып қайтты.

Алдымен ұжым болып Жуалыдағы Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музейге табан тіредік. 1995 жылдан бері жұмыс істейтін мәдени орталықта батыр бабамыздың тұтынған заттары, киімдері, естелік суреттер мен бағалы сыйлықтары қойылыпты. Музейдің бір бұрышында орналасқан батырдың жеке бөлмесі де айрықша көз тартады. Жұмыс үстелі, жатын төсегі, ондағы жабдықтар, кітап сөресі, тіпті аспалы шамына дейін бәрі көздің қарашығындай қаз-қалпында сақталып, келушілердің қызығушылығын одан сайын арттыра түседі. Бұл заттарды музейге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова тарту еткен.

Келесі кезекте Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне келдік. Мұнда бізді тарихшы, өлкетану ісінің білгірі, Жуалы ауданының құрметті азаматы Дәулетжан Байдалиев қарсы алды. Төрт мыңға жуық жәдігері бар мұражайдан Жуалы ауданының құрылу тарихынан бастап, өңірден шыққан өнер адамдары, еңбек ерлері мен соғыс ардагерлері туралы толық мағұлмат алуға болады. Музейде ескіден қалған ерекше жәдігерлер де бар. Мысалы, VI-VII ғасырлардағы түркілер мәдениетіне тиесілі Жуалы ауданының «Көсегенің көк жоны» деп аталатын жерінен табылған балбал тастар, ортағасырлық қалаларды салуда пайдаланылған қыпшақ кірпіштері, XVII ғасырда жоңғарларға қарсы шайқаста пайдаланылған Жәуіш батырдың қылышы кешегі күннің шежіресін шертіп тұрғандай.

Мұнан кейін Сарысу ауданына қарай бет бұрдық. Сонау 1978 жылы іргетасы қаланған Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі «Көне дәуір», «Ықылас Дүкенұлы», «Табиғат», «Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең», «Этнография», «Мәдени ағарту және өнер» залдарын осы мекеменің меңгерушісі Эльмира Көкішева таныстырды. Мұражай ауданның тамырлы тарихынан, бұрынғы және бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінен сыр шертіп тұр деуге болады.

Тәжірибе алмасу сапары барысында Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Артықбай Үкібаев ұлттың ұлы құндылықтары сақталатын рухани ошақ – мұражайлардың өскелең ұрпақтың бойына адами құндылықтарды сіңіруде рөлі зор екендігін атап өтіп, әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.

Айдана ШОТБАСОВА,

Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы

 

Жамбыл облысы

 

 

Жылт еткізіп, жоқ қылады

Күнделікті күйбең тіршіліктен қолыңыз босаған сәтте бір мезгіл «көк жәшікке» қарап қоятынымыз бар. Бұл – қашаннан бергі дағдылы әдетіміз. Ондайда жақсы хабарлар көрсең көңілің жадырап, бір жасап, сергіп қаласың.

«Қазақстан» мен «Хабар», басқа да телеарналардан соңғы хабарларды көріп отырғанда үнемі мына жағдайға жиі кезігеміз. Ол – титрдегі жазудың көзді ашып-жұмғанша жылт етіп, жоқ болуы. Жылдамдығы сонша, бірер секундтың ішінде ғайып болатындықтан, кейіпкердің аты-жөнін оқып үлгере алмай қаласың. Не деген асығыстық екенін түсінбедік. Жиі берілетін жарнама жөнінде айтып, шаршаған соң жақ ашуды қойғанбыз.

Осындайда ойымызға «Жалт етті де жоқ болды, көрген түстей, сағымдай» деген белгілі әнде айтылатын өлең жолдары оралатынын несіне жасырайық. Айтарымыз, бұл қиын шаруа емес қой. Тек қана режиссердің ынта-ықыласы болса жеткілікті. Бұл бір менің ғана емес, көптің базынасы деп ойлаймын.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

көрермен

 

Түркістан облысы