Талбесік • 24 Мамыр, 2024

23 мың текше метр қоқыс шығарылды

33 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қостанай қаласы мен Тобыл жағасындағы бірнеше саяжай бірлестігінің аумағынан 23 мың текше метр­ден аса қоқыс шығарылды.

23 мың текше метр қоқыс шығарылды

Сәуірдің жетісінде қалыпты дең­гейінен 8 метр жоғары көтерілген Тобылдың суы айналасын астан-кестен етіп кеткені мәлім. Содан бергі екі айға жуық уақыт ішінде аталған аумақтарда күн сайын сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық акциясына ұзын ырғасы 2,5 мыңнан аса адам, жүздеген мекеме, кәсіпорын ұжымдары қатысып, қала аумағынан 8 мың, су астында қалған саябақтардың аумағынан 11 мың текше метр қоқыс шығарылды. Осылайша, өзенге жақын жатқан «Шағала» серуен алабы, Триатлон Парк аумағы, қалалық жағажай мен «Дорожник», «Садовод» саяжай бірлестіктері қоқыстан аршылып, ажары қайта кірді. Мәселен, «Дорожник» сая­жа­йын­да 230 жер телімі, тұрақты түрде тұрып жатқан 18 отбасы бар. 42 отбасы жыл-он екі ай бойы «Садовод» саяжайында тұрып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында осы аталған екі саяжай бірлестігінің өзінен қыруар қоқыс шығарылды. Бұл істе ІІМ Қостанай академиясының курсанттары көп көмек көрсетті. Курсанттар саяжайдың аумағына қарғын су ағызып әкелген қалың қамысты, қираған қоршау, сынған шатыр, сынған терезелердің бәрін бір жерге жинап, үйіп тастады. Бұл үйінділерді көлікке тиеп, сыртқа шығару жағын «Конгломерат. kz» серіктестігі реттестірді.

«Біз еріктілер мен курсанттарға, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен мер­дігерлерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Олардың көмегінсіз тасқын су әкеп үйіп тастаған қоқысты биыл тазар­тып шығу мүмкін емес еді. Айналасы екі айға жуық уақыт ішінде қыруар шаруа тындырылды. Орайы келгенде айтарым, Қазақстанда елді мекендерді дамытуға арналған арнайы бағдарламалар жақсы жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай, сол бағдарламаларға сая­жай бірлестіктері ілікпей қалып отыр. Сондықтан қала маңындағы саяжайлардың инфрақұрылымын дамытып, абаттандыруға арналған мемлекеттік бағдарлама болса деген тілегіміз бар. Мысалы, мұндағы 1976 жылы тартылған инженерлік коммуникация әлдеқашан тозып кеткен. Біз оны өз күшімізбен жаңарта алмай отырмыз», дейді «Садовод» саяжай бірлестігінің төрағасы Олег Мощенко.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір қала маңындағы саяжайларға су тасқыны кезінде үзілген электр сымдарын қайта тарту, су құбырын қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

 

Қостанай облысы