Білім • 25 Мамыр, 2024

Бүгін – соңғы қоңырау

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін елімізде соңғы қоңырау соғылады. Жалпы, осы 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтайды. Соның 186 мыңы алтын ұя мектебімен қошта­сып, үлкен өмірге қадам басады. Бір қуаныштысы, көбейіп келеміз. Өйткені былтыр оқу жылын 3,7 млн бала, мектепті 172 мың оқушы бітірген еді.

Бүгін – соңғы қоңырау

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кеше еліміздегі мектептердің 1-10 сынып оқушылары үшін оқу жылының аяқталуына орай «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Ал бүгін, яғни 25 мамыр күні Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен жоспарына сәйкес орта білім беру ұйымдарында мектеп түлектері­не арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты жиын өткізіледі.

Жауапты министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, биылғы оқу жылын бас-аяғы 22 мыңнан аса мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары аяқтайды. Ал бұл ұйымдарда осы оқу жылында 5 миллионнан көп бала білім мен тәрбие алды. Оның ішінде, жоғарыда жазғанымыздай, 4 миллионға тарта оқушы мектепте оқыды. Осыншама баланың 341 мыңнан көбі 9-сыныпты аяқтайды, былтыр 9-сыныпты 288 мыңнан аса оқушы тәмамдаған. Олардың арасында 10-сыныпты жалғастыратыны да, колледж­ге оқу­ға кететіндері де болады. Дәл сол оқуын техникалық және кәсіптік білім ошақтарында жалғастыруды құп көре­тіндерге де бүгін мектептегі соңғы қоңырау соғылады.

Осылайша, Оқу-ағарту ми­нис­трінің бұйрығына сәйкес мек­тептерде оқу мерзімі ресми түрде бүгін аяқталады. Бірақ кейбір сыныптардың оқушылары үшін алда емтихандар бар. Айтпақшы, биыл алғаш рет 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ және басқа да оқыту тілдері бар мектептер үшін қазақ тілі бойынша аралық емтихандар өткізіледі. 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар басталады. 9-сынып оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасады. 11 сыныптар үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр мен 11 маусым аралығына жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Осы жерде еске сала кету керек, емтихандардан босатылған оқушылар да бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев апта басындағы Үкімет отырысында: «Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес және табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3 581 оқушы­сы аралық және қорытынды емти­хандардан босатылады. Қорытынды баға оларға жылдық бағалар негізінде қойы­­лады», деген болатын. Ал 156 мың техникалық және кәсіп­тік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Оқып отырған оқырманда, әсіресе балаларының демалысын олардан да асыға күтетін ата-аналарда «Демалыс қашан?» деген сұрақ туатын шығар. Демалыс мәселесіне келсек, бас­тауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалыс­қа шығады. Ал қалған мектеп оқушыларына емтихандардан кейін жазғы демалыс басталады. Министр Ғ.Бейсембаев апта басындағы Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы уақытта қашықтан оқыған 2 622 мек­тептің 832 мың оқушысына 27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылатынын айтты. Министрдің айтуынша, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалады. Олардың ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушы­ларына, халықтың әлеу­меттік осал топтарының балала­рына және ауылдық жерлерден көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі.

Осы жолдарды жазып жат­қанда Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев 2023-2024 оқу жы­лы­ның аяқталуына орай құт­тықтауын жариялады. Ол өзінің құттықтауында: «Құр­метті әріптестер, ата-аналар, оқушылар! Осы оқу жылын­да оқушыларымыз 10 халық­аралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 – алтын, 95 – күміс, 128 – қола медаль бар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қал­мау­ды тілеймін! Құрметті педа­гог­тер! Биылғы көктем, әсіре­се батыс және солтүстік өңір­лер­дегі әріптестерімізге ауырт­па­шы­лық ала келді. 26 мыңнан аса білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы күресте ал­дыңғы қатарда болды. Қиын­­­дық­тарға мойынсұнбай, ағар­ту­шы­лық миссияны адал ат­қар­дыңыздар. Құрметті түлектер! Сіздер өмірдің жаңа, жауапты кезеңіне аяқ басқалы тұрсыздар, бұл сіздерге ғана емес, бәріміз үшін – ата-аналар, мұғалімдер, тәлімгерлер үшін де жан тебірентер сәт. Биыл 150 мыңнан аса колледж бітіруші диплом иеленіп, толыққанды маман болады. Сіздерге ақ жол тілеймін!», деп ақжарма пейілін ақтарды.