Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Кеше еліміздегі мектептердің 1-10 сынып оқушылары үшін оқу жылының аяқталуына орай «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Ал бүгін, яғни 25 мамыр күні Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен жоспарына сәйкес орта білім беру ұйымдарында мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты жиын өткізіледі.
Жауапты министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, биылғы оқу жылын бас-аяғы 22 мыңнан аса мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары аяқтайды. Ал бұл ұйымдарда осы оқу жылында 5 миллионнан көп бала білім мен тәрбие алды. Оның ішінде, жоғарыда жазғанымыздай, 4 миллионға тарта оқушы мектепте оқыды. Осыншама баланың 341 мыңнан көбі 9-сыныпты аяқтайды, былтыр 9-сыныпты 288 мыңнан аса оқушы тәмамдаған. Олардың арасында 10-сыныпты жалғастыратыны да, колледжге оқуға кететіндері де болады. Дәл сол оқуын техникалық және кәсіптік білім ошақтарында жалғастыруды құп көретіндерге де бүгін мектептегі соңғы қоңырау соғылады.
Осылайша, Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі ресми түрде бүгін аяқталады. Бірақ кейбір сыныптардың оқушылары үшін алда емтихандар бар. Айтпақшы, биыл алғаш рет 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ және басқа да оқыту тілдері бар мектептер үшін қазақ тілі бойынша аралық емтихандар өткізіледі. 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар басталады. 9-сынып оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасады. 11 сыныптар үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр мен 11 маусым аралығына жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Осы жерде еске сала кету керек, емтихандардан босатылған оқушылар да бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев апта басындағы Үкімет отырысында: «Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес және табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға оларға жылдық бағалар негізінде қойылады», деген болатын. Ал 156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.
Оқып отырған оқырманда, әсіресе балаларының демалысын олардан да асыға күтетін ата-аналарда «Демалыс қашан?» деген сұрақ туатын шығар. Демалыс мәселесіне келсек, бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Ал қалған мектеп оқушыларына емтихандардан кейін жазғы демалыс басталады. Министр Ғ.Бейсембаев апта басындағы Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы уақытта қашықтан оқыған 2 622 мектептің 832 мың оқушысына 27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылатынын айтты. Министрдің айтуынша, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалады. Олардың ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына және ауылдық жерлерден көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі.
Осы жолдарды жазып жатқанда Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев 2023-2024 оқу жылының аяқталуына орай құттықтауын жариялады. Ол өзінің құттықтауында: «Құрметті әріптестер, ата-аналар, оқушылар! Осы оқу жылында оқушыларымыз 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 – алтын, 95 – күміс, 128 – қола медаль бар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауды тілеймін! Құрметті педагогтер! Биылғы көктем, әсіресе батыс және солтүстік өңірлердегі әріптестерімізге ауыртпашылық ала келді. 26 мыңнан аса білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы күресте алдыңғы қатарда болды. Қиындықтарға мойынсұнбай, ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Құрметті түлектер! Сіздер өмірдің жаңа, жауапты кезеңіне аяқ басқалы тұрсыздар, бұл сіздерге ғана емес, бәріміз үшін – ата-аналар, мұғалімдер, тәлімгерлер үшін де жан тебірентер сәт. Биыл 150 мыңнан аса колледж бітіруші диплом иеленіп, толыққанды маман болады. Сіздерге ақ жол тілеймін!», деп ақжарма пейілін ақтарды.