15 Қаңтар, 2015

Еуразиялық интеграция – ел дамуының кілті

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын экономикалық өсімсіз елестету мүмкін емес. Ал ол өз кезегінде өтім нарығының ұлғаюын, кедендік кедергілердің жойылуын, инвестицияға қажетті жағдайдың жақсаруын талап етеді. Осы орайда Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты негізінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке ену арқылы алға қойған межеге жетерімізге сенім мол. Жалпы, құжатқа қол қойылған күннен бас­тап «экономикалық ықпалдастық Қазақстанға не үшін қажет? Ол неге дәл қазір құрылып жатыр?» деген сауалдар көпшілік арасында талқыға түсіп жатқаны рас. Десек те, бұл одақтың дер кезінде құрылғаны анық. Дәлірек айтқанда, экономикадағы дағдарыс пен ұзаққа созылған тұрақсыздық кез келген елдің бүгінгі таңда өзге елдермен ықпалдастығына байланысты екенін көрсетіп берді. Әлемнің көптеген аймақтарында ықпалдастық үдерісті жетілдіруде және әлемдегі ең дамыған отыздықтың қатарына кіретін елдердің бәрі де аймақтық және жаһандық экономикалық бірлестіктердің белсенді қатысушылары болып табылады. Ал отыздықтың қатарына ену үшін бізге де бұл Одаққа кірудің маңызы зор еді. Одақ арқылы бүгінде төрт ел арасында іскерлік саладағы бәсекеге қабілеттілікті дамытуға жағдай жасалады. Сондай-ақ, тауарлардың, қызмет көрсетудің, инвестицияның, еңбек ресурстарының еркін қозғалысы Қазақстанға әріптестерімен халықаралық экономикалық қатынастарда бірыңғай одақ болып тізе қосылуына мүмкіндік туғызады. Азаматтардың тұтыну жағдайы мен өмір сүру сапасы да едәуір жақсарады деп күтілуде. Сөйтіп, бәсекеге қабілетті алпауыт елдермен тең дәрежеде болатынымыз анық. Тағы бір айта кетерлігі, Ресеймен, Беларусьпен және Армениямен бірыңғай нарықта болу Қазақстанға Қытай мен Еуропалық одақтың қуатты экономикаларының арасында тиімді дәнекер болуға мүмкіндік туғызады. Кәсіпкерлер өз өнімін арттырып, төрт ел арасында тауар айналымын жүргізе алса, елдегі қарапайым азаматтар көптеген тауарлар мен әртүрлі қызмет көрсетулерге қол жеткізеді. Сондай-ақ, нарықтық импорт пен жергілікті өнімдер бағасының төмендеуінен ашық бәсекеге мүмкіндік туады. Ең бастысы, тұтынушы үшін өндірілетін тауарлардың дүниежүзілік стандартқа жауап бере алатындай жоғары сапада болуына талап күшейеді. Осыған орай, елде азық-түлік тауарларын өндірудің техникалық регламентін бірегей сипатқа көшіру жоспарлануда. Соның ішінде тауар өндірушілер өз өнімдерінің сапасын көтеруге міндетті. Мәселен, біздің елде шұжық өндірісінде еттің үлесі 5 пен 20 пайыздың арасын құрайтын. Қазіргі уақытта бұл 60 пайыздан кем болмауы тиіс. Осы сияқты барлық тауарлардың сапасы арттырылады. Тағы бір айта кетерлігі, мамандар мен студенттер төрт ел арасында емін-еркін жүріп, қызмет ету, оқу орындарында білім алу сияқты мүмкіндіктерге ие болады. Тізе берсек, Одаққа енудің маңыздылығы аз емес. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ жаңа күштің бастауына айналып отыр. 1 қаңтардан өз жұмысын бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы өте зор. Аталған Одақ тың күштің қайнары болады. Ол әлемдік қоғамдастыққа өзінің өміршеңдігі мен айқын бағыт-бағдарын көрсетеріне сенім мол. Бұдан бөлек, ол Еуразиялық экономикалық одаққа Қытай, Вьетнам мен Үндістан сынды ірі елдер қызығушылық танытып отыр, ал келешекте мүше мемлекеттер қатарына Қырғызстанды қабылдау жоспарда бар екені айтылып жатыр. Мұның бәрі әр елдің экономикалық дамуға қол созып жатқандығының көрінісі екені анық. Тағы бір атап көрсететін жайт – ЕАЭО ең алдымен мүше елдердің егемендік теңдігін, олардың аумақтық тұтастығын және тараптардың ұлттық мүдделерінің сақталуын ескеріп, халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған нормаларының негізінде құрылғанын баса айту керек. Мұнда мүше мемлекеттер еркіндік, теңдік, өзара тиімділік қағидаттарын ұстануға толық құқылы. Және әр қатысушының ұйымнан шығуға да толық құқы бар. Айта берсек, әр мемлекеттің экономикалық дамуына бар жағдай жасалған. Болашағын ойлаған, елім, жерім деген көкірегі ояу әр азамат бұл Одақтың маңыздылығын терең түсінуі қажет. Ал мұны бұқараға жеткізіп отыру – әрқайсымыздың міндетіміз. Қанат ӘЗМҰХАНОВ, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.