балаларды зиянды ақпараттардан қорғауды көздейді
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысында зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу; халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі; балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау мәселелеріне құрылған заңдық құжаттар қаралды.
Зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы бойынша баяндап берген Мәжіліс депутаты Оңалсын Жұмабеков оның құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою және әкімшілік кедергілер келтіретін нормаларды болдырмау жолымен одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленгендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, депутаттардың құжат жобасына бірқатар ұсыныстар мен ескертпелер енгізгені мәлім болды.
Атап айтқанда, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың жиналған сыйақыны бөлу және төлеу үшін шаралар қолдану міндетін көздейтін түзету енгізілген. Сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша жекелеген объектілерді жеделдетіп патенттеу туралы ұсыныс та назардан тыс қалмапты. Жалпы, жұмыс тобының 15 отырысы өткізілгендіктен, баяндамашы заң жобасын екінші оқылымда толықтай мақұлдауды ұсынды. Әріптестері бұл ұсыныспен келісті.
Бұдан кейін күн тәртібінде «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы да екінші оқылымда депутаттар назарына ұсынылды. Ол бойынша қысқаша баяндама жасаған Алдан Смайыл балалар денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттардың түрлері анықталғандығын жеткізді. Оның айтуынша, балалардың жас санаттары белгіленіп, олардың ақпараттарды қабылдау ерекшеліктері ескерілген. Және де балаларға арналған ақпараттарды жас санаттарына байланысты таңбалау міндеттеліп отыр.
Депутаттар бастамашы болған бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобының 23 отырысы өтіп, барлық тараптардың мүддесі ескерілгені атап көрсетілді. Депутаттар сөз реті келгенде заң жобасының мемлекеттік тілде әзірленгендігін көлденең тартты және оны Сенат қарауына жіберу үшін қолдау көрсетуді өтінді. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары ілеспе заң жобасы саналатын «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда талқыға салды.
А.Смайылдың сөзіне қарағанда, заң жобасымен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол өзгерістер ақпараттық қауіпсіздіктен бастап, радио электрондық немесе жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану қағидаларының сақталуы; білім беру мекемелерінде балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз ететін ақпараттық бағдарламалық кешеннің болуы; жарнаманы балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттық ойынды насихаттау үшін пайдаланбау, т.б. көптеген өзекті шараларды қамтыған.
А.Смайыл бастаған заң жобасына бастамашы болған депутаттарға ризашылығын білдірген Спикер заң жобаларының былтырғы жылдан бері бірінші рет қазақша әзірленіп, ұсынылғандығын жеткізді. «Балаларды бұрындары үйге кіргізе алмайтын едік, қазір үйден сыртқа шығара алмаймыз. Соған мына заңдардың көмегі тиер деп ойлаймыз», деді Мәжіліс Төрағасы. Осылайша екі оқылымда қаралған балаларға қатысты заңдық құжаттар мақұлданып, Сенатқа жол тартты.
Сол сияқты депутаттар кешегі жалпы отырыста «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда қолдады. Сонымен қатар, бірқатар заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдері бекітілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша мәлімдеген Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев оның түрмеден шыққандарды әлеуметтік қорғау мен қолдаудың нәтижесінде рецидивистік қылмыстардың алдын алуға бағытталғандығымен бөлісті.
Ал «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша грант туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қысқаша баяндаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ХҚДБ құрылған қор арқылы бөлінетін швейцариялық грант есебінен Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру жобасын қаржыландыру көзделіп отырғандығын атап көрсетті.
Бұдан басқа, күн тәртібінде Өзбекстанмен арадағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау, халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі сияқты заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдері бекітіп берілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».