Ғылым • 29 Мамыр, 2024

Өнегелі де өрісі кең жол

148 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ғылым – уақыт кеңістігін жалғап, үздіксіз өзгеру, өсу, түлеу үстінде жүретін мәңгілік құбылыс. Бұл – кез келген ғылымның жаратылысын танып, табиғатын айқындайтын, өмірлік өзегін анықтайтын басты қағида.

Өнегелі де өрісі кең жол

Қазақ тіл білімі мен сөз өнерін оқытудың негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы бұдан бір ғасырдай бұрын жазған «Баулу мектебі» атты мақаласында: «Əдіссіз, тек мəніс білімі – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болуы керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде ғана білмек», деп жазады.

Бүгінгінің тілімен өрсек, ұлт ұстазы айтып отырған мәніс білімі – теориялық білім де, әдіс білімі – практикалық білім болып шығады. Сондай-ақ мәніс білім беруді танымдық (когнитивтік) бағдарлы оқыту, ал әдіс білім беруді қатысымдық (коммуникативтік) бағдарлы оқыту деп қарастырған жөн.

ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Фау­зия Шәмсиқызы Оразбаеваның ғы­лыми еңбектерін саралау барысында Ахмет Байтұрсынұлы айтқан осы «мәніс білімі» мен «әдіс білімін» ғалым өз зерт­теулерінде қатар ұстанғанын айқын аңғарамыз.

Фаузия Шәмсиқызы өткен ғасыр­­дың 90-жылдарынан бастап тілдік қаты­нас туралы зерттеулерін тереңдете жүргі­зіп келеді. Ол 1996 жылы «Тілдік қаты­нас пен қатысым әдісінің ғылыми-теория­лық негіздері» деген тақырыпта док­тор­лық диссертация қорғады. Теоретик-әдіскер ғалымның бұл зерттеуі – қазақ тіл біліміндегі тілдік қатынас теориясы­ның ғылыми негіздерін қалаумен қатар, тұңғыш рет «оқушы мен оқытушы­ның тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын тіл үйретудің тиімді жолда­­рын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын» қатысымдық әдістің әдіснамасын ұсынған іргелі еңбек.

Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрету әдістемесі кенжелеп дамып, құры­лым­дық, аударма-грамматикалық бағыт­тан аса алмай келген кеңес дәуірінде осы мәсе­ленің өзектілігіне көңіл аударып, тео­риялық ізденістерін антропоөзектік ба­ғыт­қа қарай бұрып, тілдің басты ком­муникативтік қызметін жаңаша тұрғыда зерттеген ғалым Фаузия Шәмсиқызы мұны­мен де шектеліп қалмай, өзі теория­сын қалыптастырған қазақ тіл білімі­нің жаңа саласы – тілдік қатынастың әдіс­темелік теориясы мен қатысым әдісі ар­қы­лы қазақ тілін оқытудың негізін қалады.

Ғалымның лингвистика мен әдістеме сынды екі ғылым саласын бір арнаға тоғыс­тырған зерттеу еңбегі Ахмет Бай­тұр­сынұлы атап көрсеткен «мәніс білім» мен «әдіс білімнің» бір жерге қатар ке­луінің жарқын үлгісі бола алатынын дәлелдеді. Фаузия Оразбаева өзінің осы зерттеу еңбегі арқылы дидактиканың ­басты ұстанымы саналар – теорияның практикамен байланысын айқын көр­сетті, әрі оны жүйелі түрде жан-жақты зерттеп, жүзеге асырды.

Тілдің «барлық ерекшеліктерінің ішіндегі ең маңыздысы және бастысы» саналатын «қатысымдық қызметі» Ақаң айтқан «тірлік шарасына» жұмсалады. Олай болса, тілдің осындай ерекше қыз­меті туралы білім: құрғақ сөз – «мәніс білім» дәрежесінде қалып қоймай, тіл­дің күнделікті өмірде еркін қолданысын зерттейтін «әдіс білімі» де қатар жүруі керек екенін Ахмет Байтұрсынұлы көре­гендікпен болжаған.

Профессор Фаузия Оразбаеваның зерттеу саласы осы бағытта өрбиді. Ғалым Ақаң ұсынған қос бағытты жан-жақты қарас­тыра отырып, тіл ғы­лы­мы кеңістігіндегі айтылым, жазы­лым, оқылым, тыңда­лым, тілдесім үде­ріс­­терінің сөйлеу және о­йлау меха­низм­деріне ықпалы мен әсе­рін зерделейді. Әдістемелік жүйенің тіл дамуындағы ­орнын, маңызын барын­ша кең қарас­тырады.

«Адамдар арасындағы қарым-қаты­насты қамтамасыз ететін, дыбыстық таң­балар жүйесінің жиынтығы арқылы ойды жарыққа шығарудың құралы» саналатын тілдегі қатысымдық құбылысты зерттеуге бағытталған еңбегінде ғалым Ф.Оразбаева: «Тілдік қатынастың негізі қарым-қатынас құралы тілдің қоғамдағы рөлі мен мәніне байланысты. Қазақ тілінің қатысымдық ерекшелігін зерттеуде оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың, қазақ тілінің қоғамдық мәнін жете түсіндірудің ерекше маңызы бар. Бұл, біріншіден, жалпы дүниеге деген танымдық көзқарастың негізінде танылса, екіншіден, қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қатынас құралы ретіндегі алатын орнына байланысты қарастырылады» деп жазады.

Жоғарыда аталған «Баулу мектебі» мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы «мә­­ніс білімі» мен «әдіс білімінің» айыр­­ма­шылығын көрсету мақсатында: «Тір­шіліктің ең оңай ісі – қазық істеу немесе қарындаш ұштау. Бірі шотпен, екіншісі пышақпен істеледі. Шотты қалай ұстап, қалай жону мəнісін түсіндіріп, əбден білдіргенмен, шот шауып, пышақпен жонып əдісін алмаған адам қазықты да дұрыстап істей алмайды, қарындашты да дұрыстап ұштай алмайды», деген мысал келтіреді. Демек, тілдің құрылымы мен мәнін, тарихы мен бүгінін теориялық тұрғыда құр сипаттап, мәніс білім беріп қана қою жеткіліксіз, тілді қатысым­дық тұрғыдан меңгертіп, өмірдің түрлі тілдік жағдаяттарында прагматикалық тұрғыда оңтайлы қолдана білуге баулу қажет. Өйткені теориялық (мәніс) білім танымдық бағдарлы оқыту кезінде, ал практикалық (әдіс) білім коммуникатив­тік бағдарлы оқыту кезінде жүзеге асады.

Тілдің қызметі тек қатынас құралы ретінде шектеліп қалмайды, одан әл­деқайда маңызды. Тілдік қатынас адам­дардың ұжымдық іс-әрекетінің негізгі сипаттамасын және ұжымдағы тұлғаның әрекетін көрсетеді, сондықтан тұлғаны тәрбиелеудің күшті факторы ретінде саналады. Шынында да, іс-әрекет (еңбек) және қарым-қатынас – адамның әлеуметтік тұрмысының, оның өмір сүру салтының екі жағы, қатынас таным үдерісімен тікелей байланыста дамиды. Сондықтан қатысымдық бағдарлы оқытудың мәні мен маңызын жоғары көтере отырып, ғалым Фаузия Шәмсиқызы дәстүрлі әдістемеден бері келе жатқан тілді әлеу­мет танымдық, мәдениет танымдық бағытта қарастырады.

Фаузия Оразбаева бұл мәселеге қа­тысты: «Танымдық лингвистика тіл арқы­лы қоршаған ортаны, адамзат қасиет­терін, қоғамдық құбылыстар мен жа­ра­тылысты танып білудің ғылыми-тео­риялық негіздерін қарастырады. Сондықтан қазақ тілін оқытуда танымдық лингвистика ілімі білім мазмұнының танымдық бағыттары мен аспектілерін әр­түрлі қырынан ғылыми негіздейді және адамның таным үдерісіне қатысты білі­мін тереңдетіп, тәжірибесін молайтады», – деп түсіндіреді.

Танымдық бағдарлы оқыту тіл үй­ренушіге ұсынылатын тілдік және сөй­­лесімдік бірліктер арқылы сол тілді қол­данушы елді, халықты, ұлтты, оның материалдық және рухани байлығын танытуды көздейді. Қазақ тілін оқыту сабақтарында елтанымдық, ұлттанымдық деректерді қатысымдық әдіс арқылы тартымды, қызықты етіп ұсыну мақсаты қойылады. Ұстаз ұлт тарихы, мәдениеті, тұрмыс-салты, дүниетанымы жайында терең біліммен қаруланған, жан-жақты, білікті, нағыз ұлтжанды, танымдық әрі қатысымдық бағдарлы сабақтарды ұйымдастыруға ұйытқы бола алатын кәсіби құзыреттілік деңгейі жоғары маман тәрбиелеуді көздейді. Фаузия Оразбаеваның жетекшілігімен шыққан «Деңгейлік қазақ тілі» оқулық кешенінде тіл арқылы ұлттың ой-арманын, сана-сезімін, мақсат-мүддесін танытуға, қазақ ұлтының әлемді тілдік бейнелеуінің сырларын түсіндіріп, басты құндылықтарын меңгертуге бағытталған мәтіндер жүйесі, қатысымдық бағдарлы оқытуға негізделген дискурсстық, аутентивті мәтіндерді меңгертуге арналған «әдіс білімінің» сөйлеу жаттығулары ұсынылады.

Лингвистикада «тіл» мен «сөйлесім­нің» дихотомиясы белгілі. Тіл – статика­лық күйге ие, сөйлесім – динамикалық үдеріс. Тіл дегеніміз – сөйлесімді тудыру ережелерінің жиынтығы болса, сөйлесім дегеніміз – осы ережелерді тіл­дік қатынаста қолдану. Тіл – адам санасы мен танымын, мәдениеті мен психологиясын жинақтаушы, сөйлесім формасында жеткізуші феномен. Тіл сөйлесім арқылы жүзеге асады. Фаузия Оразбаева: «Қатысымдық байланыс бар жерде сөйлесім арқылы қарым-қатынас бар. Тілдік қатынастың қай түрі болсын, сөйлесімнің кез келген түрін іске қосады. Сонымен, сөйлесімді жүзеге асыратын – тіл де, оның іске асуына жағдай жасайтын – қарым-қатынас. Тіл мен сөйлесім бір ортақ жүйенің екі бүтін құрамы болса, қарым-қатынас, яғни қатысым – олардың шарты. Сонымен, автор: «сөйлесім дегеніміз – тіл арқылы дыбысталып айтылатын, ойды жарыққа шығаратын, қатысымдық мәні бар, әрі әлеуметтік, әрі даратүрлік құбылыс», – деп атап көрсетеді.

Сөйлесім әрекеті мидың сенсорлы ай­мағының қызметі мен мидың функ­цио­налды өсіп-өрбуіне тікелей байланысты. Мидың негізгі бөлімі екі (оң және сол) ми сыңарынан тұрады. Адамның сөйле­сім әрекеті оның миының жартышарла­ры­ның жаратылысына қарай, бір жар­тысының екіншісіне қарағанда басым қызмет атқаруына байланысты көрініс беретіні ғылымда дәлелденген. Бір жақ ми сыңарының әрекеттерге ерекше жауапты болып, белгілі бір үстемдік орта­лыққа айналуы латериализация құбы­лысы арқылы жүзеге асады. Лате­риа­лизация – адамның дамуымен бірге жетіліп отыратын табиғи құбылыс, бөгде тілді меңгерудегі бұл құбылыстың маңызы ерекше. Соған байланысты тіл үйренушілердің қатысымдық әлеуетін анықтау мақсатында олардың миындағы қос жартышарлардың қызметіне қарай тілдік және сөйлеу типтерін айқындап алу қажеттілігі туындайды. Адам миы­ның қос жартышарларының ойлау әреке­тін­де атқаратын қызметін тіл үйрету үдері­сін­де дұрыс пайдалану – сапалы нәти­ж­еге жылдам қол жеткізудің басты алғы­шар­ты. Адам миындағы қос жартышарлар­дың үйлесімді қызметі тұлғаның танымдық ­әрі қатысымдық құзыретін қалыптасты­руға ықпал етеді.

Бұл жөнінде Фаузия Оразбаева: «Тілдік қатынастағы вербалды және когнитивтік әрекеттердің бірлестігі адамзаттың қоршаған ортаны, әлемді тіл арқылы бейнелеп, оны зерделеп тануына мүмкіндік жасайды. Таным тілден көрініс тауып, адам ойын сыртқа шығарады. Адамның танымдық әлеміндегі тілдік және тілдік емес жүйесі қатысымдық және танымдық құрылым ретінде коммуникация мен когницияның зерттеу нысандарын біріктіре отырып, тілдік қатынас пен таным үдерісін бір-бірімен сабақтастырады, тоғыстырады», деп жазады.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдіс – керек­шіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай», деп тұжырымдай­ды. Тілші-әдіскер Фаузия Оразбаева қатысым әдісін қазақ тілін үйрету жүйе­сіне пәрменді өзгерістер енгізу аса қажет болып отырған дер кезінде ұсынды. Фаузия Оразбаева ұсынған ғылыми-әдіс­темелік ұстанымдарда қазақ тілін әрі қаты­сымдық, әрі танымдық бағдарлы оқы­ту мәселелері қазіргі уақытта да жан-жақты зерттеліп жатыр.

Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесі бойынша Фау­зия Шәмсиқызы Оразбаеваның жетек­шілігімен 16 докторлық, 39 канди­даттық диссертация қорғалды, 42 гранттық ғылыми жоба орындалды. Ұстаз ілімін жалғастырған еңбектерде қазақ тілін үйретуде деңгейлік оқыту технологиясын дамыта отырып, лексикалық бір­ліктерді танымдық бағдарлы оқыту, сөй­лесім мәтіндерін меңгерту тапсырма­ларын қатысымдық бағдарлы құру мәселелері тереңнен зерттеліп, оқу үдерісіне енгізіліп, тиімділігі дәлелденіп отыр.

Бұл айтылып отырған мысалдар – ұлағатты ұстаз, табанды ғалымның ұзақ жылдық ғылыми, шығармашылық, тәлім­герлік еңбегінің жемісі. Сондай-ақ бұл – бір жыл, он жыл емес, ғалым-ұстаз­дың ондаған жылдық өмірінің серігі болған тіл теориясы мен тілді оқыту әдіс­темесі ғылымдарының айтулы қос сала­сын зерттеуге арналған орасан уақыт кеңістігінің жарқын беттері.

 Шоқан Уәлиханов атындағы бірін­ші дәрежелі сыйлықтың лауреаты, Мем­лекеттік ғылыми стипендияның иегері, екі мәрте ЖОО үздік оқытушы­сы, «Парасат» орденінің иегері Фаузия Шәм­сиқызы – жаратылысынан адал еңбек пен әділ шешімге ден қоя білер кең мінезінің арқасында замана талабына сай мемлекеттік тілді оқытуды пәндік-кәсі­би шеңберде ғана қалдырмай, қазақ тілін миллион санды аудиторияға сіңіру­дің, үйретудің, меңгертудің көпдеңгей­лі тұжырымдамасы мен бағдарлама­сын, оқу-әдістемелік кешенін ұсынып, тіл методикасын жаңа арнаға салған өрісі кең, өнегелі мектеп қалыптастырған көрнекті тілші-ғалым, ұлағатты ұстаз.

Ұстазымыз қазақ тілінің мемле­кеттік мәртебесін баянды ету бағытында алда да талай ғылыми жобаларды жүзеге асырады деп сенеміз.

 

Шынар Құрманбаева,

педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры