Үкімет • 30 Мамыр, 2024

Маңызды түзетулер мен толықтырулар мақұлданды

68 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында еліміздің ішкі, сыртқы мәселелеріне қатысты 14 заң жобасы қаралды. Соның ішінде елдегі маңызды құжаттар ғана емес, «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары, Қытай мен Қазақстан Үкіметтерінің көлік бағыты, «Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу» жөнінде хаттама да бар.

Маңызды түзетулер мен толықтырулар мақұлданды

Түркі мемлекеттеріне қажет транзиттік көлік

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, «Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта жасалған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық аралас жүк тасымалы туралы келісімді ратификациялауға арналған. Келісімнің мақсаты – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік көлік әлеуетін және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту. Құжат түркі мемлекеттері елдері арасында теміржол, су және автомобиль көлігі орындайтын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондықтан маңызы жоғары құжат егжей-тегжей сараланып, мүдделі мемле­кеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкіл­дерінің алдынан өткен. Сондай-ақ коми­тет­тің кеңейтілген отырысында да қара­лып, Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жо­басы бойынша оң қорытындыларын ұсынған.

Бұдан бөлек, комитет басшысы «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасын­дағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімнің маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, өзара келісім екі елдің аумағы бойынша контейнерлік пойыздар үшін экспорттық-импорттық, транзиттік тасымалдарды ұлғайту жөнінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізбек.

«Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев: «Бұл құжат – әлемдік мұхитқа шығатын теңіздер мен су айдындарындағы балық аулауды және онымен байланысты қызметті қамтитын тарихтағы алғашқы көпжақты сауда келісімі. Осы арқылы заңсыз, хабарланбайтын, реттелмейтін кәсіпшілікке ықпал ететін субсидиялар беруді шектеу арқылы балық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету көзделеді», деді.

 

Әділ механизм енгізу көзделеді

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Са­бильянов кейбір заңнамалық актілерге мем­­лекеттік статистика және деректерді бас­қару мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізуге қатысты заң жоба­сын таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы биыл 2 мамырда өткен палата отыры­сында бірінші оқылымда мақұлданған. Құ­жат деректерді басқару саласындағы заң­н­а­маны жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр. Мәселен, деректерді басқару саясаты са­ла­­­с­­ын­дағы өкілеттіктер мен құзыреттер­ді бөлу, Ұлттық статистика бюросына сапа­лы деректерді қалыптастыру бойынша қо­­сым­­ша өкілеттіктер беру мен деректер­ді жи­­нау әдістерін жетілдіру, үлкен дерек­терді тал­дауға көшу, әкімшілік деректер­дің сапа­­сы мен анықтығын арттыру мақса­тында де­­рек­тер бақылаушыларын енгізу көз­дел­ген. Бұдан басқа, «электрондық үк­імет» ақ­па­рат­тық-коммуникациялық платфор­ма­сының жұмысын құқықтық реттеу қарастырылған.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне экономикалық құқық бұ­зу­шылықтарды одан әрі қылмыс­тық си­паттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және тер­роризмді қаржыландыруға қарсы іс-қи­мыл мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы ту­ралы баяндама жасады. Оның айтуын­ша, құжат Мемлекет басшысының «Әді­лет­ті Қазақстанның экономикалық бағда­ры» атты былтырғы Қазақстан халқы­на Жол­дауын орындау мақсатында әзір­ленген. Онда экономикалық сипаттағы құқық бұзу­шылықтарды қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру мен кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындайтын әділ механизм енгізу тапсырылған.

Осы мақсатта Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге түзетулер енгізуге бас­тама жасалды.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелеріне қатысты заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты.

«Заң жобасының негізгі мақсаты – құ­жат­ты «Жылу энергетикасы туралы» заң жоба­сының ережелеріне сәйкес келтіру, жылу энергетикасы мен жылумен жабдық­тау саласындағы қатынастардың барлық жиын­тығын реттеу үшін толыққанды құқық­тық негіз белгілеу», деді комитет басшысы.

Ал Парламент Сенаты жаңа редакцияда ұсынған «Кейбір заңнамалық акті­лерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барын­­ша азайту, қарыз алушылардың құқық­­тарын қорғау, қаржы нарығын рет­теу және атқарушылық іс жүргізуді жетіл­діру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­­тырулар енгізу туралы» заңның жеке­­ле­ген баптарын түсіндірген Қар­жы және бюджет комитетінің хатшысы Татья­на Савельева: «Сенат 35 түзету енгізді, оның ішінде 11-і нақтылау сипатында, 24-і жаңа түзету. Комитет заңға Парла­мент Сена­ты енгізген өзгерістермен және толық­тыру­лар­мен келісуге болады деп есептейді», деді.

 

Санавиация қызметіне сенім бар ма?

Бұдан кейін депутаттар елдегі өткір мәселелерді жіпке тізіп, Үкімет басшысынан бастап тиісті министрліктердің атына сауал жолдады.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев ұшаққа авто­көліктің жанармайын құйып ұшыра­тын, жарты ғасырлық ғұмыры бар әуе көлік­терінің «өлім аузында» жатқанын жет­кізді. Айтуынша, ауыл медицинасы тұр­мақ, қаладағы медицина шатқаяқтап тұр. «Біз­дегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы сол. Аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп қорқады енді қарапайым ел. Хош, Қостанайда суға қонамын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты. Қазбалап кеп жібергенде жантүршігерлік жайттар әшкере болды. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұшағының еншісінде», дейді ол.

Былтыр санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалған. Бірақ саладағы сорақылық азаймай тұр. Өкініштісі сол, еліміздегі санавиацияда қолданылатын АН-2 – кеңес кезінде, 1947 жылдан бас­тап шыққан ұшақ. Ал ЯК-40 – 1966-1981 жылдары құрастырылған әуе көлігі. «Осы тұрғыда орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтарын қолданатын еліміздің санавиация қызметіне сенім бар ма?» деген депутаттың сауалына құзырлы мекемелер құрғақ жауап бермес деген үміттеміз.

 

Шағын шаһарлардағы іс шатқаяқтап тұр

Шағын шаһарлардағы өндіріс өнер­кә­сіп­терімен қатар шағын бизнес те шат­қаяқ­тап тұр. Бұл туралы «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков айтты. Оның сөзіне сенсек, Түркістан облысына қарасты Кентау мен Арыс қалаларында инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, халықтың жайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен моноқалада шешімін таппай отырған өзекті мәселелер әлі де бар. Атап айтар болсақ, Кентаудағы жылу жайы. Қазір 1934 жылы салынған жылу орталығының қызметін 14 мыңнан астам абонент тұтынып отыр. Оның ішінде 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үй және 106 бюджеттік мекеме мен 441 коммер­ция­­лық нысан бар. Жылу орталығы жаб­дық­­тары­ның 85 пайызы тозған. Сал­дары­нан был­­тыр кентаулықтар қыс бойы тоңып шықты.

Депутат Кентауда тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам тұрғанын алға тартты. Соған қарамастан қалада 2019 жылдан бері көпқабатты тұрғын үй салу ісі тоқтап қалған. Оның сыртында жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегінде тұр. Алайда инфрақұрылым жүргізілмеуіне байланысы бұл мәселе де шешімін таппай келеді. Мәселенің барлығы қаржыға келіп тіреліп тұр.

 

Су бөгеттерінің 60 пайызы тозған

Сондай-ақ депутат Қайрат Балабиев еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынынан туындаған өзекті мәселені қаузады. Осы қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты өткен шұғыл кеңесте Үкіметке барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшей­ту, ең бастысы, азаматтардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мен алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелген. Соны­мен қатар Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» ат­ты Жол­дауында: «Су шаруашылығы нысан­дары­ның 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», дегенін алға тартқан ол: «Ордабасы ауданының бір топ бұрынғы су шаруашылығы қызметкерлері елде болған соңғы су тасқынына байланысты «Бөген» су қой­масының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Биыл нау­рыз айында әлеуметтік желіде ауыл ша­руа­шылығының белгілі сарапшысы К.Пав­лов та «Бөген» су қоймасының бұзылудың аз-ақ алдында тұрғанына алаңдатушылық біл­дір­ген болатын. Түркістан облысы әкім­дігі­нің қа­рамағындағы Ордабасы ауданын­дағы стра­тегиялық маңызы бар «Бөген» су қойма­сы 1967 жылы пайдалануға берілген, бө­геті­­нің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биік­тігі – 19,3 метр. Бұл су қоймасы «Бөген» елді мекені­нен 25 метр биіктікте орналасқан. Сы­йым­дылығы – 370 млн шаршы метр, облыс­тың бес ауданына су береді және 120,0 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп келеді», дейді.

57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Салдарынан бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Ең сұмдығы, су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары су мамандары емес екен.

Елдегі соңғы жағдайларды еске салған депутат төтенше жағдайды болдырмау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі қауіпті жағдайда тұрған «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жауапкершілік алу қажет екенін жеткізді.