Сауда • 30 Мамыр, 2024

Қазақ-қытай сауда қатынасының жаңа белесі

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай үкіметтері халықаралық автомобиль тасымалы көлемін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Еуропа бағытына арналған контейнерлік пойыздар тасымалын жетілдіруге білек сыбана кіріспек. Оған Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қабылданған бір-бірімен біте-қайнасқан үш ілеспе заң мүмкіндік бермек.

Қазақ-қытай сауда қатынасының жаңа белесі

«Қазақстан Республикасы­ның Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңы­ның жобасын Көлік ми­нистр­лігі әзірлеген. Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, еліміздің ірі сауда әріптестерінің бірі саналатын Қытаймен арадағы автокөлікпен жүк тасымалдау саласында жыл сайынғы өсу тенденциясы байқалып отыр.

– Мысалы, былтыр тасымал көлемі 2022 жылмен салыстыр­ғанда 2,5 есеге көбейіп, 1,8 млн тон­наны құрады. Қытай тарапымен қолданыстағы келісім 1992 жылы сол уақыттағы тасымал үдерісінің мүмкіндіктеріне сәйкес жасалған. Ал жаңа келі­сім ақпараттық технология­лар­ды енгізуді, тасымалдар үдері­сін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумағына автокөліктердің емін-еркін ішкерілей кіруін қарастырған. Осылайша, отан­дық авто­тасымалдаушылар жүк шоғырланатын ірі қалалар­ға, сондай-ақ Қытайдың халықара­лық теңіз порттарына дейін бару мүмкіндігіне ие болады, – дейді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Сонымен қатар министрдің ай­туынша, келісімге сәйкес бар­лық тасымал рұқсат негізін­де жү­зеге асырылмақ. Бұл өз кезе­­гін­де қос тарап тасымалдаушы­лары­н­а тасымал паритетін сақтау­ды реттеуге мүмкіндік береді.

– Келісімді жүзеге асыру жолаушылар мен жүк тасымалы­ның, сондай-ақ Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақ­тас­ты­ғының одан әрі дамуына өз ықпалын тигізетін болады, – деді М.Қарабаев.

Жалпы, осыған ұқсас келісім екі ел Үкіметінің арасында былтыр да жасалған еді. Зер салсақ, екі келісімнің де түп төркіні сонау тоқсаныншы жылдарға барып тіреледі. Дегенмен осы тұста биылғы жаңа келісімнің қандай айырмашылығы, артықшылығы бар деген заңды сұрақ туады.

– Ең алғашқы келісім осыдан отыз жылдай уақыт бұрын жасалған. Ол келісім де нақты жағдай ескеріліп, сол кезең­нің үдерістеріне негізделген еді. Ал қазіргі келісімшарттың екі ерек­шелігі бар. Біріншісі – рұқсат беру құжатын толық цифрландыру­ға өткізу. Бұған дейін жылына екі елдің арасына тек 50 мың­дай ғана рұқсат беретін едік. Цифрлық жүйенің арқасында қазір өткізіп жатқан қанатқақты сынақ кезеңінде былтыр рұқсат құжатын 113 мыңға көбейттік, биыл 200 мыңға көбейтеміз. Осылайша, екі ел арасындағы тасымал көлемі төрт есеге артып отыр.  Екінші ерекшелік – бұдан бұрынғы келісімге сәйкес, қос мемлекеттің жүк көліктері тек шекара маңындағы қалаларға ғана кіре алатын. Ал енді қазір біздің көліктер Қытайдың кез келген қаласына бара ала­ды. Бұл – біз үшін үлкен жетіс­тік. Яғни өзіміздің тауар та­сы­малдаушылардың енді шығыс­тағы көршінің ірі порттарына тікелей кіріп-шығуына мүмкіндік туды. Оған қоса Қытай біздің аумақтағы Транскаспий көлік дәлізі арқылы өтетін болады, бұл біздің транзиттік әлеуетімізді өзгертеді. Ерекше айтып өтетін бір жайт, осы уақытқа дейін Қытай Халық Респуб­ликасы бірде-бір елге өз жері­не өзге ел көліктерінің емін-ер­кін кіруіне рұқсат етпеген. Мұн­дай мүмкіндік алғаш Қазақ­станға беріліп отыр, – деген Ма­рат Кәрім­жанұлы бұл былтыр Мем­лекет басшысының Сиань қала­­сына жасаған мемлекеттік с­апа­ры аясындағы келіссөздердің нә­ти­­жесінде жүзеге асқанын атап өтті.

Ал Қазақстан Республикасы­ның Үкіметі мен Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Үкіметі ара­сын­дағы Транскаспий халықара­лық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту туралы келісім екі елдің аумағымен өтетін контейнерлік пойыздар арқылы экспорттық-импорттық, транзиттік тасымал­дарды ұлғайту жайлы ынты­мақтастықты одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ жүк көле­мінің болжамын жүргізіп, жылжымалы құрамды қадағалау деректерімен алмасуды реттейді.

Былтыр Дәліз арқылы тасымалдар көлемі 20,5 мың контейнерлік пойызды құра­ған. Алайда бұл 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға тө­мендеген. Десе де биылғы 4 ай­­дың қорытындысымен 10,4 мың контейнерлік пойызды құрап, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға өсіп отыр.

Келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Дәліз арқылы жүктерді тасымалдау жөнінде Бірлескен жұмыс тобы құрылады, ол жүк тасымалдаудың кепілді көлемдерін бекітпек.

Қазақ-қытай сауда-экономи­калық әріптестігін нығайтатын тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту туралы келісімді рати­фи­кациялау туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңы. Келісімнің мақсаты – Транскаспий халықаралық көлік бағыты бо­йынша мультимодальды тасымалдарды дамыту. Ол үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлігі түрлерінің артықшылық­тарын пайдалану ұсынылады, бұл Қазақстан мен Қытай аумақтары арқылы жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік бермек.

Өткен жылдың соңында Дәлізде жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 65%-ға өсті және 2,7 млн тоннаны құраған. Биылғы 4 айдың қоры­тындысына қарасақ, тасымал көлемі 1,4 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстыр­ғанда 14%-ға өскен.