Осыған байланысты жергілікті Ауылшаруашылық және жер қатынастары басқармасына хабарластық. Олардың мәліметінше, 120 жылыжайдан тұратын кешен сонау 2012 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы есебінен салынып, жеке кәсіпкерге лизингке берілген. «Бұл жұмысқа облыс бюджетінен бір тиын да бөлінген жоқ» деседі басқарма мамандары. Тартылған инфрақұрылым да кәсіпкер есебінен жүргізілген.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кейіннен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына қосылу жолымен таратылады. Яғни талап ету құқығы осы корпорацияға өтіп, бүгінде олар шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты берешекті өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз берген.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Маханбет Тұрмахановтың айтуынша, 10 гектарлық алқап иесіз емес. Олардың жылыжайларды қарауылдау қызметін тоқтатқанына да көп бола қоймапты.
Алғашқы лизингке алушы міндеттемесін орындамағасын кері қайтарылып, кешенге инвестор іздеп, сатылымға да шығарған кезі болыпты. Тек 2017 жылы ғана бір кәсіпкер осы іске бел буып, жұмыс бастайды. Тіпті алғашқы өнімін де шығарыпты. Бірақ көп ұзамай оның тірлігі де тұйыққа тірелген. 2021 жылы кәсіпкер 10 гектарлық алқапты бөліп, қарыздың жартысын мойнына алғандар 5 гектарына күріш көшетін дайындамақ та болған екен. Бірақ бұл да аяқсыз қалып тұр. Екінші мәрте міндеттемелерін орындай алмағандардан былтыр «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жылыжайларды қайтарып алу жұмыстарын бастап кетті.
«Әуелі бізге келтірілген шығынды анықтауымыз керек. Осы үшін мамандандырылған компания іздедік. Олар келіп, жан-жақты зерттеп, жылыжайлардың құрал-жабдығының істен шығып, жарамсыз болып қалғандығын растайтын анықтама берді. Бұл шығынның бәрі кәсіпкерлер есебінен өтеледі», дейді филиал жетекшісі.
Жылыжай кешенінің жұмысын бастаған бизнесменнің, кейінгі екі компания иелерінің де аты-жөні мен басқа да деректері банктік құпия ретінде сақталады. Жалпы, берілген 600 млн теңгеге жуық қарыздың осы уақытқа дейін 30 пайызға жуығы қайтарылған.
Корпорация кешенге жаңа инвестор іздеп те көріпті. Әкімдікке, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да хат жазған. Бірақ осы күнге дейін істі әрі қарай жалғастыратын ілкімді жан табылмай отыр.
«Бұл – қор мен кәсіпкер арасындағы мәселе. Мұнда бюджеттің қаржысы жоқ. Бизнестің қай саласында да іс бастағандардың бәрінің көші бірден түзеліп сала бермейтінін бәріміз білеміз ғой. Бұл да – сондай тәуекелі ақталмаған тірліктің бірі. Бізге қайтарылғанның өзінде де қарыз алушы барлық міндеттемесін орындайды. Оған ешқандай күмән болмауы керек», дейді Маханбет Ақылбекұлы.
Қазір іс Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр.
Қызылорда облысы