Жасы жетпістен асса да, тракторға, үй мен түздің шаруасына әжей әлі тың. Еңбек жолын механизатор болып бастаған әжейдің көк тракторына деген құрметі ерекше. Ауыл әкімі дизель отынын құйып берсе болды, кез келген өтінішін жерге қалдырмайды. Көк шыққалы бері республикалық эко-акцияның белортасында жүр. Тракторының жүк таситын тіркемесімен күл-қоқысты ауыл шетіндегі полигонға тасып берді.
Бұған қоса Рымтай әжей – ауыл тұрғындары арасында өтетін «Таза аула» байқауының жыл сайынғы жеңімпазы. Қар еріген бетте ауласын елден бұрын тазартып қоятыны – ауылға деген құрметі, табиғатқа деген жанашырлығы.
– Рымтай әжей – ауылдың қадірлі анасы. Ауылға тілекші, жанашыр жан. Еңбекке ерте жасынан араласқан. Тыным таппайды. Даланың шаруасында да өзі жүреді. Ауылдан техника табылмай қалып жатса, бірден Рымтай әжейдің көмегіне жүгінеміз. Жанар-жағармайын құйып береміз. Көк тракторымен көп шаруамызды бітіріп береді. Міне, бір айдан асты, экологиялық сенбілікке еңбегін сіңіріп жүр. Қысы-жазы көмегін аямайды, еңбегін пұлдамайды. Осындай үлкендеріміз бар кезде ауылдың береке-бірлігі арта түседі, – дейді ауыл әкімі Нұрлан Абжанов.
Рымтай Әбенқызы – Ақшатау ауылының тумасы. Ең алғаш 19 жасында жұмысқа механизатор болып орналасқан ол Талды ауылында тракторымен жер жыртып, шөп шауып, мал бордақылау алаңдарында еңбек еткен.
Рымтай әжейдің күйеуі Ғазиз Иманбеков те механизитор болыпты. Олар қырда бірге жарысып еңбек еткен. Бұл туралы кейіпкеріміз естелігінде былай дейді.
– Үйден шығарда екеуміз екі трактормен қырға қарай жарысып баратынбыз. Дегенмен менен озып кетсе, алаңдап артына қарайлап қоятын еді. Жаз бойы екі трактормен қатар жүріп, шөп шабатын едік. Күз келгенде қойшыларды көшіреміз. Техника болған соң, бұзылмай қоймайды. Тоқтай қалып, сайман-сауытымызды алып шығып, жөндеуге кірісіп кететін едік. Күйеуім еңбектен қашпайтын еді. Барлығын адал әрі таза істейтін, – дейді асыл әжей.
Рымтай Әбенқызы тағдыр сынағына сынбады. Темірдей төзімділік танытты. Құдай берген екі ұлы, артынша асыл жары дүниеден озды. Бірақ мойымады. Ішіндегі қайғы-мұңын еңбекке жұмсады. Ерік-жігерін тіктеді. Қазір екі қызы, алты немересінің тілеуін тілеп отыр.
Ауыл анасы қара жұмысты талғамайды. Бір кездері құрылысқа да қатысып, ауылдағы үйлерді жөндеген. Түздің кез келген шаруасы әлі де қолынан келеді.
Әлді әжей бір кездері бозкілемде де белдескен. Шет ауданының 80 жылдық мерейтойында әйелдер арасындағы күреске қатысып, ауыр салмақ дәрежесінде өзінің 58 кило салмағымен біраз қарсыласының жауырынын жерге тигізгенін ел-жұрт әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.
Еңбек адамы Рымтай Әбенқызы депутат та болған. Халық қалаулысы ретінде Ақшатау аулына қатынайтын жолдың салынуына үлесін қосқан.
Асыл әжейдің мынадай пайымы бар: «Ауылды түлету – ұлтты ұлы ету». Сөз соңында осыны бойтұмар етіп алған ауыл анасының ғұмыры ұзақ болсын демекпіз.
Қарағанды облысы