Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бесінші туры аясында өскемендік «Алтай» өз алаңында алматылық «Хан Тәңірі» командасын қабылдады. Ойын нәтижесі бойынша қонаққа келген команда жеңіске жетіп, қанжығасына үш ұпайды байлап кетті. Кездесу барысында толассыз гол соғылмаса да, ойын қызу тартысқа толы болды. Әрине, мұндай бәсекеде қауіпсіздік шаралары да жоғары деңгейде орындалуға тиіс. Бұл жолы да «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері спорттық шара тәртібін бастан-аяқ бақылап, қырандай қырағылық танытты.
Таяуда «Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлері Алматы метросында қоғам тыныштығын бұзған. Полицейлер қалада ғайбат сөз айтып, қоғамдық орындарды ластаған футбол жанкүйерлерін жауапқа тартты. Спорттық іс-шараларда өзін өзі ұстау ережелерін бұзған құқық бұзушыларға әкімшілік шара қолданылды. Ал футбол жанкүйерлерінің стадиондағы ерсі қылықтары бұдан да асып түседі. Есте болса, осыдан бір ай бұрын Түркия суперлигасының 30 туры аясында «Трабзонспор» мен «Фенербахче» командалары кездесу өткізді. Ойын соңына қарай жергілікті команда жанкүйерлерімен қонақ команда ойыншылары арасында төбелес басталып кетті. Қазір жарыс кезіндегі осы олқылықтың салдарынан «Фенербахче» футбол клубын суперлигадан алып тастау мәселесі көтеріліп жатыр. Эмоцияға берілген фанаттардан қитұрқы әрекеттің түр-түрін күтуге болады. Сондықтан болар, «Интер Майами» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Мессидің оққағары да ойын барысында футболшының өзімен бірге жүгіріп, қара терге түсетіні бар.
Ойыншы алаңның қай бұрышында болса, алаң шетімен сол аумаққа әрлі-берлі жүгіріп әлек түсіп жүретіні езу тартқызады. Бірақ тартысқа толы жарыстарда жанкүйерлердің ойына не жатқанын ұғу қиын.
Өскемендегі бірінші лигада өнер көрсететін «Алтай» футбол клубының ойыншыларында жеке оққағар жоқ. Өйткені бұл жақта алаң ортасында ойран салатын бұзақыларды қойып, ойынды тамашалауға келетін көрермен саны да некен-саяқ. Дегенмен Ұлттық ұланның сарбаздары спорттық ойынның ойдағыдай өтуіне атсалысып, әрдайым қауіпсіздіктің жоғары деңгейінде қызмет атқарып жүр.
– Мен Ұлттық ұлан қатарына Семей қаласынан шақырылдым. Біздің қала тұрғындарының футболға деген құлшынысы алабөтен. Биыл ғана премьер лигаға өтіп, көшбасшыға айналған «Елімай» командасының әрбір ойынын жергілікті жұрт тағатсыздана күтіп, елеңдеп отырады. Айталық, «Елімайдың» «Қызылжармен» өткізген ойынына 8 мыңға жуық адам жиналған. Әрине, «Алтай» командасы бірінші лигада ойнайды. Алайда былтыр «Елімайда» бірінші лигада өнер көрсеткен. Сол кезде де стадионда ине шаншар орын қалдырмаған жанкүйерлердің саны көбеймесе, азайған жоқ. Ал «Алтайдың» ойынына бүгін мөлшермен 40-50 адам келген. Бірақ Өскемен қаласының тұрғындары футболдан гөрі хоккейге құмар сияқты, – дейді 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Диас Малдыбаев.
Мерзімді әскери қызметші қаруластарымен бірге ойынға екі сағат бұрын келген. Құрамында кинологі бар жауынгерлік жасақ жасыл алаң сыртын торуылдап, футболға келген жұртшылықты көз сыдырта бақылауға алады. Күдікті көрінгендер болса, тоқтатып, тексеріс жүргізеді. Ал қалған әскери сарбаздар болса жасыл алаңға арқасын беріп, тізе бүккен жұртшылыққа назар салып, тиесілі аумақты бақылауға алуға тиіс. Ала доп аламанының қауіпсіздігін мойынына алған мерзімді әскери қызметшінің бірі – Айбек Алтынбеков. Ол да Ұлттық ұлан сапына Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы Бесарық ауылынан шақыртылған. Жауынгерлік жасақ қатарында қырандай қырағы сарбазға стадион аумағын бақылауға алу жүктелген. Өйткені қарсылас командаға немесе қарсылас команданың жанкүйерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасауға әрекеттенген бұзақы тобы болуы бек мүмкін. Ұлттық ұлан сарбазы осындай жанкүйерлер жайында жолдастарынан біраз ақпарат алған көрінеді.
– Мен мектеп қабырғасында жүргенде «Жайдарманда» өнер көрсеттім. Бір жолы Қызылорда қаласында өткен сайыста жаңа достар таптым. Сахнада өнер көрсетіп болғаннан кейін, бәріміз киім ауыстыратын бөлмеде бас қосып, әңгіме-дүкен құратынымыз бар. Астана қаласынан келген бір әзілкеш Ұлыбританияда болған екен. Ол Тұманды Альбион елінде футбол жанкүйерлерінің қызуқанды болатынын айтты. Мәселен, олар қарсылас клубқа жанкүйер екендігіңді біліп қойса, жағдайың мүшкіл деген сөз. Ал сенің қарсылас команданың қаласында жүргеніңді көрсе, артыңнан қуып, ізіңді аңдудан еш жалықпайды екен. Олармен кикілжіңге түсудің еш қажеті жоқ. Артыңнан ерген суыт жүрістілерді байқап қалған болсаң, абдырамай жедел такси шақырып, тайып тұрмасаң, тұрған жерде атып тастауы да мүмкін. Сондықтан стадионға барып, сүйікті командаға қолдау танытқанда, эмоцияға салынбай, салмақты болғаның жөн. Сенің командаң ойын барысында жеңіске жетіп, оның әсерінен шаттанып, есіріп, дарақылық танытпауың қажет. Қарсылас команда жанкүйерлерін мазақтап, қол шығарып қалсаң, сенің түріңді бірден жаттап алады. Одан кейін жалғыз жарым жүрген жеріңде таяқтың астына алуы да ғажап емес. Сондықтан жанкүйер болудың да өз мәдениетін сақтаған жөн. Шынымен, егер бұзақылық бола қалса, бұл ертең футболсүйер қауымды үркітіп алуға дейін апаруы мүмкін. Мұндай бұзақылықтар футболға қызығушылық танытып жүрген жастардың «Соққыға жығылып жатқанша, үйде жатып-ақ жанкүйер болайын» деген көзқарасын қалыптастырады. Ал жанкүйер азайса, елдің футбол командасына кім жігер сыйлап, рухын оятады? Сондықтан ала допқа алаңмен қарау керек. Егер ұландықтар әрбір тәртіпсіздіктің алдын алып, көрерменнің қорғанына айналса бұл футбол жұртшылығын арттыра түседі деп ойлаймын. Ал футболшы үшін ойынның тартысты өтуіне себепкер бөркін аспанға лақтырып қуанып, жалынды ұранымен рухыңды асқақтатар көрермен қауым, – деп ағынан жарылды әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбек Алтынбеков.
Жақында ғана «Алтай» командасы өз алаңында тағы да кезекті ойын өткізді. Теңбіл доп тартысының қауіпсіз өтуіне атсалысқан ұландықтар өз міндетіне әрқашан мінсіз, сақадай сай дайын.