Қазақстан • 30 Мамыр, 2024

Алматы өмір сүру сапасы бойынша Мәскеу мен Шанхайды басып озды

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның Oxford Economics аналитикалық компаниясы өзінің алғашқы Дүниежүзілік қалалар индексін құрастырды. Ол 1 000 ірі қалалық экономиканың бағалауын ұсынды. Ғалымдар Қазақстанның үш қаласын – Алматы, Астана және Шымкентті әлемдегі ең жақсы қалалардың қатарына қосты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы өмір сүру сапасы бойынша Мәскеу мен Шанхайды басып озды

Фото: astana.citypass.kz

Бір қызығы, рейтингте Алматы 260-шы, Астана 289-шы, Шымкент 482-орынға жайғасты.

Алматы қаласы Доха (Катар), Краков (Польша), Буэнос-Айрес (Аргентина), Шанхай (ҚХР), Мәскеу (Ресей), т.б. сияқты дүние жүзіне әйгілі және ірі қалаларды басып озды. 

Елордамыз Алматыдан 29 орыннан кейін жайғасқанымен, Лейпциг (Германия), Афины (Грекия), Флоренция (Италия), Анкара (Түркия), Рига (Латвия), Мекке (Сауд Арабиясы), Дели (Үндістан)  қалаларынан озып түсті.

Шымкент өз кезегінде Джакарта (Индонезия), Үрімші (ҚХР), Рабат (Марокко), Претория (Оңтүстік Африка), Гавана (Куба), Минск (Беларусь), Қазан (Ресей) қалаларын артта қалдырды.

Жоба авторлары қалаларды қандай критерийлер бойынша бағалады? Олар: экономика, адам капиталы, өмір сүру сапасы, қоршаған орта және басқару. Олардың әрқайсысы бірқатар көрсеткіштерді қамтиды, мәселен: экономикалық және саяси тұрақтылық, білім деңгейі мен тұрғындардың жас ерекшеліктері, интернетке қолжетімділік, мәдени нысандардың саны, ауа сапасы, ауа райының ауытқулары. Нәтижесінде барлығы 27 көрсеткіш бар.

Мысалы, «қоршаған орта» категориясы ауаның тазалығы, температура ауытқулары, жауын-шашын, зиянды шығарындылардың қарқындылығы, табиғи апаттар сияқты көрсеткіштерден тұрады. Адами капитал көрсеткішіне білім деңгейі, халық санының өсуі, университеттер, азаматтардың жас ерекшеліктері, халықаралық компаниялардың штаб-пәтері сияқты факторлар әсер етеді. 

Еліміздің қалалары бағаланған критерийлер бойынша:

  • Алматы: экономика – 1000-нан 338-ші орында, адам капиталы – 55-ші, өмір сүру сапасы – 313-ші орында, экология – 721-ші орында, басқару – 605-ші орында.
  • Астана: экономика – 1000 орыннан 258 орын, адам капиталы – 115, өмір сүру сапасы – 356, экология – 571, басқару – 605 орында.
  • Шымкент: экономика – 1000-нан 566, адам капиталы – 264, өмір сүру сапасы – 523, экология – 806, мемлекеттік басқару – 605 орынды иеленді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті