Білім • 30 Мамыр, 2024

Құқықтық білім беруді дамытудың жаңа концепциясы

284 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет пен қоғам өмірінде құқықтың атқаратын рөлі аса маңызды. Өйткені құқық нормалары тарапынан реттелмеген сала кемде-кем. Құқық ережелерді белгілеп, олардың орындалуын қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік беретін жүйені қалыптастырады. Құқықтық білім беру – осы маңызды міндеттерді жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі.

Құқықтық білім беруді дамытудың жаңа концепциясы

Фото: yassy-tur.kz

Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы құқықтық білім берудің жағдайына, заңгер мамандардың сапасына қатысты сын пікірлерді жиі естиміз. Әсіресе жұмыс берушілер заң факультетінен шыққан түлектердің дайындығына көңілі толыңқырамай жатады.

«Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің сәуір айындағы жиынында еліміздегі құқықтық білім беру мәселелерін анықтап, оларды шешу мақсатында құқықтық білім беруді дамытудың концепциясын жазу ұсынылды. Жоспар бойынша елімізде заңгерлерді оқытатын 60 университеттің осы саланы дамытуға қатысты, концепцияға енгізетін ұсыныстары алдын ала жиналып, сұрыпталады. Одан соң концепцияның құрылымы жасалып, Астанада өтетін стратегиялық сессияда барлық университеттердің өкілдері жұмыла талқылап, концепция жобасының соңғы нүктесін қойды.

Содан 2024 жылдың 21-23 мамырында Maqsut Narikbayev University ғимаратында «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік ұйымдастырған стратегиялық сессия өтті. Бұл іс-шараға құқық саласындағы жетекші мамандар, академиялық қауымдастық өкілдері және 52 жоғары оқу орны мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

 Алға қойылған мақсат және міндеттер

Сессияның басты мақсаты – еліміздегі құқықтық білім беруді дамытудың негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын бірыңғай концепция әзірлеу. Сессияға дайындық барысында заң факультеттері жіберген ұсыныстар жүйеленіп, қазіргі жағдайдың «SWOT» және «PESTL» талдаулары жүргізілді.

Университеттер ұсынған деректер мен ұсыныстарды негізге ала отырып, үш күндік жұмыс барысында концепция жоспары әзірленді. 52 жоғары оқу орнының өкілдері саланың мәселелерін анықтап, шешу жолдарын, дамытудың негізгі бағыттарын талқылап, тәжірибе алмасты.

Анықталған мәселелер

Біріншісі – оқу бағдарламаларының сапасының төмендігі. Қарап отырсақ, ел көлемінде 60 университет сан түрлі бағдарламамен заңгер даярлайды екен. Оған қоса көптеген университетте білім беру бағдарламаларының теориялық және жария құқықтық сипаты басым. Университетте берілген білімде практика мен нарықтың қажеттіліктері ескерілмегендіктен түлектер кейін жұмысқа тұрғанда алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда және нарыққа қажетті құқықтық мәселелерді шешуде  қиындыққа тап болады.   

Екіншісі – кадр мәселесі. Елімізде білікті оқытушылардың көбіне инфрақұрылымы жақсы, ірі қалаларда шоғырланғаны белгілі. Сондықтан екі үлкен мегаполистегі университеттерде жоғары білікті оқытушылар, халықаралық тәжірибесі бар мамандар тапшы. Алайда маман тапшылығына қарамастан, 20 миллион халқы бар елде 60 университет заңгер дайындап жатқанын да айта кеткен жөн. Бұлардың ішінде ауыл шаруашылығы, техникалық, педагогикалық профильдегі университеттер бар. Кадр мен бағдарламаның сапасына, оқу орнының профиліне қарамастан, сұраныс бар екен деп барлығы құқық жүйемізге кадр даярлайды. Сонда берілген білімнің сапасы, түлектің құзыреттілігі қайда қалады? Осы тұста университеттердің өз кадрларын өздері дайындайтын жүйесінің ақсап жатқанын да айта кету керек. Тиісті ынталандырудың жеткіліксіздігінен, университеттерде ұрпақтар сабақтастығы үзіліп, жас оқытушыларды жетілдіретін ғылыми мектеп жүйесі тоқырай бастаған.

Білікті, халықаралық тәжірибеге ие мамандардың жоқтығы – үшінші мәселеге әкеледі. Жаңашыл, тың көзқарастың жоқтығынан кейбір университеттер заңгер мамандығының сағат санап өзгеріп жатқан мына әлемдегі заманауи рөлін жете түсінбей жатыр. Бүгінде әлемнің дамыған елдеріндегі заң факультеттері ең алдымен бизнестің сұранысына жауап беретін, озық технологиялардың, жасанды интеллектінің, смарт келісімшарттардың, блокчейн мен трансұлттық корпорациялардың құқықтық мәселелерін шешетін заңгер дайындап жатқанда, біздің заң факультеттеріміздің көпшілігі әлі күнге дейін кеңес одағында қалыптасқан менталитеттен, қылмыстық құқық пен теорияның басымдылығынан арыла алмай жатыр. Сондықтан бұл университеттердің өнімінің басты тұтынушысы – бизнес немесе халықаралық заң фирмалары емес, көбіне ішкі істер органдары немесе мүлдем басқа салалар.

Төртінші мәселе – қазақ тіліндегі құқықтық білімнің мүшкіл хәлі. Құқық жүйеміздің тілі орысша қалыптасқан. Заңдарымыздың қазақ тіліндегі нұсқасындағы қателер, бірізді құқық терминологиясының жоқтығы, қазақ тілінде сабақ беретін мамандар мен оқу материалдарының тапшылығы сияқты кемшіліктер – студенттердің дұрыс білім алуына, түлектердің тәжірибеде құқықты дұрыс қолдануға кедергі келтіреді. Бұған қоса еліміздің құқық жүйесінің Ресей құқық доктринасына шамадан тыс тәуелділігі де – назар аударатын фактор. Жасыратыны жоқ, еліміздегі құқықтық білім беру, доктрина, құқық қолдану және заң шығармашылығы ресейлік стандарттар мен практиканың ықпалында тұр. Өкінішке қарай бұл жағдай еліміздің тәуелсіз және өзіндік құқықтық жүйесінің дамуын тежеп отыр. Мемлекеттік тілдің құқық жүйесінің сыртында қалып қоюының басты себебі де – осы.

Концепцияның негізгі бағыттары

1-ші бағыт: Білім беру бағдарламаларының сапасын көтеру

Бірінші ұсыныс: Ортақ стандарттар мен құзыретіліктері қарастырылған бірыңғай түлек профилін енгізу. Жоғарыда атап өткендей, құқықтық білім беру саласында университеттердің білім беру бағдарламалары әртүрлі. Бірыңғай бітіруші профилін әзірлеу және бекіту арқылы заң факультеттеріне қандай сапада түлек шығару керектігін көрсету көзделіп отыр.

Екінші ұсыныс: Бакалавриат түлектері үшін кәсіби қауымдастық тарапынан ұйымдастырылатын бірыңғай біліктілік емтиханын енгізу. Қазіргі кезде әрбір жоғары оқу орнында оқу бағдарламасының мазмұны, оқыту әдістемесі және жалпы студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болғандықтан, нәтижесі де сан қилы. Бірыңғай біліктілік емтиханын енгізу түлек сапасын институционалды деңгейде реттеп, сапасыз түлектерді мамандықтан шеттетуге мүмкіндік береді. Десе де, бұл ұсыныстың концепцияға енуіне түсінікті себептермен, университеттердің көпшілігі қарсы болды.

Үшінші ұсыныс: Жаһандану, технологиялар мен жасанды интеллектінің даму жағдайында болашақ заңгерлердің Soft Skills және басқа да заманауи құзыреттіліктерін дамыту. Бүгінде түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін құқық саласымен қатар, олардың қосымша дағдыларын қалыптастыру және тілдерді игерту өте маңызды. Осы тұрғыда заманауи заңгерлер үшін ағылшын тілі мен мемлекеттік тілдің қажеттілігі ерекше екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар қолданбалы салаға жататын құқықтың тек теориясымен шектелмей, практикасына да баса назар аударылады. Құқықтық пәндер бойынша қазақ тілінде сапалы оқулықтар әзірлеу де басым бағыттардың бірі. Сондай-ақ оқыту бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, заңгердің дүниетанымын кеңейтетін жаңаша форматта құқық философиясы және салыстырмалы құқық әдістемесін қосу, көптілді траекторияларды дамыту да ұсынылды.

2-ші бағыт: Кәсіби қауымдастықпен интеграцияны күшейту

Заң факультеттерінің негізгі тұтынушысы – жұмыс берушілер, оның ішінде заңгерлердің кәсіби қауымдастықтары екенін білеміз. Оларды академиялық ортаға тарту оқу үдерісінде теория мен тәжірибені ұштастырмақ. Сондықтан жұмыс берушілерді білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жетілдіруден бастап, пәндердің мазмұнын жаңартуға, лекция оқуға, клиника жұмысы мен халықаралық ойындарға тарту, яғни оларды заңгер кадрлар даярлау жүйесіне формалды емес, іс жүзінде қатыстыру өте маңызды.

3-ші бағыт: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және академиялық адалдықты дамыту

Заңгер кадрларды даярлаудың ең басты талаптарының бірі –академиялық адалдық стандарттарын қатаң сақтау. Болашақ заңгерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдылары университет қабырғасында қалыптасқаны абзал.

4-ші бағыт: Ғылым және ғылыми кадрлар сабақтастығы

Бірінші ұсыныс: Жастарды оқытушылық, ғылым, академиялық мансапқа ынталандыру жүйесін енгізу. Баршаға мәлім, бүгінде университетте, академиялық салада жұмыс істеу жас мамандар үшін тартымды кәсіп емес. Құқықтануды ғылым ретінде жаңғырту үшін ғылыми мектептер мен ғылыми кадрларды дайындау, оларды қолдау жүйесін қайта қалпына келтіру қажет.

Екінші ұсыныс: Ғылымда ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру. Құқық ғылымының дамымай жатуының басты себебі – ғылыми кадрлар сабақтастығының болмауы. Ғылыми кадрлар сабақтастығы профессорлардың артында олардың жолын жалғайтын мұрагер шәкірт дайындап қалдыруы арқылы жүзеге асады. Ғылым жолына, академиялық салаға келген жас кадрлардың алдында түсінікті, сенімді, жақсы жалақымен қамтамасыз етілген айқын жол картасы болғанда ғана олар бұл салаға бет бұра бастайды.

Концепция жазу кезінде болған қиындықтар

Өкінішке қарай жиынға қатысқан кейбір жоғары оқу орындарының өкілдері өз іс-әрекеттерімен стратегиялық сессия жұмысының берекесін қашырды. Яғни кейбір университет өкілдері тарапынан алдын ала талап етілген концепцияға қатысты өз ұсыныстары берілмеді, сондай-ақ сессия кезінде тұшымды ой айтылмады, құрылымдық диалогқа белсенділік танытпады. Кейіннен көпшіліктің үш күндік жұмысын құнсыздандырып, талқылау нәтижесінде шыққан құжатқа сенімсіздік танытуға тырысқандай болды. Дегенмен басқа да ЖОО-ның белсенділігінің арқасында жұмыс сәтті аяқталды. Стратегиялық сессияда 52 университет өкілінің үш күндік еңбегінің нәтижесі ретінде шыққан құқықтық білім беруді дамыту концепциясының жобасы ғылым және жоғары білім министрлігіне жіберілді.

Қорытынды

Келеңсіздіктерге қарамастан, стратегиялық сессияның алдына қойылған мақсат орындалды деуге толық негіз бар. Мәселеге тікелей қатысы бар университет өкілдерінің ортақ жұмысының нәтижесі ретінде еліміздегі құқықтық білімді дамыту концепциясының жобасы дайындалды. Бұл концепция заңгер кадрларды даярлаудың сапасын арттыруға, кәсіби қауымдастықпен қарым қатынасты іс жүзінде тереңдетуге, қазіргі заманға сай білім беру технологияларын енгізуге және ғылыми кадрлар даярлайтын ғылыми мектептер жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат болады деген үмітіміз бар. Құқықтық білімді дамыту концепциясын әзірлеу – еліміздегі құқықтық білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадам. Стратегиялық сессия болашақ заңгерлерді даярлаудың тиімді тәсілін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына тың серпін беретініне сенімдіміз.

Марат Ахмади,

Maqsut Narikbayev University

Ғылыми қызмет және зерттеулер жөніндегі вице-провост