Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жәрмеңке түлектерді жұмысқа орналастыруда ашық диалог алаңына айналғалы қашан. Нәтижесінде, түлектер болашақ жұмыс орнын табуға мүмкіндік алады. Биыл да аталған университетті 9 мыңға жуық студент бітіріп отыр.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Қайрат Нұрманбетов іс-шарада құттықтау сөз сөйлеп, жәрмеңкеге қатысқан жұмыс беруші мекемелерге алғысын білдірді.
– Жоғары оқу орнынан түлеп ұшқан жастарға мұндай жәрмеңке – жұмысқа тұруға зор мүмкіндік. Жас мамандар алысқа бармай-ақ, түйіндемесін арқалап әр мекемені араламай-ақ осында компания, мекеме өкілдерімен көзбе-көз сөйлесіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көп мүмкіндігі бар. Ендеше, жастар осы жеңілдікті пайдаланып, өздері оқып бітірген мамандығының келешекте жемісін көруге тілектеспіз. Біздің жоғары оқу орны сапалы мамандар даярлайды. Бүгінгі таңда мегаполистегі жетекші кәсіпорындармен келісім жасалып, сол бойынша дуальді оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни студенттер теориямен бірге сол кәсіпорында станоктармен жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдайды. Бұл келешекте олардың кәсіби маман атануына, сол жерде жұмысқа қабылдануына үлкен мүмкіндік береді, – деді Қ.Нұрманбетов.
Жәрмеңкеде Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығының еңбек ресурстарын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нағима Досанова, «Renaissance SHIK» ЖШС директоры Игорь Карпов, «Сити-инжинеринг» ЖШС директоры Саиддин Ажидиновтар да ізгі тілек білдіріп, жас түлектерге табыс тіледі. Олар өз кезегінде оқу ордасының білімді, ізденісі жоғары жастарына бос жұмыс орындарын ұсынуға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Ал іс-шара барысында бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұхбаттасып, мамандықтары туралы толыққанды ақпарат алып, мекемелердің өтінішімен түйіндемелерін қалдырып кетті. Мәселен, кілем өнімдерін шығаратын жергілікті «Бал текстиль» компаниясы кілем тоқитын станоктарға операторлар қажет екенін жеткізді. Жұмысқа тұруға келген жастарды аталған станокта қалай жұмыс істеу керектігіне оқытып, сол үшін бастапқы үйрену сатысында ақша төлеуге де дайын. Бұл кәсіпорын тек кілем тоқымайды, оған керекті жіпті де өздері иіреді екен. Онда қазір 500-ге жуық адам еңбек етеді. Аталған фабрикаға жұмысқа қабылданған азаматқа барлық әлеуметтік жеңілдік қарастырылады. Соның ішінде тегін түскі ас, жұмысқа тегін тасымалдау, тегін арнайы киіммен қамтамасыз ету секілді жеңілдіктер бар. Алғашқы жұмысқа орналасқан кезде жұмыскердің айлық жалақысы 150 мың теңгеден басталып, тәжірибесі мен біліктіліне қарай жоғарылай береді.
Сондай-ақ қаладағы тағы бір ірі тоқыма фабрикасы «Азала текстиль» компаниясы да өздеріне тігінші, тоқымашы, химиялық зертханашы мамандарын жұмысқа қабылдауға осы жәрмеңкеге келіпті. Бұл кәсіпорында да ең төменгі айлық жалақы 150 мың теңгеден басталады екен. Мамандар екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Асханада тамақтану өте арзан дейді компания өкілдері. Мәселен, кешенді түскі ас 500 теңге тұрады. Дегенмен жұмыс берушілер тоқыма станогінде жұмыс істеу оңай емес екенін айтты. Білікті тоқымашы болу үшін біраз тәжірибе мен төзім қажет.
Сонымен қатар жәрмеңке кезінде қатысушылар арасында қызықты ойындар ойнатылып, іс-шара думанды концертке ұласты. Биылғы жәрмеңкеге ірі өндіріс ошақтарымен бірге Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар, Түркістан облыстық сотының кеңсесі, қос өңірдің прокуратурасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мегаполистің мәдени мекемелері мен кітапханалары қатысты.
ШЫМКЕНТ