– Аралбек Берікұлы, шетелдік біліміңіз, үздік тәжірибеңіз, екінің біріне ұсыныла бермейтін қызметіңіз болса да, ауыл мектебінде қызмет етуді таңдапсыз. Неге?
– Алғаш рет 2015 жылы математика оқулығын шығарған кезімде кітапты жарнамалау мақсатында сәті түсіп Атырау облысына барған едім. Сол сапарымда Атырау облысының біраз аулын аралап, ауыл мектептерінің шынайы келбетін, мұғалімдерді көріп, бұрыннан бері ойымда жүрген бейнесабақ түсіру туралы жоспарымды бірден бастау керегін түсіндім. Кішкентай планшетіммен бірінші рет 5–11 сыныптардың математика пәнінен тақырыптарды түсіндірген бейнесабақтарымды жазып, You tube арнасына жүктеп қойдым. Сабақтар әлі күнге тұр, қалаған адам тегін қолдана алады. Сол уақыттан бері ауыл мектептеріне деген алаңдаушылық басым. Республикалық физика-математика мектептерінде жүргенімде басшылыққа бір ауылдың мектебін таңдап алып, білім сапасы тұрғысынан жетілдіруді ұсынғанмын. Соны іске асырамын деп жүргенде қазір еңбек етіп жатқан ауыл мектебіне шақырту келді. Мұнда «ауыл мектебін дамытуға бағытталған ойларыңды жүзеге асыруға болады» деген соң, келдік.
– Оқу-ағарту министрлігі қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жоюға күш салып жатыр. Бірақ бұл теңсіздіктің жақын арада жойылмайтынын, тіпті жыл өте алшақтай беретінін айтасыз. Бұған не себеп?
– Мұның ең үлкен себебі – адам капиталы. Ауылдан еті тірі, білімді, білікті мамандар жағдайын жақсарту үшін қалаға кетеді. Оған қоса ауылдан шыққан оқушыларың өзі мұғалім мамандығын бітіргенімен, ауылға бармайды. Оның үстіне қалаларда күн өткен сайын түрлі оқу-дамыту орталығы ашылып жатыр. Бұл оқушылардың үлгерімін жақсартуға зор мүмкіндік береді. Ал ауылдарда мектеп пен адамдар тұратын үйлерден, жол бойындағы бірлі-жарым дәмхана, дүкеннен басқа өзін жетілдіретін, дамытатын ештеңе жоқ. Білім ордасы – мектептің өзі ауылдық жерлерде бір мезгіл ғана жұмыс істейді, қалған уақытта есігінде қара құлып ілулі. Сабағы аяқтала сала үйіне қайтқан ауыл мұғалімін 4-5 ірі қара малы, 20-30 қойы, бір қора тауығы күтіп тұрады. Олар үйіне пеш жағады. Үй шаруасынан шыға алмайтын ауыл мұғалімі өзін жетілдіруге уақыт таппайды. Ауылдық мектептердің материалдық базасы да, интернеті де нашар. Сондықтан ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық азаймайды және аталған алшақтық жыл өткен сайын ұлғая береді. Бұған тағы бір мәселе себеп болып отыр. Бұл – балалардың сабаққа қатыспауы. Мысалы, әдейі есептеп шықтым, біздегі оқушылар ауа райының қолайсыздығынан, одан қалды аудандар мен облыстарға олимпиадаларға барамыз деп, кемінде 20–25 күн сабаққа қатыспай қалады. Еліміздегі 7600 мектептің 5700-і, яғни 70 пайызы қаладан алыс, ауылдық жерлерде орналасқан. Шалғайда оқу ошақтарын көп тексере бермейді, сол себепті мұғалімдер де сабаққа кешігіп, сабақтан шығып кетіп салғырттық танытады. Тоқетері, қазір ауыл мектептеріндегі білім сапасының төмендеп бара жатқанын қоғам болып байқамай отырмыз.
– Ауыл мектептеріндегі білім сапасын білікті мамандар көтере алады. Осы ретте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы туралы не айтасыз?
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы айтарлықтай мықты қолдау емес. Аталған бағдарламаның мұғалімдерге беретін мүмкіндіктерін олар қаладағы мектептерде жүріп-ақ қосымша сабақтар беру арқылы өзіне жасай алады. Меніңше, аталған бағдарламаны қайта қарау керек. Оңтүстікте мұғалім мамандығын алғандар өте көп. Оларды бағдарлама арқылы жұмысқа шақырса, барады. Бірақ бұған жақсы жағдай жасайтындай келісімшарт керек. Қазіргі нұсқасы – шикі, көп адамды бағдарламамен жұмысқа баруға ынталандырмайды.
– Бүгінде мектеп директорлығына көбі барғысы келмейді. Неге?
– Өйткені мектептің қағаз толтыру, ғимараттың жөндеу жұмысы, өрт сөндіру, санитарлық жағынан, еңбек инспекциясы, прокуратурадан келетін тексеріс, мемлекеттік тапсырыс секілді барлық шаруашылық, қаржылық жұмысы директордың жауапкершілігінде. Мектеп басшысының машақаты көп, жалақысы қарапайым қатардағы мұғалімдікінен аспайды. Сондықтан да еті үйренген адамдар болмаса, көбі мектеп директорлығына барғысы келмейді. Өзімнің байқағаным, қазір тіпті директор болып жүргендер де директорлықтан қашады. Себебі күнделікті жұмыстан көріп жүргеніміздей, мектепте түске дейінгі уақытты жоспарлау мүмкін емес. Облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімінен түрлі қағаздарды толтыру туралы тапсырмалар түседі. Қағазбастылық, бюрократиялық жұмыс өте көп. Қажетсіз статистикадан көз ашпаймыз, мұның ешбірі баланың тәрбиесі мен білімін жақсартуға әсер етіп жатқан жоқ. Сол себепті де шынайы педагог мектеп директорлығынан бас тартады.
– Өзінің ізденісін тоқтатқан күні мұғалім мұғалім болудан қалатынын айтыпсыз. Тағы бір сөзіңізде мектебіңіздегі мұғалімдерді газетке жаздырмайтыныңызды жеткізіпсіз. Осы екі ойыңыз бір-біріне қайшы емес пе? Мұғалім қоғамның алды болуы үшін сараптамалық, салалық газет-журналдарды, кәсіби бағдар беретін кітаптарды оқуы қажет секілді. Әлде педагогтің кәсіби дамуына қажетті құндылықтың бәрі түгелімен әлеуметтік желілерге ауысып кеткен бе?
– «Harvard Business Review»-ді оқуға болады, ай сайын шығатын, мұғалімдерге пайдалы дүниелер алуға болатын басылым. Ал аудандық газетке жазылып керегі не? Аудан төңірегіндегі әңгіменің бәрін мұғалімдер газет шықпай тұрып whatsApp-тағы чаттардан-ақ біліп алады. Адам өзін дамыту үшін үстелінде, сөмкесінде кемінде бірнеше кітап болуға тиіс. Мұғалімдерге тұлғалық тұрғыдан, кәсіби жағынан өзін жетілдіруге көмектесетін бала тәрбиесіне, бала психологиясына қатысты кітап көп, мұндай кітаптардың қазақша аудармалары да бар. Қазіргі мұғалімдерге жазылуға ұсынылатын газет-журналдардың көпшілігі оларды дамытады деу қиын. Ол үшін басылымдардың сапасы жоғары болуға тиіс.
– Сіздіңше нағыз ұстаз қандай болуы керек?
– Нағыз ұстаздың жан дүниесі адами құндылықтарға толы болуы қажет. Нағыз ұстаз темекі тартпайды, ішімдік ішпейді, балағат сөз айтпайды, тіпті денсаулыққа зиян энергетикалық, газдалған сусындарды да татып алмайды. Нағыз ұстаз дипломына сенбейді, өзін үнемі жетілдіріп жүреді, айлықтан айлыққа жетуді көксемейді, жүрегімен елдің, ұрпақтың жайын ойлайды. Ол қағаз жинап, портфолио толтырып, категория қуаламайды, оның ең сүйікті ісі – бала. Сыныпқа бала тәрбиелеуге, оқытуға, үйретуге кіргенде өзін бақытты сезінетін адам. Өйткені қоғамға қызмет ететін барлық мамандық иесі мұғалімнің алдынан өтеді. Мұғалімдер нашар болғандықтан, университеттерге «піспеген, жетілмеген, шикі» талапкерлер даярланады. Соның себебінен қоғам зардап шегеді. Нөмірі бірінші, ең мәртебелі мамандық мұғалім болуы керек. Бұл кәсіпке осындай оймен ғана барған жөн. Нағыз ұстаз – біздің Ыбырай атамыз, қолда не оқулық, не ғимарат, лайықты мұғалім, ештеңе болмаған кезде жоқтан бар жасап білім берген жан. Қазір 20, 100 адам қосылсақ та, сол бір Ыбырай Алтынсариннің істегенін істей алмай жүрміз.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»