Экономика • 31 Мамыр, 2024

«ҚазМұнайГаз»: теңіздегі тегеурінді тасымал

111 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мұнайды өндіру ғана емес, оны тасымалдау, сыртқы нарыққа жеткізу мәселесі де аталған саладағы өзекті, маңызды шаруалардың бірі. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары бұл жұмысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниялары – «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС атқарып келеді.

«ҚазМұнайГаз»: теңіздегі тегеурінді тасымал

Өндіріс саласы да заман талабына сай жаңғыруды, еңбек нарығын тиімді ұйымдастыру мен қызмет сапасын арттыруды қажет етеді, ал қол жеткен жетістік пен жұмыс барысын жұртшылыққа жария етіп таныстырып отыру компаниялардағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Осы мақсатта Ақтау порты арқылы отандық мұнай экспортының артуына байланысты «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС журналистер мен блогерлер үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.

Өзен және Жетібай кен орындары мұнайын тасымалдау үшін 1965 жылы жазда «Маңғышлақмұнай» бірлестігі жанынан Магистралды мұнай-газ өнімі құбырлары басқармасы – бүгінгі «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы құрылған болатын. Магистралды мұнай құбыры желісіне иелік ететін, құрамына «Қаламқас», «Ақтау», «Өзен» бас мұнай айдау стансалары, «Қаражанбас», «Солтүстік Бұзашы», «Жетібай», «Бейнеу» мұнай айдау стансалары және «Сайөтес» мұнай қыздыру стансасы, сондай-ақ апаттық-қалпына келтіру пункті, технологиялық көлік және арнайы техника цехы, өндірістік қызмет көрсету базасы, орталық химиялық зертхана, автоматтандырылған басқару жүйесі учаскесі, өлшеу құралдарын дәлдеу метрологиялық қамтамасыздандыру учаскесі, орталық қойма, оқу орталығы кіретін алып компания магистралдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор болып саналады. Әлем бойынша құбырды жылыту арқылы мұнай тасымалдауды алғаш ұйымдастырған компания қазіргі кезде Қазақстан нарығына сай отандық экономикалық мүдде тұрғысында өз қызметін тиімді атқарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық мұнайдың тасымал-экспорт әлеуетін арттыру мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағытын еліміздің транзиттік, экспорттық мүмкіндігін толық іске асыруға ықпал ететін негізгі бағытқа айналдыруды тапсырды. Осы тапсырма аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен көрші Әзербайжан республикасының мемлекеттік мұнай кәсіпорны арасында жасалған Транскаспий халықаралық көлік логистикасын дамыту жөніндегі келісім мұнай тасудағы біздің экспорттық әлеуетті арттыруға оң ықпал етті. Қазіргі уақытта Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 млн тоннаға дейін мұнайды сыртқы нарыққа шығару жоспарланып отыр. Бұл жергілікті тасымалдаушы компаниялардың жұмыс көлемін арттырды.

Мысалы, 2023 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау портындағы танкерлерге 3 млн 376 мың тонна мұнай тиеп жөнелткен болса, «Теңіз» кен орнынан 1 млн 057 мың тонна мұнай «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытына жіберілді. 2024 жылдың төрт айында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның «Теңіз» кен орнынан аталған мұнай құбыры бағыты бойынша жөнелткен мұнай экспортының көлемі 3,5 есе өсті, яғни биыл қаңтар-сәуір айларында «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау порты арқылы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында Теңіз кен орнынан 490 мың тонна көлемінде мұнай жөнелтті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 356 мың тоннаға артық.

Баспасөз турына қатысушылар «ҚазТранс­Ойл» АҚ-ға қарасты Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы Ақтау бас мұнай айдау стансасында мұнай тасымалдаудың техно­логиялық үрдісімен танысты. Көп функциялы «Ақтау» бас мұнай айдау стансасы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мұнай тасымалдаудың негізгі алаңы – маңызды стратегиялық нысан болып саналады. Жалпы сыйымдылығы 155 мың текше метрлік 20-дан аса резервуар, 5 сорғы стансасы озық үлгідегі өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған.

«ҚазтрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының басшысы Асқар Жолдасов компания жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды.

«Ақтау» бас мұнай айдау стансасы – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының құрылымдық бөлімшесі. 1966 жылы іске қосылған станса 60 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. «Ақтау» бас мұнай айдау стансасы ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да тасымалдауды үздіксіз қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады және тасымалдың барлық түрін ұсына алатын бірегейлігімен ерекшеленеді. Көпфункционалды стансаның мүмкіндігі орасан зор, яғни мұнай құбырлары арқылы мұнайды қабылдауды және айдауды жүзеге асырады, мұнайды теміржол вагон-цис­терналарынан құйып алады және мұнай құю айлақтары арқылы танкерлерге құяды. Станса «Қаламқас-Қаражанбас-Ақтау» магистралды мұнай құбыры арқылы Бозашы түбегіндегі кен орындарының мұнайын қабылдайды, оның бір бөлігі Ақтау порты арқылы теңіз жолымен жөнелтіліп, танкерлермен Баку және Махачкала теңіз порттарына жеткізілсе, екінші бөлігі «Жетібай» мұнай айдау стансасы арқылы «Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырымен «Өзен» бас мұнай айдау стансасы бағытына, одан әрі «Өзен-Атырау-Самара» ыстық магистралдық мұнай құбыры арқылы тасымалданады. Сондай-ақ мұнай битум зауытына жеткізіледі және сол битум зауытынан тазартылған мұнай қабылданады», деді А.Жолдасов.

Стансадағы жұмыс үрдісі өз тәртібімен жүріп жатыр. Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының орталық химиялық зертханасында қызметкер Роза Оразалиева мұнай құрамындағы тұзды анықтау және айыру үрдісімен таныстырды.

«Біздің зертхана – Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының орталық химиялық зертханасы. «Қаламқас-Қаражанбас-Ақтау» мұнай құбырымен келетін, теміржол цистерналарынан қабылданатын, Жетібай мұнай айдау стансасы бағытына жөнелтілетін және Ақтау портындағы танкерге тиеу кезінде мұнайдың сапасын анықтаймыз. Зертханада қабылданатын және тапсырылатын мұнай­дың сапасын анықтау үшін күрделілігі әр­түрлі талдау жүргізіледі. Сондай-ақ біздің зертханада басқарманың барлық қабылдау-тапсыру пункттерінен келетін мұнайдың мұнай өндіруші ұйымдардан мұнай қабылдау және мұнай қоспаларын мұнай сынамасының сапасына сыртқы бақылау жүргізіледі», деді зертханашы.

Айтуынша, зертханашылар мұнайдың бірнеше түрімен жұмыс істеп, жылына 40 000-ға жуық талдау жасайды. Зертхана қызметкерлері мұнай түрлерімен және құрамымен таныстырып, олардың өзіндік химиялық қасиеттері туралы баяндады. Мысалы, күкіртті, битумды, тұтқырлығы жоғары және аз парафинді мұнай, шамамен – 20 градус температурада қататын Бозашы мұнайы таза түрінде битум зауытына жеткізіледі және тікелей битум өндіру үшін пайдаланылса, аз күкіртті, жеңіл, бірақ жоғары парафинді Жетібай және Өзен кен орындарының мұнайы +30, +32 градус температурада қата бастайтындықтан оны тасымалдау­да құбырға қыздыру пештерінің көмегі керек екен. Ал Теңіз кен орнының мұнайы күкірті аз, жеңіл және тұтқырлығы төмен, өте сұйық, -35 -40 градус температурада қатады, сондай-ақ жеңіл фракциялардың көп шығуымен өте құнды болып есептеледі.

«Ақтау» бас мұнай айдау стансасындағы жауапты қызметтер туралы тиісті мамандар айтып берді. Солардың бірі – атал­ған стансаның тауар операторы Жанар Қадырбаева. 15 жылдан бері қызмет етіп жүрген Жанар өз ісін шебер меңгерген.

«Тауар операторы – маңызды және қиын мамандықтардың бірі, бұл жұмыс өте жауапты. Жұмыс барысында үнемі динамикалық қозғалыста жүреміз. Станса аумағын аралап, резервуарға шығып, сұйық қоймалардан мұнай сынамаларын аламыз, цистерналардағы май деңгейін өлшейміз, сынама аламыз, есебін жүргіземіз. Біздің жұмыста мұнайдың сандық және сапалық тұрғыдан сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды», дейді оператор.

«ҚазТрансОйл» АҚ-дағы әсер «Қазақ­те­ңіз­­көлікфлоты» ЖШС-да жалғасын тапты. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіретін ұлттық теңіз тасымалдаушысы және еліміздегі ең ірі, ең заманауи флот – танкерлер, контейнерлік кемелер, құрғақ жүктерді таситын кемелер мен сүйреткіштерге иелік етеді. Компания мұнайды Каспий теңізі акваторияларындағы бағыттар, Қара және Жерорта теңізіндегі су жолдары арқылы тасымалдайды. Баспасөз туры барысында мұнай жүктеп тұрған «Taraz» танкері жұмысымен таныстық.

Мұнай тасымалдау саласындағы қос ком­панияның жұмыс ырғағы өз жүйесімен жүріп жатыр. Қос компанияның алдына қойған жоспары ауқымды, бұл аталған саланың әлеуетіне деген сенімді арттырады.

 

Маңғыстау облысы