Үкімет • 31 Мамыр, 2024

Әлеуметтік маңызды мәселелер оң шешімін күтеді

101 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуымен Жоғарғы сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Күн тәртібіне сәйкес отырыста ғылым және технологиялық саясат туралы, сондай-ақ органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы заңдар да қаралды.

Әлеуметтік маңызды мәселелер оң шешімін күтеді

Органикалық өнім нарығы дамиды

Сенаторлар алдымен Талғат Ибра­шевты Жоғарғы сот судьясы қыз­меті­нен босату туралы ел Прези­денті­нің ұсыны­мын қарады. Бұл мәселені Консти­ту­ция­лық заңнама, сот жүйесі және құ­қық қорғау органдары комитетінде ал­дын ала талқылаған депутаттар Палата отырысында Мемлекет басшысының ұсынымын қолдау жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен қатар Парламент депутаттары бастамашы болған «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң қаралып, мақұлданды. Бұл заң органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастырып, дамытуға, отандық азық-түлік өндірушілерін органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған.

Заңда органикалық өнім өндірісі­не көшудің негізгі шарттары қарастырыл­ған. Оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген. Сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты болған кезде органикалық өнімді таңбалау қарастырылған. Осы ретте органикалық ауыл шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешендегі сұранысқа ие бағыт ретінде дамыту үшін заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласында ғылыми қамтамасыз етуді регламенттейтін баппен толықтырылды.

Заңды қарау кезінде Сенат депутат­тары оған ілеспе «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне органикалық өнім өндірісі және айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Респуб­лика­сының Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодексіне өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңдар­ды да мақұлдады.

«Бұл заңдар елімізде органикалық өнім нарығын дамыту мақсатымен әзір­ленді. Жаңа нормалар арқылы орга­ни­калық өнім өндірісі мен айналы­мының құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздері айқындалады. Сондай-ақ түзетулер аясында органи­ка­лық өнім нарығын мемлекеттік реттеу шаралары қарастырылып отыр. Жалпы мақұлданған заңдар органикалық өнімдердің сапасын және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деген Сенат төрағасы М.Әшімбаев заңға бастамашы болған депутаттарға алғыс білдірді.

 

Ғалымдарды қолдау тетіктері

Палата отырысында сенаторлар «Ғылым және технологиялық саясат тура­лы» және оған ілеспе «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» Қазақстан Республикасы­ның Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.

Аталған заңдардың нормалары ғылымды дамыту және ғылыми жетістік­тердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге арналған. Сенаторлар ұсынған түзетулер ғылыми кадрлар даярлауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ ғылыми қызметкердің әлеуметтік қорғалу кепілдіктерін іске асыра отырып, ғылым саласының стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді.

 

Тасқын шайған тарихи жәдігерлер

Сенат отырысы кезінде депутаттар мемлекеттік органдарға өз сауалдарын жол­дады. Бибігүл Жексенбай өзінің депу­таттық сауалында табиғи апат пен бақы­лаудың аздығынан археологиялық ескерт­кіштердің жоғалу қаупі туралы айт­ты. Сенатордың айтуынша, көптеген ай­­мақ­­та бұл мәселе барған сайын өт­кір бол­ып отыр және Үкіметтің жедел ара­ла­суы мен қатаң бақылауын қажет етеді.

«Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау бойынша шұғыл іс-қимыл салалық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Онда су тасқынынан зардап шеккен археологиялық ескерткіштер аймақ­тарын анықтау керек. Археоло­гиялық ескерткіштер мен басқа да тарихи-мәдени мұра нысандарының жай-күйін бағалайтын көшпелі экспедиция жасақтау маңызды болып отыр. Су тасқынынан зардап шеккен тарихи-мәдени мұра нысандардың тізімін жасау керек. Жағдайы төтенше деп бағаланған ескерткіштерге апаттық-құтқару археологиялық жұмыстарын қолға алу керек», деді сенатор.

Депутат осы саладағы жағдайды жақсар­ту үшін Үкіметке бірқатар шараны жүзеге асыруды ұсынды. Сенаторд­ың ұсынысында археология­лық зерттеу­лерді цифрландыру және бүкіл елі­міз бойынша археологиялық жұмыс­тар мен экспедициялар туралы деректер­ді жинақтайтын сайт жасау да бар. Сена­тор сонымен қатар саланың қоғамдық бақылауын күшейту үшін бюджет және қаржы есептерін жариялауды ұсынды.

«Алыс-жақын шетелдегі тарихи жәдігер­лерімізді жинастыру үшін дипло­матия­лық арнайы жұмыстарды қолға алу ма­ңызды. Тарихи-мәдени ескерт­кіштер­ді қорғау бойынша үй­лес­тіру жұмыс­тарын вандализммен күрестің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындап, жәдігерліктер контра­бандасы бойынша жазаны қатаңдату қажет», деді депутат.

Сенатор депутаттық сауалында архео­логиялық жұмыстарды лицен­зия­лау мәселесіне де назар аударды. Сонымен қатар тиісті бақылаудың жоқтығына, жауапкершілігі төмен адамдар мен саладан тыс ұйымдардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

 

Ауылдарды газбен қамту баяу

Сенатор Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында Алматы облысын­дағы елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету және газдандыру мәселесі туралы айтты.

Елімізде электр энергиясының 70%-ы көмірден өндіріледі және біз әлем­дегі энергияны көп қажет ететін елдер­дің бірі саналамыз. Халық электр энер­гиясына толық қол жеткізіп отыр­са да, электр желілерінің тозуы алаңдатып отыр. Маңғыстау және Ұлытау облыстарында электрмен жаб­дық­тау сапасы тіпті төмен. Сена­тор бұл тізімге Алматы облысын да қосуға болатынын атап өтті.

«Алматы облысында электр тапшы­лығын жабу және авариялар болған жағдайда электр энергиясын берудің резервтік желісімен қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған және Қонаев қалалары арасында әуе желі­сін салған жөн болар. Бұл әуе желі­сі құрылысы Талдықорған қаласы тара­пы­нан энергия ағыны есебінен электр энергиясын қамтамасыз етудегі тұрақтылықты жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл жөнінде министрлік энергияны тиімді пайдалану, дәстүрлі қуат көздеріне тәуелділікті азайтып, жасыл энергия­ны дамыту үшін тиянақты, жүйелі жұмыстар жүргізуі қажет екенін ескеру керек», деді Ж.Жөргенбаев.

Сенатор сонымен қатар еліміздегі газ­дандыру мәселесіне де тоқталып, бү­гінгі таңда республика халқы­ның 59%-ы газбен қамтылғанын атап өтті. Со­ны­­мен қатар газды тұтыну деңгейі де ар­тып келе жатқаны және соңғы 5 жыл­­­д­а ха­лық­тың газ тұтыну көлемі 1,4 есе өскені ай­тылды. Әсіресе орталық, сол­­­түс­­­тік жә­не шығыс аймақтарда газға қол же­т­­­кізу мәселесі кезек күттірмейді.

«Жетісу облысында Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, 2025 жыл­дың соңына дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса құрылыс-монтаждау жұмыс­тары үшін қаражаттың уақтылы және толық аударылмауы себебінен өңір­лік газдандыру схемасының мерзім­деріне сәйкес газдандыруды іске асыруды айтарлықтай қиындатты. Бұдан басқа, «ИнтергазЦентральнаяАзия» АҚ-дан әзірленіп жатқан жобалар бойынша техни­калық шарттар алу кешіктіріліп жатыр. Индустриялық аймақтарды тұтыну­шылар үшін әлеуметтік маңызы бар елді мекендер мен газбен жабдықтау объек­ті­лері үшін бюджет қаражатын бөлуге және техникалық жағдайлар алуға жәрдем көрсету қажет», деп атап өтті сенатор.

 

Қажетті қымбат ота қолдауға зәру

Мемлекет ерні мен таңдайында туа біт­кен жырығы бар балаларды жан-жақ­ты қолдау шараларын енгізуі керек. Жан­на Асанова өзінің депутаттық сауалында осы дертті емдеу және оңалтуда балалар тап болатын проблемалар туралы айтты.

Сенатордың айтуынша, жыл сайын елімізде ерні мен таңдайында туа біткен жырығы бар 1 000-ға жуық бала өмірге келеді. Бұл балаларға перинаталдық диагностика және алғашқы хирургиялық көмек бағдарламалары бар, олар дүниеге келгеннен кейін бірден қажетті көмек көрсетіледі. Алайда стандартты мемлекеттік қызметте одан әрі пластикалық операция мен түзету бағдарламалары қарастырылмаған. Қалыптан тыс және хирургиялық қарадүрсін әрекеттің салдарынан балалар бет-әлпетінің тым өзгеруі, тіс қатарының ақауы мен сөйлеу қабілетінің бұзылуы байқалады. Бұл өзін-өзі төмен бағалауға, қарым-қатынастың қиындауына, сергелдеңге салыну мен сүлесоқ болуға әкеледі, олардың психологиялық дамуы мен оқу үлгеріміне теріс әсер етеді.

«Патологияны түзетуге болады, толықтай емдеуге және әлеуметтік ортаға тартуға мүмкіндік бар. Бұл жерде кешенді, үйлестірілген пластикалық, ортодон­тиялық және логопедиялық көмек есейген кезде керек. Бірақ жоғарыда аталған көмек­тің барлық көлемі мемлекеттік бағдар­ламаларда көзделмеген қымбат қыз­меттер санатына жатады. Мысалы, сүйек-шеміршек немесе ринопластика 1 млн теңгеден және одан жоғары, ортодонтия бре­кеті 300 мың теңгеден, логопедтің қыз­меті сағатына 5 000 теңгеден басталады. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі отб­а­сы­ларды немесе жетім балаларды айтпа­ғанда, әрбір орташа отбасы мұндай шы­ғын­ды көтере алмайды», деді Ж.Асанова.

Сенатор ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы бар балалар мен жастарға эстетикалық пластикалық хирургия және одан кейінгі оңалту бағдарламаларын енгізуді, қаржыландырылатын күрде­лі ортодонтиялық жақ түзету бағдарла­маларын әзірлеу мен білікті және тегін логопедиялық қолдау бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Мұндай аурумен ауыратын балалар мен олардың отбасыларын психологиялық көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен педагогтерге және әлеуметтік қызметкерлерге арналған оқу бағдарламасына уақтылы кәсіби қолдау көрсетуге арналған патология туралы материалдарды енгізу маңызды болып отыр.

Сондай-ақ Палата отырысында сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысында өнеркәсіптік тәуекелдерді барынша азайтуға тиіс санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеу кезіндегі олқылықтарға назар аударды. Осыған байланысты ол санитарлық ережелер мен нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.