Франция астанасындағы жарыс жерлестеріміз үшін көңілсіздеу басталды. Іріктеу турнирінен іркілмей өтіп, мықтылармен күш сынасу құрметіне ие болған Михаил Кукушкин (әлемнің 135-ракеткасы) тұсаукесер кездесуінде мажарстандық Фабиан Марожанға (№43) есе жіберді – 2:6, 2:6, 3:6. Есесіне одан кейін кортқа шыққан отандастарымыздың барлығы да бастапқы бәсекелерінде басымдық танытты. Атап айтсақ, Александр Шевченко (№58) ресейлік Аслан Карацевпен (№82) күш сынасты. Осыдан үш жыл бұрын Солтүстік Осетияның тумасы Мельбурндегі доданың жартылай финалына дейін жеткен еді. Кейінгі кезде Карцев қарқынын біраз бәсеңдетіп алды. Ұзақ уақыт бойы таразы басы теңселіп тұрған тартыс Шевченконың пайдасына шешілді – 6:4, 4:6, 1:6, 6:1, 6:4. Ал Александр Бублик (№17) франциялық Грегуар Баррерден айласын асырды – 6:4, 7:5, 6:3.
Қазақстанның үздігі Елена Рыбакина (№4) Грет Минненмен шеберлік байқасты. Әлемдік рейтингте 86-орында тұрған бельгиялық бұрымдының бағындырған пәлендей белестері жоқ. Сол себепті де Рыбакинаға қарсыласын қапы қалдыру еш қиындық туғызбады – 6:2, 6:3. Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева (№39) Слоан Стивенспен сайысқа түсті. Қазіргі кезде WTA рейтингінде 45-сатыға жайғасқан 31 жастағы АҚШ теннисшісі кезінде үздіктер тізімінде үшінші орынға дейін көтерілген. Ол 2017 жыл US open турнирінде топ жарып, 2018 жылы Ролан Гарростың ақтық сынында ойнады. Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетті. Бірақ осы жолы Стивенстің жұлдызды сәттері артта қалғанына анық көз жеткіздік. Америкалық теннисші Путинцеваға жарытып қарсылық көрсете алмады – 1:6, 2:6.
Екінші кезеңде Елена Рыбакина нидерландтық Аранта Руспен шеберлік байқасты. Қызғалдақтар елінен келген 33 жастағы спортшының ең үздік көрсеткіші – осыдан 12 жыл бұрын «Ролан Гарростың» төртінші кезеңінде өнер көрсеткен. Қазіргі кезде ол үздіктер тізімінде 56-сатыға жайғасты. Париждегі турнирге Арантаның жақсы даярлықпен келгені бірден байқалды. Тұсаукесер кездесуінде Нидерландтың ойыншысы Германияның атақты теннисшісі, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Анжелика Кербердің өзін қапы қалдырды. Бірақ Рыбакина одан мықты екенін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді – 6:3, 6:4.
Юлия Путинцева испаниялық Паула Бадосамен кездесті. Пиреней түбегінің өкілі осыдан үш жыл бұрын дәл осы турнирдің ширек финалында ойнады. 2021 жылы «Уимблдон» мен 2022 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші айналымына дейін жетті. Сол табыстары арқылы әлемнің екінші ракеткасы атанды. Кейінгі уақытта қарқынын қатты бәсеңдетіп алған Бадоса WTA рейтингінде 124-орынды қанағат тұтып тұр. Десек те Путинцеваға қарсы кездесуде өте сауатты әрі жинақы ойнаған Испанияның өкілі 4:6, 6:1, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Александр Шевченко франциялық Корентен Мутемен күш сынасты. Корт қожайыны АТР рейтингінде 75-орында тұр. Бұл бәсекеде Муту басым түсті – 4:6, 2:6, 6:0, 3:6. Александр Бублик германиялық Ян-Леннард Штруффпен айқасты. 25 жастағы неміс ойыншысы 2019 және 2021 жылдары «Ролан Гарростың» төртінші айналымында сүрінген. Бұл күндері ол – WTA тізімінде 39-орында. Бұл ойында Штруффтың мысы басым болды – 2:6, 2:6, 3:6. Сөйтіп, жарыс жолында Қазақстанның бір ғана теннисшісі қалды. Ол – Елена Рыбакина. Енді отандасымыз бельгиялық Элине Мертенспен кездеседі.
Осыдан бір апта бұрын «Ролан Гарроста» кімнің бағы жанады?» деген мақаласында осы турнирдің рекордшысы Рафаэль Надаль жайында біраз әңгімеледік. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2005-2022 жылдар аралығында ол Париждегі жарысқа 18 мәрте қатысып, 13 рет бас жүлдені олжалады. Барлығы 116 мәрте кортқа шығып, 112 рет жеңіс тойын тойлады. Бұл – керемет көрсеткіш. Осындай зор табысының арқасында Рафаэль «Грунт королі» деген атаққа ие болды. Міне, сол Испанияның даңқты теннисшісі биылғы «Ролан Гарростың» алғашқы айналымынан аса алмады. 37 жастағы Надальді 27 жастағы неміс ойыншысы Александр Зверев тоқтатты. Есеп – 6:3, 7:6, 6:3.
Рафаэль Надальмен түйдей құрдас ұлыбританиялық Энди Маррей де бірінші кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Кезінде Уимблдон мен Олимпиаданы екі және US Оpen додасын бір мәрте ұтып, Аустралияның ашық біріншілігінің финалында бес рет ойнаған әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы жасы 40-қа таяп қалған Стэн Вавринкаға жол берді – 4:6, 4:6, 2:6. Десек те Швейцария теннисшісін де осал деп айта алмаймыз. Дәуірі жүріп тұрған кезінде Вавринка «Үлкен дулыға» санатына жататын Мельбурн, Париж және Нью-Йорктегі турнирлерде топ жарғанын жанкүйерлер жақсы біледі.