Балалар • 01 Маусым, 2024

Бақытты болсын бар бала

214 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам болса, зүбәржат тасы – бала. Оның қауіпсіз өмірі мен бостан болашағы бәріміздің мойнымызда. Жас ұрпақтың жанарындағы жалынды жаға білу – басты парызымыз. Ол үшін баланың көңіл күмбезіне баса-көктеп кірмей, таным табалдырығын әдеппен аттау керек. Осы тұрғыда ересектер мен балалар арасындағы түсіністік маңызды орын алады. Орайлы тұста мына бір оқиғаның ойымызға оралып отырғаны.

Бақытты болсын бар бала

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Балақай, өскенде кім болғың келеді? – дейді ойын білгісі келген бір ересек.

– Бақытты болғым келеді.

– Сен сұрағымды түсінбей қалдың-ау...

– Кешіріңіз, сіз жауапты тү­сінбей қалдыңыз-ау, – дейді әлгі бала. Мысқыл сұраққа берілген мық­ты жауап кез келген ақыл иесін ойлан­дырып тастайды. Расында, балаға бақыттан артық ештеңе керек емес. Ересектер жан-дүниесін түсініп, сапалы өмірге жағдай жасағаны керек келешек ұрпақ үшін. Осындай ізгі ниет­пен мемлекетіміз балаларға, олар­дың құқының қорғалуына баса назар аударып отыр.

Бұл – ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін, сондай-ақ отбасы инсти­ту­ты­ның дағдылы дамуына септігін тигізетін тиіс­ті нормалар. Соған орай, жа­қында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқы мен балалардың қауіп­сіз­дігіне қатысты заңға қол қой­ды. Жаңа құжатқа сәйкес ден­сау­лыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, сондай-ақ ұрып-соққаны үшін баптары Қылмыстық кодекске енгізіліп, жаза мерзімі ұзартылды. Бұдан бөлек, 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қатынасқа итермелегендерге де жаза күшейтілді. Соған сәйкес түрлі байланыс желісі арқылы қысым жасау, денесіне қол тигізу секілді қылмыстық әрекеттерге 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салынады немесе 200 сағатқа қоғамдық жұ­мыс­қа тартылады. Бұл болмаса елу тәулік түрмеге қамалады. Жаңа заңдағы тағы бір жаңалық, кәмелетке толмағандарды жы­ныстық зорлық-зомбылық көр­сетіп өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Дәл солай педофильдер де өмір бойы темір торға тоғытылады.

в

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Осылайша, Үкімет балаларды зорлық-зомбылықтан, суицид­тің алдын алудан қорғау және олар­дың құқықтары мен әл-ауқа­тын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жос­парын қабылдаған еді.

Биылдан бастап мемлекет көле­­мінде оқушылардың жан­жал­­дарға сындарлы әрекет ету дағ­дыларын қалыптастыруға, ба­ла­лардың әлеуметтік-эмоцио­нал­­дық жағдайын реттеуге, тұлға­ара­лық және топаралық қаты­настарды оңтайландыруға, бала­лар­­дың өзіндік әл-ауқатының деңгейін арттыруға бағытталған «ДосболLike» буллингке қарсы қа­нат­қақты бағдарлама іске қо­сыл­ды. Бүгінге дейін жоба аясында он мыңнан астам шара өткізіліпті.

Әлімжеттік, кибербуллинг се­кілді мінез мерездерін жою мақ­са­тында еліміздің 14 өңірінде балаларды психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Мұндай орталықтар барлық облыста да ашық. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер жүгінуі мүмкін балаларға арналған «111» мемлекеттік сенім телефонының жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Ұрпақ – ұлт дәнекері. Оның сапасы мықты, саны көп болғаны қажет. Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыр­­күйек­тегі «Жаңа жағдайдағы Қа­зақ­­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында отбасылық-демо­гра­фия­лық ахуал зор алаңдау­шы­лық тудырып отырған мәселе екенін айтып, нақты міндеттер жүктеген еді. «Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көр­сет­кен­дей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азия­дағы көршілес мемлекеттер­мен салыстырғанда көңіл көншіт­пей­ді. Үкіметке 2021 жылдан бас­тап «Аңсаған сәби» арнаулы бағ­дарламасын жүзеге асыруды тап­сырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бо­йынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе кө­бейту қажет», деп тапсырма беріп еді Президент. Игілікті жоба өз жемісін берді. 20 мың ерлі-зайыпты аңсаған перзентін бесікке бө­леді. Енді алдағы жеті жылда жо­ба­ға 49 мың отбасы қа­тысып, ата-ана атануға талпыныс жасайды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында «Ұлттық қор – бала­лар­ға» атты жаңа жобаны жүзе­ге асыруды тапсырған еді. «Ұлт­тық қордың жыл сайынғы ин­вес­тициялық табысының 50 па­йы­­зын балалардың арнаулы жинақ­таушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды», деді Қ.Тоқаев. Аталған жобаның игілігін кеңінен тарқатып айтсақ, жиналған қаражаттың иесі қаржыны кәмелеттік жасқа тол­ған­нан кейін ғана пайдалана алады. Баспана алуға еліміздің аумағында ғана рұқсат етілсе, білім алу үшін шетелдік оқу ордаларына да бара алады. Аталған бағдарламаның аясында қаңтарда 6,9 миллион баланың жеке шотына 100,5 доллар түсті. Қаржы министрлігі жүргізген есепке сүйенсек, биыл дүниеге келген бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның есепшотында 3,5 мың доллар жиналады. Бұл – еліміздегі әр баланың болашақта сапалы білім алуына жасалған үлкен қолдау.

Биылдан бастап елімізде «Келе­шек» білім беру бағдар­ла­ма­сы да іске қосылды. Бұл жоба жас ұрпақтың сапалы білім алуы­на мүмкіндік береді. Баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады. Әр­бір бес жасар балаға мемлекет шот ашып, оған 60 айлық есептік көрсеткіш кө­лемінде қаражат енгізеді. Бұл бағ­дар­ла­ма ерікті жүйе бол­ғандықтан, шот­тарды автомат­ты түрде ашу жос­пар­ланбайды. Ол ата-аналардың қалауы­на байланысты.

Еліміздегі Artsport, Damubala, сондай-ақ Darabala сынды шы­ғар­машылық және спорт үйір­ме­леріндегі балаларды жеке қаржыландыру бағдарламалары жұмыс істейді. Осы жоба аясында 480 мыңнан астам баланың қосымша үйірмелерге қатысып, өзін сабақтан тыс дамытуға мүм­кін­дігі бар.

Сонымен қатар елімізде же­тім бала­лар мен ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институтын енгізу жобасы табысты іске асырылып жатыр. Республиканың 17 қаласында 300-ден астам адам тәлімгер бар. Бұл бағдарлама жетім балаларды қоғамға бейімдеуге және тәуел­сіз ересек өмірге дайындауға ба­ғытталған.

Былтыр елімізде жаңа Әлеу­мет­тік кодекс қабылданған еді. Бұл құжатта халықты мемлекеттік қолдау тәсілдері толықтырылды. Нақтылай айтсақ, Отбасының цифрлық картасы енгізіліп, балаларды әлеуметтік қорғау шара­лары күшейтілді. Сондай-ақ мү­гедектігі бар азаматтарға, әсі­ре­се ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің қол­жетімді болуын қарастырды.

Әлеуметтік төлемдер де шет қал­ған жоқ. 2023 жылдан бас­тап Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында айтылған бас­тамасына сәйкес бала күтімі бо­йынша төлемдер 1,5 жылға дейін ұзартылды. Бұған дейін қоғамда сәбиді күтіп-баптауға берілетін әлеуметтік көмек мерзімінің аз­дығы туралы жиі талқыланатын еді. Сондықтан бұл бастама да ата-аналарға үлкен көмек болары анық. Осы орайда бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақы мөлшерін де айта кетейік. Үш балаға дейін 38 айлық есептік көрсеткіш есебінде бюджет есебінен бір реттік көмек беріледі. Ал төртінші не одан кейінгі баласын босанғандарға 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Көпбалалы отбасыларға ай сайын жәрдемақы беріледі. Бұдан бөлек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне де қосымша төлем жасалады. Осылайша, мемлекет өскелең ұрпақтың күтіміне қомақты қаржы бөліп отыр.

Бала саны артса, балабақша мен мектептерге сұраныс артатыны белгілі. Бұл мәселе бо­йынша мемлекет аума­ғында мектепке де­йінгі әртүрлі ұйым жұмыс жасап жатыр. Қазір олардың саны 11,5 мыңға жетті. Онда миллионға жуық бала тәрбиеленеді. Ал кезекте 107 мың бала тұр.

Орын тапшылығын оңтайлы реттеу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алын­ғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы екі жыл көлемінде 400-ден аса мектеп салу жоспарланған. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін 110 мектеп, қалғаны – 2025 жылдың соңына дейін. Бұл оқу нысандары заманауи жабдықтармен жабдықталып, бірыңғай стандарт бойынша салынады. Оқу үдерісінде де оң бағыттар бар. «Жайлы мектептердің» директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін арнайы тәртіппен қабыл­данады. Елімізде ұлттық бағалау жүйесі бар екенін ескерсек, оқу­шыға мұғалім қойған бағамен ғана емес, сыртқы бағалау арқылы да білім сапасы анықталатынын айта кету керек.

Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы 400 мыңнан астам мектеп оқушылары мектеп формасы және оқуға арналған керек-жарақ құралдарымен қамтамасыз етіледі. Мемлекет алып берген киім-кешектердің дені бірдей нұсқада болып, балалардың тал­ға­мы­нан шықпай жатады. Бұл жолы ақшалай қара­жат ата-аналарға мектеп фор­масын, аяқкиімді, кеңсе тауарларын балаларымен өз бетінше таңдай алатындай етіп беріледі. Жыл сайын арнайы білім беру ұйымдарының желісі кеңейіп келеді. Бүгінгі күні мектептердің 86%-дан астамында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Осы саладағы 500-ге жуық ұйым ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар балаларға ар­­найы психологиялық-педа­го­ги­калық қызметтер көр­сетеді. Мектептерде инклю­зивті оқытуды қолдаудың 1051 кабинеті жұ­мыс істейді.

Иә, мемлекет ата-ана мен балаларды қолдау үшін осындай игілікті жо­баларды жүзеге асырып жатыр. Мұның барлығы еліміздің кемел келешегі үшін. Алайда мына қағиданы естен ешқашан шығармаған жөн. Баланың тұрмысын жақсарт­қан­мен, күлкісін жасанды қылып алмаңыз, құрметті ата-ана! Оның кісілік келбетін, адамдық ар-ұятын қалыптастыруға ең әуелі сіз жауапкерсіз. Қашанда «баланың жақсы болмағы – ата-анасынан». Сондықтан ата-ана, құрбы-қоғам болып, балалардың бақытына сеп болу – дәуір алдындағы басты парызымыз.