Қоғам • 04 Маусым, 2024

Ендігі меже – «7 шың»

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те ауа райының қолайсыздығына қарамастан отандық альпинист Мақсұт Жұмаев­тың жетек­шілігімен, экспедиция құра­мында Анар Бұрашева мен Альмир Қымбат­байұлы бар «Kazakh Everest Team» командасы әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңын кезекті рет бағын­дыр­ды. Ең басты жаңалық – отан­дас­тарымыз 2024 жылы маусымда Эвересті бағындырған алғашқы альпинистер ғана емес, Анар Барашева әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ қызы деген атпен тарихқа енді.

Ендігі меже –  «7 шың»

– Анар, Эвересті бағын­ды­ру­да мамыр мен қарашада айында ғана сәті туатын «ауа райы терезесін» пайдаланып, көздеген биіктікке абыроймен көтерілулеріңізбен құт­тық­тай­мыз!

– Экспедиция барысында Эверестің төбесіне жете алмай, орта жолдан қайтқан өзге елдердің командалары бол­ды. Бірақ қолай­лы кезең деп есептелінетін «ауа райы терезесіне» қарамастан, жорық басталар күннің қар­саңында түнде қар жауып, бағыт­тың кейбір қауіпті бөліктерін жасырып қалды, бұл альпинистерге қосым­ша қауіп төндірді. Алысты көру мүмкіндігі шектелді, 8 мың метр биіктен бастап альпинис­тер «ажал аймағы» деп атайтын биіктікте оттегі маскасын тағуды міндеттеді. Өйткені атмосферада адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажетті оттегінің үштен бір бөлігі ғана болады. Бірақ экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаевтың зор тәжірибесі, сондай-ақ дұрыс таңдалған құрал-жабдықтар қаты­су­шыларды айтарлықтай қорғады.

– Мұндай күрделі де қиын әрі қымбат сапарға міндетті түрде қолдаушылар керек екені бесенеден белгілі?

– Сұрағыңызды түсіндім. Экс­пе­дицияны «Everest Devel­opment» ұйымдастырғаны елге оралған соң, баспасөз мәс­ли­ха­тында айтылды. Ком­пания жорық ке­зіндегі барлық шығынды мойнына алып, Гима­лайда бізге жан-жақты қолдау көр­сетті. Ал мен компанияға жұмысқа орналасуға әрекеттеніп, әңгімелескен кезімде бос уақытта скайраннингпен айналысатынымды айтқанмын. Сол кезде компания өкілдері сирек кездесетін спорт түрінен жаттықтырушы болуға қалай қа­рай­тынымды сұраған. Компания осы қызығу­шы­лы­ғым­ды қолдап, нәтижесінде тіпті Африканың ең биік шыңы Килиманджароны (5 895 м) бағындырған компанияның экспедиция құрамына кірдім. Бұл маңызды челлендж болғандықтан, ол экс­педицияны да Мақсұт Жұмаев басқарды.

Сол жолы Килиманджароға сәтті шығуымызбен бір-бірімізді құттықтап жатып: «Келесі жолы қайда? Бәлкім, бұдан да биігіне – Эвереске шығып, компанияның атын ұлықтармыз?» дегеніміз есімде. Сол сәтте Мақсұт, Альмир үшеуміз бұл биіктікті де бағын­дыра алатынымызды, бағын­дыр­ғымыз келетінін түсіндік.

– Эвересті бағындырған адам енді ештеңеден қаймыға қой­­мас! Көздеген мақсаттарына же­те­тін альпинистер де ырым­шыл бол­ға­нымен, бо­ла­шаққа құр­ған қан­дай өршіл жос­пар­ларыңыз бар екенін сұра­ғым келеді...

– Әрине, осы жетістікпен тоқ­тап қалғым келмейді. Елге орала салысымен, басшыларыма: «Жал­ғас­тыру керек!» деп айтып, қатты таңғалдырған болармын (күледі). «7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көтерілгім келеді. Оның үстіне қоржынымда африкалық Килиманджаро, Жер шарының ең биік шыңы  Эверест бар.

– Анар, сәттілік серігіңіз болсын!

 

P.S. Осы күндері «Kazakh Everest Team» экспедициясын қолдау мақсатында отандастарымыздың Эвереске көтерілуі хақында деректі фильм түсіріліп жатыр. Ғибрат Бақаев режиссерлік еткен фильм биыл күзде көпке таныстырылады. Айта кетейік, түсірілім тобы Непалда қатысушылармен бірге ере жүріп, құнды кадрлар түсіріп алған.

 

Әңгімелескен –

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ