Театр • 04 Маусым, 2024

«Әкемтеатр» қошеметке бөленді

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Алматыдан гастрольдік сапар­мен Мұхтар Әуезов атын­­дағы Қазақ ұлт­тық драма ­теат­ры келді» дегенді естіген ел қата­ры­нан бес күн болатын қойы­лымдарға алдын ала билет­ алған-ды. Касса алдын­да билет таппай сабыл­ғандары қаншама? Алғаш­қы күні театр бас­шы­­лығы баспасөз өкіл­дері­мен кездесіп, өнер сапары туралы сыр шерткен, Шығыс жұртын театр­ға шақырған.

«Әкемтеатр»  қошеметке бөленді

Ел арасында «Әкемтеатр» атымен танымал М.Әуезов атын­дағы қазақ ұлттық драма театры келе жатқан 100 жылдық мерей­тойына орай өнер сапарына шыққан.

– Шығыс Қазақстанға бес­ күндік сапармен келдік. 2026 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының жүз жыл­дығы. Соған орай әр қала­ға рухани сапар жасап, репер­туа­рымыздағы қойылымдар­ды көрерменге ұсынып жүр­міз. Өске­мендіктерге «Қозы Көр­пеш-Баян сұлу» махаббат дас­таны, «Бес бойдаққа бір той» сын­ды қойылымдар ұсынылады, – деген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы.

Барлық қойылым аншлагпен өтті. Құшақтарын гүлге тол­тырып, театрға асыққан елде есеп жоқ еді, рас. Алғашқы күні Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» махаббат дастанымен сахна шымылдығы ашылды. Көрермендер өнер керуенін ерекше қошеметпен қарсы алды.

– Шыны керек, «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» дастанын оқы­ғаныммен, қойылымын бірінші рет көрдім. Актерлер шебер ойнап шықты. Өзім сахнада бірге жүргендей күй кештім. Осындай қойылымдарды жас­тарға көрсету керек, – дейді көрермен Еркебұлан Әміреш.

Ертесі көпшілік көрермен Дулат Исабековтің «Жүз жыл­дық махаббат» драмасын тамашалады. «Жүз жылдық махаббат» қойылымы сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевқа арнап жазылғаны белгілі. Спектакльде ақынның жастық шағы, албырт сезімінен сыр шертіледі. Екі актілі қойылымды халық тебі­реніп, толғанып отырып көрді. Қойылым аяқталып, залда жарық жанған сәтте көз жаста­рын сығып алып жатқан көрер­мендерді де көз шалды. Өйткені тарихи қойылым ғана емес, Алаштың ауыр тағдырын сезіндірді.

– Әлеуметтік желідегі жылт-жылт еткен дүниеге әуес болып бара жатырмыз. Осындай салмақты рухани дүниені көбі­рек көрсек шіркін. Кешегі Мағ­жан сенген жастар сенімді ақта­уы үшін кітапхана, музей сияқты рухани орталықтарға көп ба­руы­мыз керек шығар, – дейді қойылымнан ой түйіп шық­­қан көрермен Ермек Ахма­диев.

Үшінші күні Рахымжан Отар­баевтың «Қытайдан жет­­кен сәлемдеме» атты драма­сын тамашалауға келген көрер­­меннің де қарасы көп болды. Шымылдық түрілді. Көрермен бірден алмағайып заманға еніп кеткендей. Жас шамасы алпысты алқымдап қалған Өмірбайдың алаңсыз көңілін Қытайдан жеткен сәлемдеме бұзған. Сөйтсе ол жастық шағында арғы бетте бала-шағасын тастап, әке-шешесін алып, Қазақстанға өткен екен. Қорқақтығы сол, шекара сызығына келгенде, соңынан қуып жеткен әйелін танымаймын деп, бергі бетке асқан. Қойылымда мұң да, аңсау да, өкініш те бар. Өкініш­тісі, Өмірбайдың бір-ақ ауыз сөзі еді.

Бұл күнгі қойылым көрер­менді күңірентіп жіберсе, келесі қойылым көңілде­рін бір серпілтіп тастады. Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев қойған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі сахнаны әуезді әнмен тербеді. Соңғы күні «Әкемтеатрдың» әртіс­тері көрерменді күлкіге көміп кетті. Бұл күні Тынымбай Нұр­мағамбетовтің режиссер Оразхан Кенебаев қойған «Бес бойдаққа бір той» комедиясы сахналанған. Халықтың күлкіге қарқ болғаны сондай, қойылым соңында тоқтаусыз шапалақ соғып тұрып алды. Белгілі әртіс Шынар Асқарова айтқандай, сахнада ойнап жүрген әртістер де көрермен ықыласын сезді. Иә, Өскемен – өндірістің ғана емес, өнердің құдіретін ұғы­натын рухани қала.

 

ӨСКЕМЕН