Қоғам • 04 Маусым, 2024

Жаз жабырқатпасын десек...

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дерекке жүгінсек, 2022 жылғы шомылу маусымында 242 адам көз жұмған, оның 77-сі жас­өспірім екен. Жантүр­ші­герлік статистика кімді де болсын ойландырмай қоймайды.

Жаз жабырқатпасын десек...

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өткен жылы өңірде шо­мылу маусымы ке­зінде бес тұрғын ба­қилық болды. Өкінішке қарай, мерт болғандардың ішінде үш жасөспірім бар. Үш үйдің үміті ерте сөнді.

Былтыр Жасөркен ауылында болған қайғылы жағдай талай жанға ауыр тиді. Жеті жасар немересін құтқармақ болған алпыстан асқан қария да тау суының ек­пініне шыдас бермей өмірмен қош айтысқан еді...

Биылғы шомылу маусымына дайындық жұмыстары ойда­ғыдай жүргізілді ме? Төтенше жағдайлар департаменті жұ­мыс­ты жүйелеп үлгерді ме? Су айдындары маңындағы жағ­дай қалай? Мамандар кез келген жағдайға сақадай сай дайын ба?

Ресми дерекке жүгінсек, өңірде гидрографиялық санатқа енген жүзден астам өзен мен 112 тоған орналасқан. Шомылу маусымы кезінде осы өзендер мен тоғандарға баратындар аз емес. Шіліңгір шілдеде кейбір тұрғындар ескерту жазбаларға да қарай бермейді... Кісі шы­ғыны болмауы үшін жан-жақты әзірлік керек екені айтпаса да түсінікті.

«Су айдындарындағы про­фи­лактикалық іс-шараларға тұ­рақты түрде тартылатын облыс аумағындағы волонтерлік ұйымдардың басшылары мен үйлестірушілері санатындағы азаматтар облыстық төтенше жағдайлар департаментінде даяр­лық курсынан өтті. Курс­қа жалпы саны 59 адам тартыл­ғанын айта кеткен жөн. Оларға ма­мандар өздері білетін дүниені толықтай үйретті.

Өңірдегі су айдындарының қауіпті учаскелерінде кісі шы­ғыны орын алу деректері, олар­­дың себептері және оқи­ғаға ықпал еткен мән-жай­лар көрсетілген 360 ескерту белгі­леріне және 8 көрнекі стендке түгендеу жұмыстары жүргізілді. БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы негізгі қауіпсіздік ша­раларының талаптары тұ­рақты түрде тұрғындар назарына ұсы­нылып жатыр.

Шомылу маусымы бас­тал­ғанға дейін жағажайлардың төменгі қабатын тексеру, арнайы қалтқылар мен ескерту белгілері, үгіт-насихат стендтерін қою жұмыстары жүргізілетін болады», дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов.

А.Тоқановтың айтуынша, қазіргі кезге дейін үш жаға­жайдың түбін тексеру жұмысы талапқа сай жүргізілген екен. Ал өңірдегі су айдындарының 16-сында шомылуға рұқсат беріліпті. Сондай-ақ облыстық мәсли­хаттың 2019 жылғы ше­шіміне сәйкес щомылуға тыйы­м салынатын орындар тізімі анық­талған.

Шыны керек, шомылу маусымы кезеңін адам шығынынсыз өткізу соңғы жылдары мұңға айналып тұр. Әрине, өткір мә­селеге келгенде жергілікті тұр­ғындардың өздері де қате­лікке бой алдырып жататыны анық. Балалардың қараусыз қалуы салдарынан орын алған қай­ғылы оқиғалар да аз емес. Әйт­кенмен, құзырлы органдар шомылу маусымы кезінде тұр­ғындарға қауіпсіздік шараларын толыққанды түсіндергеннен ешкімнің ұтылмайтыны сөзсіз.

«Елді мекендерде тұрғын үйлерге жақын маңда ағатын суармалы арналардың қауіпті учаскелерінің жиегін қоршаған жөн. Тұрғындарға қолжетімді шомылатын орындарды жаға­жай ретінде қалыптастыру мә­селесін пысықтап, олардың санын арттыруға назар аударуымыз керек.

Бұдан бөлек, шомылуға қа­уіпті орындарға полиция қыз­меткерлері мен волонтерлерді тарта отырып, күнделікті негізде профилактикалық-рейд­тік іс-шараларды жүргізу жұмыс­та­рын мықтап қолға алған ләзім. Сонда ғана біз кісі шығынын болдырмауға қолдан келгенше ықпал етеміз», дейді департамент басшысы.

Қалай десек те суға шомылу маусымында тек Жамбыл облысында ғана емес, басқа өңір­лерде де қайғылы оқиғалар жиі тір­келіп жатады. Өткен жылы бес адамның өмірмен қош айтысқаны кімді де болса ой­­ландырса керек. Осы жылы жамбылдық шенділер шо­­мылу маусымын трагедиясыз өткізе ала ма? Кім білсін... Бел­гілісі, әзірге жауапты мекемелер дайын­дық жұмыстарына мық­тап кірісіп кетті.

 

Жамбыл облысы