Аймақтар • 04 Маусым, 2024

Атырау тасқынның шарықтау шегінен өтті – ТЖД

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс бойынша Индер, Махамбет аудандарында, сондай-ақ Атырау қаласында Жайықтың су деңгейінің төмендеуі байқалып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz облыстың ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

Атырау тасқынның шарықтау шегінен өтті – ТЖД

Фото: Видеоскрин. Облыстың ТЖ жөніндегі штабы

Облыстың ТЖД басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, облыс су тасқынының шарықтау шегінен өтті.

«Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп жатыр. Су деңгейін қазіргі уақытта Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында күнделікті бақылап отырмыз. Сонымен қатар Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басуына байланысты, шаруа қожалықтарына қауіп төнді. Шаруа қожалықтарының иелерінен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша «жедел желіге» келіп түскен барлық қоңыраулар жедел өңделіп отыр», деді Руслан Шариев.

Қазіргі уақытта су басқан аумақта қалған үй жануарларын эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Бүгінде облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарды су басып жатқан жағдайлар тіркеліп жатыр. Су деңгейі төмендегеннен кейін, жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Әзірге судың қауіпсіздігі туралы айтуға әлі ерте. Инфрақұрылым нысандары толықтай қалпына келтіріліп, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана судың қауіпсіздігі туралы айтуға болады», деді спикер.

Айта кетсек, Индер ауданында су деңгейі шектік деңгейден 50 см, Махамбет ауданында 1 метр, Атырау қаласында 27 см асты.