Акцияға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Сонымен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Дәурен Ерғарин де іс-шарадан табылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы халық негізінен жұмыспен қамту, мемлекеттік сатып алу, жер мәселесі бойынша шағымданып келіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ оларға барынша құқықтық көмек көрсетіліп, шағымдары тиісті мекемелерге нақты шешім табуы үшін жіберілетінін мәлімдеді. Акцияда құқықтық көмек іздеп келген барша жанның өтініштері аяқсыз қалмайтынын, бұл бойынша тиісті хаттама толтырылатынын баяндады.
Шымкент қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Әбдіғани Серікбайұлының айтуынша, келіп жатқан азаматтардың көбінде жер учаскесі бойынша дұрыс шешімдер шығарылмаған. Салдарынан жердің құжаттарында кілтипандар анықталып жатыр. Сонымен қоса жер учаскесін сатып алғанда да алданып қалған азаматтар бар. Заңгер осы мәселемен қай органға барып шағымдану керектігін түсіндіргенін айтты. Негізінен мәселе оң шешімін табу үшін сотқа жүгінген абзал.
Адвокат шағымын арқалап келген халықтың басым көпшілігі құжат, келісімшарт мәселесінде алданып қалғанын атап өтті. «Бұл тұрғындарға әлі де болса құқықтық сауатты арттыру қажет екенін көрсетеді», деді заңгер. Мұндай акция жыл сайын әділет департаментінің бастамасымен өткізіліп тұратынын атап өткен заңгер адвокаттар алқасында апта сайын сәрсенбі күні сағат күндізгі он бірден бірге дейін тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді.
Адвокат биыл акцияға келген халықтық саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп болғанын айтты. «Бұл да болса адамдардың құқықтық мәселеге енжар қарамауының нәтижесі болса керек» деген пікірін қоса кетті заңгер.
Акция барысында Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезовті де әңгімеге тарттық. Өкілдің айтуынша, бұл қызмет 2022 жылы 5 қарашада адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңға сәйкес арнайы қабылданған. Заңға сәйкес өкілдің міндеті – адамдардың бұзылған конституциялық құқықтарын қалпына келтіру, азаматтардың бостандықтарына қатысты заң, ережелерді ілгерілету.
Бұл ретте өкіл адамдар көп жағдайда мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлғалардың әрекеті болмаса әрекетсіздігіне орай құқықтарымыз бұзылды деп шағымданып келетінін айтты. Адам құқық қорғау институты ретінде өкіл шағымданушының атынан мемлекеттік органдарға сұраныс хат немесе ұсыныс жібереді. Ал олар Конституциялық заңның 18-бабына сәйкес толыққанды жауап беруге тиіс. Ақпаратта мемлекеттік органдар неліктен мәселе тиісті азаматтың пайдасына шешілмегені туралы мәліметпен бөлісулері керек. Әлбетте адам құқықтары жөніндегі өкіл мемлекеттік органдарға нұсқама беріп, ісіне араласа алмайды, дегенмен халыққа қызмет көрсету барысында салғырттық салдарынан болған кемшіліктерді түзетуге әсер ете алатын белгілі бір деңгейде ықпалы бар.
Мәселен, өткен жылы өкілге екі жүзге жуық арыз-шағым келіп түссе, соның 25 пайызы оң шешім тапқан. Айталық мегаполисте «Рахмет саған, анашым!» оңалту орталығы бар. Негізінде мемлекеттік оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер барлық тиісті жағдаймен қамтамасыз етіледі. Алайда 18-ден асқан соң тағдырлары өз қолына тапсырылады. Міне, осындай жандарға қолұшын беру үшін жиырма шақты ата-ана бірігіп, оңалту орталығын ашып, оған «Рахмет саған, анашым!» деп ат қойған. Сол жерде тәрбиеленіп жатқандардың алтауы 2-топтағы мүгедектігі бар азамат. Алайда сол жасөспірімдердің ата-аналары қанша жылдан бері балаларын 1-топтың мүгедектігіне өткізе алмай жүрген. 1-топтағы мүгедектер еңбек өтілі ретінде есепке алынады. Сондықтан ертеңгі күні зейнеткерлікке ерте шығуға жәрдемін тигізеді. Сонымен бірге қосымша төленетін көптеген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы бар. Өкілдің айтуынша, ата-аналар жоғарыдағы мәселемен жергілікті емханаға барады. Арнайы КМС базасына енгізу үшін жасөспірімдер психикалық-неврологияялық емдеу мекемесінде жатып емделуі керек екен. Алайда ата-аналар оған балаларын жібергісі келмейді. Осылай бес жылдан бері сандалып жүрген. Сосын адам құқықтары жөніндегі өкілге келіп шағымданады. Заң өкілі қалалық психодиспансердің бас дәрігерін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басқа да мемлекеттік орган қызметкерлерін шақырып, ата-аналармен кездестірген. Сол жерде арыздары қаралып, заң аясында бұл мәселені тез арада шешуге уәде берілді. Нәтижесінде, психодиспансер клиникасында дәрігерлер консилиумі жүргізіліп, 3-4 күннің ішінде «Рахмет саған, анашым!» орталығын паналаған бірнеше азамат 2-топтан 1-топ мүгедектігіне өтті. Олар психикалық-неврологиялық емдеу мекемесінде жиырма күндей күндізгі стационарда емделіп, КМС базасына мәліметтері енгізілді. Сол арқылы дәрігерлік-емдеу сараптау комиссиясының оң қорытындысын алып, жоғарыда айтқанымыздай, оларға 1-топтағы мүгедектік берілді. Осылайша, 5 жыл бойы сенделген 5 ата-ананың мәселесі бір айда шешімін тапты.
Сонымен бірге Н.Әбдезов мегаполисте гормоналды, ауыр дертті муковисцидоз ауруына шалдыққан отызға жуық бала барын, олардың күнделікті қолданатын дәрілері еліміздегі тегін дәрі-дәрмектер квотасына кірмегенін, дегенмен жергілікті бюджеттің мүмкіндігін пайдаланып, бұл тығырықтан да шығудың жолын қарастырғанын жеткізді. Өйткені оның алдында осынау қиын дертке шалдыққан балалардың ата-аналары «бұл қымбат препараттарды қайта-қайта сатып ала беруге шамамыз келмей жатыр» деп арыздарын арқалап өкілге келген екен. Муковисцидозбен ауыратын адамдарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін заңға тиісті өзгерістер енгізу керек. Алайда бұл өте көп уақытты алатын жұмыс. Сондықтан адам құқын қорғаушы өкіл көмекшілерімен бірге жағдайды саралап, жергілікті бюджет арқылы қаржы қарастыруға болатынын анықтаған. Сөйтіп, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы депутаттар, шаһардың денсаулық сақтау басқармасының басшысымен осы мәселе төңірегінде кең көлемде ақылдасты. Ақырында ұсыныс қолдау тауып, 2023 жылдың соңғы мәслихат сессиясында халық қалаулылары 2024 жылдың қала бюджетін бекітерде муковисцидоз дертіне ұшырағандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету талабын да енгізді. Бүгінгі таңда тиісті конкурс өтіп, тегін дәрі-дәрмектер балаларға емханалар арқылы таратылып жатыр.
Бұдан бөлек Түркістан облысы Төле би ауданында тұратын бір келіншек Шымкенттен бір жетім қыз асырап алады. Алайда құжаттары дұрыс болмағандықтан ол қызды өзінің атына ауыстыра алмаған. Қалалық білім басқармасына да әлгі әйелге қамқоршы болғаны үшін әлеуметтік жәрдемақылар төлей алмай келген. Адам құқықтары жөніндегі өкіл оқиғаны зерттей отырып, асыранды қыздың туған шешесі бар екенін анықтаған. Өйткені анасы тірі баланы өзгеге қамқоршылыққа беруде біраз заңдық тұрғыда ерекшеліктер бар көрінеді. Міне, соны пайдалану үшін өкіл қыздың туған анасына миграция полициясы арқылы іздеу салып, оның осы күнге дейін айтылып келгендей Өзбекстан азаматы емес, өз еліміздің тұрғыны екені белгілі болған. Алайда тұрақты жұмысы жоқ, еш жерде тіркелмей қайыршылық күй кешіп жүрген көрінеді. Осы жағдаяттан соң заңгер асыранды қыздың өкіл анасына қамқоршылық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төленіп, алдағы уақытта қызды өзінің атына жаздыруға қатысты құжаттар ресімделетінін жеткізді.
Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі өкіл түзеу колониялары, абақты секілді жабық мекемелерге көп баратынын айтты. Ол жақтан да шағымданушылар көп болады. Мәселен, сол жерде болған тексерістің бірінде жазасын өтеуші, бауырының жарты бөлігі кесілген бір азамат дәрі-дәрмекті уақтылы ала алмай жатқанын айтып, өкілге базынасын жеткізген. Н.Әбдезов осы мәселені шұғыл қолға алып, қалалық №2 ауруханадан жазасын өтеушіні медициналық тексеруден өткізіп, тиісті емін тағайындатып, дәрі-дәрмекті уақтылы алатындай жағдай жасаған.
Акция кезінде құқықтық кеңес беруші заңгерлермен бірге қарапайым азаматтардың да өтініш, шағымдарын тыңдап көрген едік. Мәселен, қаладағы мемлекеттік мекеменің бірінде қызмет істейтін Алдияр Алихаз есімді азамат өз мәселесі бойынша барлық сұраққа осындағы мамандардан қанағаттанарлық деңгейде жауап ала алғанын айтты. Ол кезінде тұтынушылық несие рәсімдеп, кейін оны төлеуге шамасы болмай, ақырында банк картасы арестке қойылып, біраз уақыт айлығынан қағылған. Акция барысында заңгерлер оған талап бойынша сот орындаушылар айлық жалақының жартысын ғана бұғаттауға құқығы бар екенін мәлімдеген. Осындай жауап естігеніне қуанған ол енді несие кестесін өз ыңғайына қарай қайта бекітіп, барлық қарызды шетінен қиналмай құтылуға бекініп отыр. Іс-шараға келген тағы бір қала тұрғыны – төбе би деген қосымша қызметі бар, соғыс ардагеріне теңестірілген азамат Дүйсенбек Дәрібаев өзі тұратын аумақтағы Жабық базарда асыранды иттер сататын саудагерлерді тәртіпке шақыру үшін жергілікті полиция департаментінің өкілімен жолығып, тиісті арызын жолдағанын жеткізді.
Арбат алаңында ашық аспан астында өткен іс-шарада барлық құқық саласының мамандары соңғы келуші кеңес алып кеткенше ешқайда тарқамады.
ШЫМКЕНТ