Әрине, республика бойынша Абай атындағы білім және мәдениет мекемелері жеткілікті. Бірақ арғы тарихы 1918 жылы Ташкенттен басталатын, 1928 жылы сол кездегі астана Алматыда қайта жаңғырған ұлтымыздың тұңғыш жоғары оқу орнына 1935 жылы алғаш Абай есімі берілген еді. Қазіргі таңда ел ұстаздарының ұстаханасына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің осы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруда инновациялық жұмыс формаларын іздестіріп, соны идеялардың бастамашысы болуы заңдылық болса керек. Сондықтан Абай университеті Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музеймен байланысты күшейту жұмыстарын қолға алды. Осы ретте аталған музейдің 1940 жылы хакім Абайдың қарашаңырағында негізі қаланған Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей екеніне ерекше тоқталып өткеніміз абзал.
Жас ұрпақты тәрбиелеу, білікті кадрлар даярлау ісінде заманауи музейлердің мүмкіндіктерін оңтайлы қолдану, білім ордалары мен музей сынды мәдениет мекемелерінің әлеуетін біріктіру бағытындағы ұсыныстарымыздың Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тарапынан үлкен қолдау тапқаны осы ортақ міндеттерді шешу жолында университетіміздің ұстаз ғалымдарының күш-жігерін біріктіруге жетелеп отыр. Абай университетінің тікелей бастамасымен Семейде өткен «Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге аталған министрлік өкілдерінің кеңесшілері Шерхан Талап пен Ербол Алшынбайдың арнайы қатысып, алдағы міндеттер туралы тұшымды пікірлер мен шынайы ұсыныстар айтуы осындай қолдаудың шынайы көрінісі болса керек.
Дөңгелек үстелде Абай мұрасын жастар арасында насихаттауда жаңаша жұмыс формаларын айқындау, жаһандану жағдайында заманауи музейдің мүмкіндіктерін жас ұрпақтың білім-ғылым, тәрбие-таным үдерісінде тиімді қолданудың жолдарын іздестіру, музейге келушілер санын арттыру үшін жаңа әдістемелік тетіктерді қалыптастыруға ықпал ету, өлкетану бағыттағы мәдени туризмді дамыту, Абай музейі мен Абай университетінің ынтымақтастық байланыс аясын кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Абай университеті болашақта Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-үйінде арнайы ғылыми-әдістемелік кабинет ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Абай университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы А.Таңжарықова өз сөзінде толық баяндап өтіп, музей жұмысын жетілдіру бойынша ұсынылатын «Мектеп оқушыларына арналған танымдық бағдарламалар» жобасына тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК директоры Ұлан Сағадиев сөз сөйлеп, музей жұмысының басты бағыттарын атап өтті. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ «Хакім Абай» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбет «Абайдың «Толық адам» ілімі – бүгінгі рухани қажеттілік» тақырыбында, Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов «Абай идеяларының өзегі мен мәні» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасады.
Талқылауда Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағаы Мұрат Алин, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Балтабай Әбдіғазиұлы, Семей қаласындағы Т.Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің педагог-шебері, «Абайтану» оқулығының авторы Гүлнар Қунафина, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Марат Бекбосынов және тағы басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелде Абай атындағы ҚазҰПУ «Хакім Абай» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Алшынбекұлының кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шара соңында екі мекеменің бірлескен жұмыс жоспары талқыланып, Абай университеті мен Абай музей арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Аталған іс-шара, шын мәнінде, Абай университеті мен Абай музейі арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мен дамытудың басым бағыттарын айқындап отырып, ел мүддесі, ұлт болашағы, қоғамның рухани-мәдени дамуы жолында Абай мұраларын дәріптеудің қаншалықты маңызды екендігін тағы бір дәлелдеп берді.
Рима ӘБДІҚАДІРҚЫЗЫ,
Абай атындағы ҚазҰПУ баспасөз қызметінің жетекшісі