Өнер • 04 Маусым, 2024

Король оркестріндегі қазақ

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шет мемлекеттерде өз өне­рімен танылып, таланты баға­ланып жүрген қазақтар аз емес. Соның бірі – Оман сұлтандығы филармония оркестрінің жетек­ші ұстазы Сәкен Берғалиев. Бұл туралы «24.kz» телеарнасының арнайы сюжетінен естіп-білдік.

Король оркестріндегі қазақ

Чайковский атындағы музы­калық колледжінің тү­легі шекара асып, тәжірибе жинап, қазір Таяу Шығыстағы беделді оркестрлерге сабақ береді. 9 жасынан музыкаға құмар альт аспабының ше­бері Оманның әйдік өнер ордасында шәкірт даярлайды. Маскатта екі жылдай еңбек еткен музыкант жергілікті жас өнерпаздарға бірден ұнапты.

«Мені Оманда жылы шыраймен қарсы алды. Келе салғанымда оқуға құштар студенттер бірден сабақ кес­телеріне дәрістерімді сұрап енгізіп, дереу іске кірісіп кеттік. Бұл жақтың музы­канттары Қазақстанның қайда екенін, үлкен территорияға ие екенін біледі. Бірақ барып көрмеген. Мен де қонақжайлық танытып, елге шақырып тұрамын. Арасында еліміз туралы та­нымдық видеолар көрсетемін. Олар тұм­са табиғатымызға қатты қызығады», дейді Оман сұлтандығы филар­мо­ния оркестрінің оқытушысы Сәкен Бер­ғалиев.

Оман сұлтанының қолдауымен құрылған оркестрде 300-ге жуық адам өнер көрсетеді. Соның ішіндегі қо­ңыр үнді альт аспабында 20-ға жуық шә­кірт Сәкеннен сабақ алады. «Мәскеу, Ман­честер, Венада өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдаған педагогтен үйре­неріміз көп», дейді олар.

«Ұстазымның кейінгі бір жылда берген сабағы – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор құрмет. Осы уақыт ішінде аспап­тағы орындаушылық шеберлігім жылдам шыңдалып, қателіктерім тү­зелді. Мұндай жетістікке тез жет­ке­німе кейде өзім де таңғаламын. Ұста­зым айт­пақшы, табанды еңбек басты қағидама айналды», дейді оркестр мүшесі Асил әл-Хасани.

Бүгінде отандасымыздың оқушы­лары Германияда, Таяу Шығыстың бір­шама елінде өнер көрсетіп үлгер­ген. Репертуарларында Гайдн мен Мен­­­дель­сонның шығармаларымен қатар араб-парсы халықтарының туын­дылары бар. Болашақта қазақ классик­те­рінің композициялары да Оман кон­церттерінде орындалуы бек мүмкін.

«Біздің елде де талантты композиторлар жетерлік. Мүмкіндігінше олардың да музыкасын шәкірттеріме үйретуге тырысамын. Оларға нотала­рын берген сәттен-ақ зор қызығу­шы­лықпен көңіл аударады. Өзім ойна­ғанымда ұйып тыңдайды. Тіпті үйреніп алуға талаптанатындар бар», дейді Сә­кен.

Омандағы қазақ оқытушысы шә­кірт­­терінің өнерге деген ықыласын одан әрі еселеуді мақсат етеді. Қазақ му­зыка мектебі өкілінің білімі әлі талай та­ланттың бағын ашары сөзсіз.