1977 жылы Грозныйда дүниеге келген Магомед Адиев ұлттық құраманың тізгінін 2022 жылы ұстады. Оның басшылығымен 21 рет жасыл алаңға шыққан жерлестеріміз 11 матчты өз пайдасына шешті. Тоғыз мәрте ұтылып, тағы бір ойында тең есеп тіркелді. Ең басты табысымыз – Ұлттар лигасының В дивизионына жолдама алуымыз. Бұл турнирде біздің футболшылар Әзербайжан, Словакия және Беларусь құрамаларынан басым түсті.
Адиев жетекшілк еткен тұста футболшыларымыз жақсы өнер көрсеткенін жоққа шығармаймыз. Әсіресе 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі ойындары өте әсерлі болды. Сырт алаңда Словакия (1:0) мен Финляндияға (2:1) сан соқтырдық. «Астана Аренада» даңқты Даниядан 0:2 есебімен ұтылып жатып, үзілістен кейін қарсыластар қақпасын қатарынан үш мәрте дәл көздеп, сенсациялық нәтиже тіркедік – 3:2. Матчтың 73 минутында Бахтиер Зайнутдиновтің пенальтиден, 86 және 89 минуттарда Асхат Тағыберген мен Абат Айымбетовтің соққан ғаламат голдары жайында жанкүйерлер әлі күнге дейін таңдана әңгімелеп жүр. Егер соңғы кездесуде Словенияны ұтқанымызда, «Еуро-2024» жарысының жолдамасы қоржында еді. Бірақ ондай бақ бізге бұйырмады.
Іріктеу турнир барысында 10 ойыннан кейін 18 ұпай жинадық. Бұл – біз үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Өз тобымызда төртінші орын алып, плей-оффта күш сынасуға мүмкіндік алдық. Бірақ шешуші бәсекеде жолымыз болмады. Бұл межеде азулы Грекия 5:0 есебімен тас-талқанымызды шығарды. Десек те, қарт құрлықтың басты доп додасына бір табан жақындай түсуіміз барша көрерменге керемет эмоциялар сыйлады. Ең бастысы, халық қайта футбол көре бастады. Оған дәлел – ұлттық командамыз жасыл алаңға шыққанда «Астана Аренада» бос орын табылмайтын. Футбол өнері елімізде қайта тірілгендей болып, бізде де доп тебе алатын жақсы ойыншылардың барына анық көз жеткіздік.
Осыдан біраз уақыт бұрын Магомед Мұсаұлы қызметінен кететінін мәлімдеді. Өзінің осы шешімін отбасылық жағдайымен байланыстырды. Оның үстіне Адиев биылғы жылдың сәуір айында Грозныйдың «Ахмат» клубының тізгінін ұстап үлгерді. Енді оның орнына келген Станислав Черчесов жайында не білеміз?
Станислав Саламұлы 1963 жылы Алагирде туды. Солтүстік Осетияның тумасы 1982-2002 жылдар аралығында Владикавказ бен Мәскеудің «Спартак», «Локомотив», Дрезденнің «Динамо», Аустрияның «Тироль», КСРО, ТМД және Ресей құрамаларының қақпашысы болды. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Аустрия, Ресей, Польша және Мажарстанның бірқатар командаларын жаттықтырды. 2007 жылы Мәскеудің «Спартак» клубының Ресей Премьер-лигасында күміс медальді еншілеуіне сүбелі үлес қосты. 2016 жылы «Легияны» Польша чемпионы етіп, ел кубогін иеленді. Соңғы жұмыс орны – Будапештің «Ференцварошы». Осы ұжыммен бірге Черчесов Мажарстанның екі дүркін чемпионы атанып, бір рет ел кубогінде бас жүлдені олжалады.
2016–2021 жылдар аралығында Станислав Черчесов Ресейдің ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Осы қызметтегі оның табысы – 2018 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатының ширек финалына шығуы. Топтық турнирде олар Сауд Арабиясы (5:0) мен Мысырды (3:1) ұтып, Уругвайға (0:3) есе жіберді. Плей-оффтың 1/8 финалында Испаниямен (1:1, 4:3) тең ойнап, пенальти соғу барысында басым түсті. Одан кейін Хорватиямен күш сынасты. Ширек финалдың да тағдыры «спорттық лотерея» арқылы шешілді. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады – 2:2. Ал 11 метрлік нүктеден хорваттар дәлдік танытты – 4:3. 2020 жылғы ресейліктер «Еуро» додасының іріктеу турнирінде сүрінгеннен кейін Черчесов өз орнын босатты.
Шыны керек, жергілікті мамандар мен жанкүйерлердің дені Станислав Черчесовтің Қазақстанға келуін қаламады. Бірақ олардың пікіріне ешкім құлақ аспады. КФФ басшылары 60 жастағы бапкерді өздері аттай қалап алды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, аталған азамат келсімшарт бойынша жылына 1,2 миллион еуро мөлшерінде жалақы алады. Біз үшін ең маңыздысы – Қазақстан футболының көсегесі көгергені, ойыншылардың деңгейінің өскені, ұлттық командамыздың әлем және Еуропа чемпионаттарына жолдама алғаны. Осындай аса жауапты міндетті атқару Станислав Саламұлына жүктеліп отыр. Жаңадан тағайындалған бас бапкерге біз алдағы дүбірлі додаларда сәттілік тілейміз.