Жуырда Петропавл қаласы полиция басқармасының есірткіге қарсы күрес бөлімінің басшысы, майор Жангелді Әпенов әлеуметтік желілердегі тікелей эфирі арқылы жыл басынан бері 18 кило есірткіні заңсыз айналымнан шығарып, кінәлілерді ұстау барысында 104 адамға қатысты қылмысты іс қозғалғанын мәлімдеді. «Анықталған 54 дерек есірткіні тарату, 4-еуі үлкен көлемдегі есірткіні сақтауға қатысты болып отыр. Тәркіленген 18 кило есірткінің 4 килосы синтетикалық болса, 14 килосы марихуана», деді ол.
Полиция қызметкерлерін есірткі тасымалдау ісіне кәнігі нашақорлардың жасөспірімдерді тартуы алаңдатып отыр. Есірткі таратушылар оң-солын бағамдап үлгермеген жеткіншектерді «Ұстаса да, кәмелетке толмаған саған көп жыл бермейді, ал ұстағанға дейін қырғын ақша табасың» деп алдап, азғырып, әлеуметтік желілер, түрлі чаттар арқылы хабарлар таратады. Мұндай жеңіл «жұмысқа» қалай тұрып, қыруар ақшаға қарық болу үшін қайда, кімге бару керектігін де өздерінің жасырын ым-жым сөздері арқылы білдіріп, қызықтырады. Сосын жасөспірімнің басына желік кіріп, оңай олжаға тезірек қол жеткізуге тырысады. Көбіне тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жасөспірімдер осындайға алданып, көп ақшаға қызығып, болашақ тағдырына өздері балта шабады. Тіпті ауылды жерлерден есірткі тарату үшін қалаға келетін жеткіншектер де бар көрінеді.
«Жас буынға біз өз тарапымыздан есірткі бизнесінің қылмыс екенін әшкерелеп, әлеуметтік желілер арқылы өтімді хабарлар ұйымдастырамыз. Мұндай хабарлама-түсініктемелерді түрлі конкурс, челлендж, спорттық іс-шара арқылы таратып, жасөспірімнің санасына әсерлі етіп жеткізуге тырысамыз. Жыл басынан бері осындай бағытта ұйымдастырылған 337 іс-шараға 15 мыңдай волонтер мен оқушы қатысты. Сонымен қатар есірткі табудың жолын көрсеткен 88 сілтемені бұғаттадық», деді майор Ж.Әпенов.
Интернет-дүкендерден есірткі алып, оларды өздеріне белгілі нүктелерге жасыру арқылы тарату жұмысымен айналысып, ақша табуға жасөспірімдер ғана емес, тіпті кәмелетке толған жастар да жалданады. Жуырда Ақмола облысынан Петропавлға келіп, есірткі бизнесіне «жұмысқа тұрған» 17 және 20 жастағы екі жігіт ұсталды. Олардың жұмыс ұзақтығы бар болғаны 3-ақ ай болды. Енді есірткі таратқандары үшін екеуін де 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Қазір ересегі қылмыскерді қамау оқшаулағышында, ал жасы үй қамақта отыр. Екеуі де есірткі бизнесіндегілердің өтірігіне алданып қалғанын айтып, шыр-пыр болған. Петропавлдағы жалдаған үйлерінен 664 грамм мефедрон және 358 грамм α-PvP деп өрнектелетін синтетикалық есірткі табылған. Салмағы 1 кг-дан асқандықтан бұл есірткіні үлкен көлемде тарату деп бағаланады. Сөйтіп, Петропавлға келіп, оңай ақшаға қарық боламыз деген екі жас енді 15 жыл бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Ал облыстың бір ауданынан қалаға келіп, осындай «жұмысқа» тұрған 23 жастағы жігіттің есірткі таратумен айналысуы бар болғаны бір-ақ аптаға созылған. Петропавлдың гараж кооперативтерінің бірінің арасында жүрген оны полицейлер «Белла» деген иттің көмегімен ұстап, таратуға алып шыққан 25 түйіншекті тәркіледі. Бұлар салмағы 28 грамм болатын мефедрон атты синтетикалық есірткі екен. «Енді бұл адам есірткіні аса үлкен көлемде таратқаны үшін 10-нан 15 жыл мерзімге дейін бас еркінен айырылуы мүмкін», деді облыстық ПД есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы, подполковник Руслан Сапаров.
Ал былтыр қараша айында осындай қылмыспен ұсталып, соттың шешімін күтіп жатқан қаладағы колледждердің бірінде оқитын 17 жасар жеткіншек жуырда 5 жылға бас еркінен айырылды. Сот оның басқа қылмыстарды ашуға тергеу орындарымен ынтымақтасқанын және жасының әлі 18-ге толмағанын ескеріп, жазаны барынша жеңіл берген. Соның өзінде «жеңіл ақша» табамын деген жігіт бес жыл өмірін қапаста өткізеді. Полиция қызметкерлері есірткіні түйіншекпен жасыруға жалданатындардың «жұмыс уақыты» көп болса үш айға созылатынын айтады. Содан кейін бәрібір қолға түседі.
Солтүстік Қазақстан облысы