Білім • 07 Маусым, 2024

Биылғы ҰБТ-да талапкерлер қай пәнді жақсы тапсырды?

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 7 маусымда Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) аралық нәтижелері туралы ақпарат ұсынды. Белгілі болғандай, талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнінен жақсы нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биылғы ҰБТ-да талапкерлер қай пәнді жақсы тапсырды?

Фото: ҰТО

Ведомствоның мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғалы бері 114 мың рет тестілеу тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, 110 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Сонымен қатар министрлік талапкерлердің 75 пайызы шекті балл жинағанын хабарлады. Ал орташа 68 балл болды. Ең жоғары балл – 138, оны Түркістан облысының оқушысы жинады.

Сондай-ақ мамандардың айтуынша, тестілеуден өткеннен кейін әрбір талапкер қандай тақырыптардан қате жібергендерін көріп, жеке тақырыптық талдау алады.

«Үш аптаның қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін үздік тапсырды, орта есеппен игеру 75%-ды құрайды. «Физиканы» тапсырған балалар нашар нәтиже көрсетті – сұрақтардың тек 36%-ына ғана дұрыс жауаптар берілді. Ең қиын тақырып «механикалық толқындар» болды», деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ҰБТ-2024 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің сынақ нәтижелері жойылады.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 24 мамырында смартфон мен басқа да тыйым салынған заттарды пайдаланған 32 талапкер тест тапсыру құқығынан айырылған еді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті