5 маусым күнгі дерекке жүгінсек, «Меркі ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» Сарықоба орманшылығындағы өрттің жайылу көлемі 1 750 гектарға жеткен. Тілсіз жаумен күресу үшін өңір басшысының орынбасары Қанатбек Мәдібек бастап, басқа да атқамінерлер қоштап, оқиға орнына жедел жеткен.
«Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ-ға қарасты Сарықоба орманшылығында құрғақ шөптер мен бұталар өртенді. Тілсіз жаумен күреске барлығы 244 адам және 50 техника тартылды. Оның ішінде жергілікті жерде орман шаруашылығы қызметкерлерінен 100 адам және 13 трактор, 2 автоцистерна, сондай-ақ 12 жеңіл автомобиль, «Қазавиақорғаудың» 1 тікұшағы және 6 қызметкері жұмыс істеді. Сондай-ақ ТЖД жеке құрамының 84 адамы мен 9 техникасы жұмылдырылды. Қосымша орман шаруашылығынан 31 адам, 6 жеңіл автокөлік, жергілікті атқарушы органдардан 26 адам, 10 техника оқиға орнына шықты.
«Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ Сарықоба орманшылығында 1 800 гектар аумақты қамтыған өрт 5 маусым күні таңертең оқшауланды. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», делінген жергілікті атқарушы билік келтірген ресми мәліметте.
Қалай десек те, жаздың алғашқы айын жамбылдық шенеуніктер тілсіз жаумен күресуден бастап отыр. Шіліңгір шілде айында ауа райы 40 градустан асып жығылатыны анық. Әрине, өрттің бетін аулақ қылсын, десе де жауапты мекемелер кез келген жағдайда тілсіз жаумен күреске сақадай сай дайын болғаны жөн.
Жамбыл облысы