Фото: stan.kz
Ілгерідегі деректе облыс жабайы қарасораның «тарихи отаны» секілді көрінетін. Өйткені мұндағы цифрға қарап, өңірде есірткіге қарсы күресте қандай жұмыстар атқарылып жатқанын бажайлау қиынға соғатын. Нақтырақ айтар болсақ, мұнда қаулап өскен қарасора алқабы 138 мың гектардан асып кеткен деген дерек жиі айтылатын. Жақында қайта нақтыланған зерделеу жұмыстары басқа цифрды көрсетті.
Полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзиннің тапсырмасына сәйкес Шудағы жабайы қарасора қанша жерді жаулап алғанын анықтау жұмыстары тыңғылықты жүргізілді.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, қарасора өсетін алқап екі есеге қысқарған. Бұл деректі «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ қызметкерлері аэрографиялық түсірілім кезінде ресми растады. Нақтырақ айтсақ, бастапқы көрсеткіш 62 гектарға азайған. Осы дерекке қарап-ақ өңірде кейінгі жылдары есірткімен күрес жұмысы жолға қойыла бастағанын аңғару қиын емес.
Жаңадан әзірленген картадағы мәліметке зер салсақ, қарасораны өсіру аумағы кейбір аймақта айтарлықтай азайғанына қарамастан, қайсыбір ауданның аумағында артып отыр.
«Полиция департаментінің қызметкерлері есірткіні жеткізу арналарын жою жұмыстарын атқарып жатыр. Жүйелі жұмыс арқылы ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге ден қойып отырмыз. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасады.
Енді полиция қызметкерлері жаңартылған деректермен жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Бұл, әрине, жұмысымыздың жеңілдеуіне септігін тигізетіні анық. Жаңартылған картада келтірілген деректерді негізге ала отырып, қарасора әзірлеушілерді анықтауда барлық бөлімшеде жұмысты жетілдіре түсуге мүмкіндік туып отыр. Бұл өз кезегінде жедел түрде қылмыстың жолын кесуге ықпал етеді», дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлім Бажықбаев.
Өңірдегі қарасора өсірілетін аумақты толық анықтау жұмысын жүргізу қажеттігі бірнеше жыл бұрын айтылған болатын. Полиция департаментінің басшылары бұл жұмысқа дер кезінде кіріскені көңіл қуантады. Жалпы алғанда, кейінгі бірнеше жылдың бедерінде есірткіні жеткізу арналарын жоюда өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.
Жамбыл облысы