Өндіріс • 12 Маусым, 2024

Көмір өндірісінде түйткіл көп: Сала мәселесін қалай шешеміз?

149 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміз энергия қуатының 70%-дан астамын көмірден өндіріп отыр. Экономиканың олқы түскен бір тұсын көтеріп тұрған да көмір. Дәл қазір бұл ресурсты барынша тиімді пайдаланудың жолын табуға тынымсыз талпына берген абзал дейді мамандар.

Көмір өндірісінде түйткіл көп: Сала мәселесін қалай шешеміз?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Көмір химиясы – келе­шегі бар сала. Көмірді экспорттап қана қой­май, одан сапасы жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға болады. Оны энергетикалық отын ретінде ғана емес, химия өнер­кәсібі үшін шикізат түрінде пайдаланудың да технологиясы бар. Көмірден 400-ден астам түрлі өнім алуға болады. Өңделіп, қайта өндірілген өнімдердің құны көмірдің өзінен 20–25 есе қымбат.

Көмірден жаңа өнім түрін өндіру жаңа жұмыс орындарын құруға, бюджетке салық тү­сім­дерінің түсуіне, жаңа өткі­зу нарықтарына шығуға, рес­публиканың экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Қазір елде шамамен 34 млрд тонна кө­мір қоры бар. Бұл көрсеткіш бо­йынша біз әлемдегі көшбасшы елдердің ондығына кіреміз. Кө­мір­­ді терең өңдеуді дамыту – көмір­тегі бейтараптығына, да­му­дың «жасыл» траекториясына бағыт­тау тұрғысынан ерекше өзекті.

«Astana Mining %& Metallurgy» халықаралық тау-кен металлургия конгресі шеңберінде өткен Көмір өнеркәсібінің V форумында көмір химия өнеркәсібінің дамуы, оның даму үрдістері мен келешегі туралы сөз болды. Алқалы жиында қатты отынды байыту мен қайта өңдеудің заманауи технологиялары, құны жоғары өнімдер мен көмірді таза және тиімді пайдаланудың өзге де жолдары қызу талқыланды. Сондай-ақ алғаш рет көмір химиясын дамыту жөніндегі ғы­лыми жетістіктер жұрт назарына ұсынылды. Көмір химиясы саласын дамытудағы шетелдік тәжірибе де таныстырылды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков саланы дамытудың маңызды мә­се­лелері мен келешегі туралы айтты.

«Көмір өнеркәсібі электр энергиясын өндірудің 70%-дан астамын, кокс-химия өндірі­сінің толық жүктемесін қамта­масыз етеді. Сондай-ақ коммунал­дық-тұрмыстық сектор мен ел хал­қының қажеттіліктерін қанағат­тандырып отыр. Ол – бүгінде ел­дің аса маңызды ресурстық сала­ларының бірі. Салада 32 мыңға жуық адам жұ­мыс істейді», дейді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі өндіру қуатының қарқынымен біздің ел 300 жыл бойы өзін көмірмен қамтамасыз ететін мүмкіндігі бар. Соның нәтижесінде еліміз көмір өндіру деңгейінен әлемдегі жетекші орындардың біріне тұ­рақ­тай алады. Алайда сала «жа­сыл» энергетикаға көшу, логис­тикалық проблемалар және әлем­дік нарықтағы бағаның құбы­луына байланысты бір­қатар қиын­дыққа тап болды.

«Бұл факторлар көмір өн­ді­ру көле­мінің төмендеуіне әкелді. 2023 жылы 113 млн тонна өнді­ріл­ді. Бұл бұрнағы жылмен салыс­тырғанда 1 млн тоннаға аз. Ал осы жылдың алғашқы төрт айын­да өндіру былтырғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда 2,7 млн тон­наға кеміді. Министр­лік осы тәуе­келдерді азайту мен көмір өнді­ру деңгейін сақтауға қатысты бел­сенді түрде жұмыс істеп жатыр», деді вице-министр.

Ол қазіргі мәселелерді шешуге көмектесетін үш негізгі бағыт­ты атап көрсетті.

Біріншіден, көмір өндірісін таза көмір технологияларын қол­дану арқылы сақтауға болады, бұл қазірдің өзінде бірқатар Еуропа және Азия елінде қол­данылады. Министрлік осы тех­­но­логияларды енгізу үшін энер­гия өндіруші компания­лар­мен және Энергетика ми­нистр­­лігімен, сондай-ақ шетел­дік серік­­тес­термен ынтымақ­тас­тық­­ты күшейтуге ниетті.

Екіншіден, көмір химиясын дамыту – көмір өндіруді сақтауға және ұлғайтуға ғана емес, өңдеу өнеркәсібінің өсу көзіне айналатын болашағы бар бағыт. Қазір еліміз көмір химиясын дамыту үшін Қытай капиталы мен технологиясын тартатын жұмыс жүр­гі­зіп жатыр.

Үшінші маңызды бағыт – логистиканы жақсарту. Шекара маңындағы елдерге байланыс­ты конвенциялық тыйымдар жағ­дайында біздің ел көмірді экспорт­тық жеткізудің едәуір бө­лігін жо­ғалтты. Министрлік осы мә­селе­лерді шешу үшін Көлік министрлігімен және шекаралас елдердің тиісті органдарымен жұмыс істеуге ниетті.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев көмірден жоғары технологиялық тауарлар өндіру үшін жаңа инвес­тициялық жобалар жасауға мүм­кін­дік бар екенін айтты. Сөйтіп, көмір химиясы саласы ел­­дегі хи­мия өнеркәсібінің жаңа өсу нүк­тесіне айнала алатынын және өң­деу секторының дамуына ық­пал ететінін алға тарт­ты.

«Кең ресурстық базамызбен, географиялық тиімді орна­ласуымыздың арқасында біз көмір химиясы саласының әлеуетін жоғары деңгейде іске асыруымыз керек. Жалпы алғанда, көмірді өңдеу арқылы 400-ден астам түрлі өнім алуға болады. Олардың құны көмірдің өзінен 20–25 есе қымбат. Ал көмірді терең өңдеу кезінде шикізатқа қарағанда бағасы 25–30 есе қымбаттайтын өнім алуға болады. Бұл өнімнің бағасы газ бен мұнайға қарағанда әлдеқайда төмен және тұрақты. Алдын ала есептеулер саладағы пайдаланылмаған әлеует 25 млрд долларды құрайтынын көрсетті», деді ұлттық ком­пания басшысы.

Саладағы маңызды мәселенің бірі – өндірілген өнімді тасымалдау ісі. Бұған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сы жа­уапты. Сондықтан  кө­мірді тасымалдауды қамта­ма­сыз ету үде­рісін сапалы бақы­лау үшін ҚТЖ күнделікті жос­пар­дың орында­­луын тиімді бақы­лауды қамтамасыз ететін, оған қоса көмірдің нақты тиел­уін қадағалауға және тал­дау­­ға мүм­кіндік беретін инте­рак­­тивті жүйе әзірлепті. Аны­ғында ҚТЖ жыл сайын мем­лекеттік орган өкілдерімен, жүк жөнел­тушілермен жазғы мау­сымда көмір тасымалдауды ұйым­­­дас­­­ты­руда дәс­түрлі кез­десу­лер өткі­зеді. Өткен мамыр айында көмір шахталарымен бір­қатар кездесу өткізіліп, онда тасымалдың бағыты және оның біркелкі болу мәселесін тал­қы­лаған.

Дүниежүзілік банк дерегіне сәйкес елде 46 трлн доллардан артық сомаға 5000-нан астам бар­лан­баған кен орны бар екен.

Биылғы төрт айда елімізде 36,2 млн тонна көмір өндіріліпті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 8,8%-ға аз. Бірінші тоқсанда елде көмір экспор­ты­ның жиынтық көлемі заттай түрде 6,5 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,2%-ға кем. Біздің көмірді негізгі тұтынушы елдер – Ресей (4,3 млн тонна), Латвия (847,1 мың тонна), Польша (407 мың тонна), Израиль (220,5 мың тонна), Өзбекстан (133,4 мың тонна) және Түркия (107,9 мың тонна). Келтірілген цифрлық дерек  биылғы үш айдағы көр­сеткіш екенін де айта кетейік.