Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, білікті азамат зор табыс әкелетін шаруашылықты тек баюдың көзіне айналдырмай, агрофирманың жоғары технологиясын одан әрі дамытып, облыстағы ең өнімді, жоғары дамыған шаруашылық қалыптастырып жатыр.
«Атасы жақсы қандайды...» демекші, үлкен Геннадий марқұмның немересі, екінші Геннадийдің ұлы Иван да әкесінің байлығын шашып, әлем кезіп қыдырып кетпей, институт бітірген соң, шаруашылыққа оралып, қазір бас инженер болып жүр.
Жерді күтудің, тыңайтудың не түрлі озық әдісін, тұқымды, өскінді баптай білудің үздік тәсілдерін игерген бұл фирма кем дегенде гектарынан 25 центнерден астық алып келеді. Күздің қара жаңбырында дымданған астықты барынша құрғата алатын, қуаты зор кептіргіш агрегаттары да бар. Астықты ешқайда тасымай, өздері тұрғызып алған 320 мың тонналық мини элеваторларда сақтайды. Бидайды жеке диірменде ұшырып, әбден тазалайды. Нанды да наубайханаларында пісіріп, толып жатқан азық-түлік дүкендерінің жүйесі арқылы сатып отырады. Картоптың да жоғары сұрпын өсіріп, оны ең озық голланд технологиясымен өңдеп, гектарынан жыл сайын 300 центнерден өнім алып келеді. Сонымен қатар рапс, пияз, қызылша, сәбіз де өсіреді.
Шаруашылықтың екінші қыры сүтті сиыр өсіруге бағытталған. Бұл істе де коммандиттік серіктестік – облыстағы ең озық шаруашылық. Мұнда осы заманғы жоғары технологиялы сүт кешені салынған. Мың сиырға арналған екі фермадағы сүт сауу «Карусель» атты блокпен іске асырылады. Асыл тұқымды сиырдың бәрі де жылына 6–8 мың литр сүт береді. Шаруашылықтың өз сүт зауытында сүттің 40 түрі шығарылады. Барлық өнімнің сапасын бір сәтте кемітпей, Петропавл, Көкшетау, Астанадағы дүкендерге уақтылы жеткізіп отырады. Тұтынушылар «Зенченко и К» белгісі көрсетілген өнімді жапа-тармағай алып жатады. Халық бұл фирма өнімдерінің барынша сапалы, қоспасы аз болатынына әбден көз жеткізген.
Шаруашылық кейінгі уақытта Германия мамандарының жобасымен барлық жұмыс үдерісі автоматтандырылған сүт зауытын да салды. Шаруақор басшылар электр қуатын үнемдеу үшін 2012 жылдан бері электрді желден өндіретін құрылғылар да орнатып алған. Сондықтан фирма электр қуатын артық төлейміз деп алаңдамайды.
Жуырда шаруашылыққа облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы барып, халықпен жүздесті. Әкім алдымен атағы аспанға шыққан шаруашылықтың әлеуметтік нысандарын аралады. Қазіргі уақытта «Зенченко и К» құны 120 млн теңге болатын, футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын арнайы алаңдары бар спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын тамыз айында аяқтау жоспарланған. Новоникольск ауылдық округінің әкімі Елена Захарова облыс әкіміне спорттық алаңды таныстырып, оның аумағында жастар ғана емес, барлық тұрғын сейіл құрып, демалып жүруіне жағдай жасалатынын айтты.
Әкім танысқан екінші әлеуметтік нысан – сырты әсем безендірілген балабақша. Мұнда қазір 96 бөбек тәрбиеленеді. 27 адам қызмет істейді. Балабақша жанындағы мектеп үйі де жұтынып тұр. Оны жөндеп, жаңғыртуға шаруашылық 280 млн теңге бөлген. Төменгі сыныптардағы 360 оқушы шаруашылық есебінен тегін тамақтанатын көрінеді. Бұған фирма жыл сайын 27 млн теңге бөліп отыр.
«Балабақша мен мектеп жарқырап тұр. Әрбір сынып бөлмесі жоғары талаппен жабдықталған. Қала мектептерінің кейбірінде мұндай жоқ», деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар өңір басшысы жұмысшыларға арналған тұрғын үйлерді, әлеуметтік және спорт нысандарын аралады.
Ауыл орталығындағы жаңадан салынған «Наш» дүкенінде негізінен шаруашылықта өндірілетін ет, сүт, нан өнімдері тұр. Одан кейін облыс әкімі бастаған топтың сапары шаруашылықтың көкөніс сақтау қоймасы мен элеваторға жалғасты. Ал компанияның жаңадан салынып жатқан сүт фермасына келгенде сенсациялық жаңалық күтіп тұр екен. Шаруашылықтың бас директоры Геннадий Зенченко жаңадан тұрғызылып жатқан сүт кешені Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы алпауыт кәсіпорын екенін айтты. 9 млрд теңгеге салынып жатқан кешенде бір мезгілде 8 мың тұяқ сиыр күтіледі. 7 кешеннен тұратын, әрқайсысында 1,3 мың тұяққа дейін күтілетін ферма 2025 жылы пайдалануға берілмек.
«Бұл орталықта роторлы сүт сауу аппараты орнатылады. Ол бір сағатта 700 сиырды сауып үлгереді. Бұл біздің уақыт үнемдеуіміз үшін өте пайдалы», дейді Геннадий Геннадиевич.
Солтүстік Қазақстан облысы