Жарыстың алғашқы күні мергендер «Азия» стилі бойынша сынға түсті. Бұл сайыстың ерекшелігі – арақашықтығы 30 метр болатын шаршы пішінді төрт бұрыш үш нысана қойылады. Оның біріншісінің беті батысқа қарай бұрып орналастырылса, ортаңғы нысана тіке қарап тұрады. Үшінші нысана әдеттегіндей бірінші нысанаға қарсы бетін шығысқа бұрып тұрады. Әрбір нысанаға оқтың дарығанына қатысты ұпай берілетін өлшемдері бар. Бұл стиль бойынша маңғыстаулық мерген Ораз Айбек жеңімпаз атанып, алтын медаль иегері атанса, екінші және үшінші орындарды қызылордалық Маханбет Нұрман мен қарағандылық мерген Оралхан Нұрасыл бөлісті.
Ал сайыстың келесі түрі «Түрік» стилі сарапқа салынды. Бұл стилдің ерекшелігі – мергендер бір-біріне ұқсамайтын екі нысанаға кезек-кезек оқ жіберіп мықтыны анықтады. Әуелгі нысана «қиғаш ату» деп аталса, келесісі «қабақ ату» деген мәнге ие екен. Бұл стильдің бас мергені ретінде алматылық өрен Сәрсенбай Ерғазы танылса, екінші орын жамбылдық жас Бабажан Берікболсынға бұйырды. Үшінші жүлдеге қарағандылық Оралхан Нұрасыл ие болды.
Чемпионаттың үшінші кезеңінде мергендер «Мажар» стилі бойынша сайысты. Бұның ерекшелігі – бір-біріне іргесі жапсарлас диаметрі 90 см болатын үш нысана қатар қойылып, мергендер оны атпен шауып келе жатып атады. Қанша оқ жұмсайсыз оған шектеу жоқ. Тек оқ жіберуге арналған 100 метрлік қашықтан шықпау керек. Бұл сайысқа қатысқан 32 мергеннің ішінен түркістандық Лесбек Ғұмыр алтын медальді жеңіп алса, қызылордалық Асхан Заңғар күміс, маңғыстаулық Әділгерей Айдар қола медаль иегері атанды.
Жарыстың қорытынды кезеңінде өзіміздің «Жамбы ату» стилі сарапқа салынды. Бұл стильдің ерекшелегі – биіктігі жылқының бойына шақ келетін арасы 10 метр үш бағана орнатылып, оның басына үш түрлі (алтын, күміс, қола) жамбы-нысана ілініп қойылды. Мергендер осы үш нысанды атып сайысады. Бұл стиль бойынша түркістандық мерген Лесбек Ғұмыр жеңімпаз атанса, екінші орын тағы бір түркістандық спортшы Советхан Рауанға, үшінші орын ақмолалық Байзұлла Ерасланға бұйырды.